16 қыркүйек. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 16 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

туған күн
Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

57 жыл бұрын (1968) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Серік Сәрсенұлы ЕРУБАЕВ дүниеге келді.

Серік Сәрсенұлы ЕРУБАЕВ
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Атырау облысы Атырау (Гурьев) қаласында туған. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 1991 жылы Қазақстан жүргізушілер одағының Гурьев облыстық кеңесінде жүргізушілерді оқыту жөніндегі шебері ретінде бастаған. 1993-2006 жылдары «Атырау Констракшн Сервисез Лтд» ЖШС-нің Бас директоры, 2006-2008 жылдары Атырау қалалық мәслихатының III және IV шақырылымдарының хатшысы, 2008-2021 жылдары «Атырау Констракшн Сервисез ЛТД» ЖШС Бас директоры қызметін атқарған. 2021-2023 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі қызметінде болды.

Қазіргі қызметін 2024 жылдың қазан айынан бері атқарып келеді.

«10 жыл Астана» (2008ж.), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне — 25 жыл» (2019ж.), Қазақстан Республикасының жергілікті өзін-өзі басқарудың дамуы мен қалыптасуына қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» (2015ж.), «Әскери-теңіз флотының ардагері» Мәскеу, Тынық мұхит флоты (2016ж.), «Атырау облысы мәслихаттарына 25 жыл» (2020ж.) мерейтойлық медальдармен марапатталған.

52 жыл бұрын (1973) қазақстандық танымал велошабандоз, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Азия чемпионы, 2012 жылғы Лондон олимпиадасының чемпионы, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, «Тур де Франс» әлемдік веложарысының қола жүлдегері, әлем чемпионы, Испаниядағы «Вуэльта» көпкүндігінің жеңімпазы Александр Николаевич ВИНОКУРОВ дүниеге келді.

Александр Николаевич ВИНОКУРОВ
Фото: olympic.kz

Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген. Кәсіби веложарыспен айналысуды 1997 жылы «Казино» командасы құрамында бастады. Оның алғашқы жетістіктерінің бірі 1998-1999 жылдардағы «Дюнкерк төрт күні» және «Dauphiné Libéré» көпкүндік жарыстағы жеңісі болды. Бұл жетістіктері спортшының 2000 жылы күшті және әйгілі «Deutsche Telekom» (2004 жылдан «T-Mobile») велотобына енуіне әсер етті. 2006 жылы Винокуров Испания командасының капитаны ретінде «Тур де Франц» көпкүндігіне қатысты. 2006 жылдан қазірге дейін ҚР «Астана» командасының құрамында. Командалық жарыста Азия ойындарының чемионы (1994), Топтық жарыста олимпиадалық ойындардың күміс жүлдегері (2000), «Париж-Ницца» көпкүндік веложарысының жеңімпазы (2002-2003), «Тур де Франс» кезеңдерінің (2002-2003), «Amstel Gold Race» Әлем кубогы кезеңінің (2003), «Швейцария турының» (2003), беделді біркүндік «Льеж-Бостон-Льеж» веложарысының (2005,2010) жеңімпазы, жекелей жарыста әлем чемпионатының қола жүлдегері (2004, 2006). «Тур Байери» көпкүндік жарысына қатысушы (2005) — 2-орын, «Тур де Франс» көпкүндік веложарысының қола жүлдегері (2003, 5-орын — 2005), «Тур Германии» (2003) — 3-орын, көпкүндік веложарыстарының қола жүлдегері. Алтантадағы (1996), Сиднейдегі (2000) — 2-орын, Афинадағы (2004) — 5-орын, Олипиадалық ойындарға қатысушы. ҚР ұлттық чемпионатының көптеген дүркін жеңімпазы. Азия чемпионатының жеке және топтық жарыстарындағы жеңімпаз, күміс жүлдегер (2009), Vuelta a Espana веложарысының басты есебінде жеңімпаз (2006), «Льеж-Бостон-Льеж» командалық бір күндік жарысында жеңімпаз (2010), «Тур дель Третино»жарысының жеңімпазы (2010!), «Тур де Франс» 13-кезеңінің жеңімпазы (2010).

«Парасат», ІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған.

48 жыл бұрын (1977) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Казимирович МИЛЮК дүниеге келді.

Алексей Казимирович МИЛЮК
Фото: Gov.kz

2000 жылы Есіл аграрлық-техникалық институтын, 2003 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін бітірген.

Ішкі істер органдарында 2001 жылғы қаңтардан бастап қызмет атқарып келеді, оның ішінде 2003 жылдан бастап Ақмола облысы полиция департаментінде және Әкімшілік полиция комитетінде басшылық лауазымдарда жұмыс істеген.

2011-2022 жылдары Әкімшілік полиция комитетінде бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, басқарма бастығы, Штаб бастығының орынбасары, Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. 2022-2025 жылдары Қостанай облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары лауазымында болған.

Қазіргі қызметін 2025 жылғы мамыр айынан бастап атқарып келеді.

43 жыл бұрын (1982) ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Тұрсынұлы АБДУЛЛИН дүниеге келген.

Төлеген Тұрсынұлы АБДУЛЛИН
Фото: primeminister.kz

Павлодар қаласында туған. Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін, «Қаржы академиясы» АҚ тәмамдаған.

Еңбек жолын 2004 жылы «Қазақавтожол» РМК Павлодар облыстық филиалының ДЭУ-62 автожол көпірінің шебері лауазымынан бастады. 2005-2011 жылдары «Қазақавтожол» РМК Павлодар филиалында түрлі лауазымдарды атқарған. 2011-2014 жылдары «Қазақавтожол» РМК Мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы, Ақмола облыстық филиалының директоры, 2014-2019 жылдары Астана қаласында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басшылық қызметтерін атқарды. 2019 жылы Көкшетау қаласы, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Ақмола облыстық филиалы директорының м. а., директоры, 2019-2023 жылдары ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы орынбасарының м. а., орынбасары болды.

2023 жылдың қараша айынан бастап қазіргі қызметінде.

40 жыл бұрын (1985) «Атырау облысы Су Арнасы» КМК басшысы Мейірім Жоламанұлы ҚАЛАУИ дүниеге келді.

 Мейірім Жоламанұлы ҚАЛАУИ
Фото: "Атырау облысы Су Арнасы" КМК

Атырау облысында туған. 2006 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін, 2010 жылы Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей мемлекеттік басқару академиясын бітірген.

Еңбек жолы: 2006-2007 жылдары «Атырау-Ақпарат» МКҚК төрағасының көмекшісі, 2007-2010 жылдары «Тұран» республикалық газеті» ЖШС директоры, 2010-2011 жылдары «Қазақстан» РТРК АҚ Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары — бас редакторы, 2011-2012 жылдары «Атырау-Ақпарат» МКҚК төрағасы, 2012-2016 жылдары Атырау облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы, 2016 жылы Атырау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, 2016-2019 жылдары Атырау қаласы әкімінің орынбасары, 2019-2021 жылдары Атырау облысы Индер ауданының әкімі қызметін атқарған. 2021-2022 жылдары «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, 2022-2023 жылдары Атырау қаласының әкімі лауазымын атқарды.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың қараша айына кірісті.

«Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл» медалімен марапатталған (2012).

Соңғы жаңалықтар