16 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Оқырман назарына 16 маусымға арналған атаулы күндер, есте қалар оқиғалар күнтізбесі ұсынылады.
None

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық отбасылық ақша аударымы күні

БҰҰ халықаралық атаулы күндер жүйесіне енгізілген. Негізгі мақсаты -отбасын асырап, шетелде жұмыс істеп жүрген мигранттардың экономиканы дамытуға қосатын үлесіне назар аударту.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1993 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының делегациясын қабылдады. Келіссөздер барысында Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдігін ашу туралы уағдаластық жасалды.

1993 жылы Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігі жанынан Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты құрылды. Аталған институтқа Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшылық етеді.

2000 жылы Астанаға «Қалалар - бейбітшілік үшін» ЮНЕСКО сыйлығының сертификаты табыс етілді.

2011 жылы Ұлттық медициналық холдинг Назарбаев Университетінің құрамына кірді.

2011 жылы Беларусь ұлттық кітапханасында беларусь тілінде шыққан қазақтың ұлы ақыны Абайдың «Кең дала» атты кітабы таныстырылды. Абай өлеңдерін беларусь тіліне аударған автор - БР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Полымя» журналының бас редакторы Микола Метлицкий.

2011 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде алғаш рет жаппай қырып-жою қаруы қолданылған Бельгияның Ипр қаласында ядролық сынақ құрбандарына арналған қазақстандық ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

2016 жылы аты аңызға айналған «Л» сериялы паровоз Сарыөзек стансасының вокзал маңы алаңына орнатылды. Паровоз белгілі конструктор Лев Лебедянскийдің басшылығымен Коломенск зауытында екінші дүниежүзілік соғыстың аяғында шығарылды. Өткен ғасырдың ортасында «Лебедянка» бұрынғы Одақтың темір жолдарында жиі пайдаланылған. Алматы-Сарыөзек-Үштөбе учаскесінде 50-ге жуық паровоз жүріп-тұрған.

2017 жылы ҚР Ұлттық музейінде «Бейбарыс сұлтан және оның дәуірі» көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Көрмеге Бейбарыс сұлтанның өмірі мен ел билеу тарихын баяндайтын Ислам өнері музейі (Каир қ., Мысыр) жинағынан 22 жәдігер қойылды.

2017 жылы «Польша поштасы» АҚ «Астана EXPO 2017 халықаралық көрмесі» сериялы пошта маркасын айналымға шығарды.

2017 жылы Нұр-Сұлтанда Халықаралық түркі академиясы белгілі түрколог, көне және заманауи түркі тілдерінің зерттеушісі Эмир Наджиптің «XIV ғасырдағы түркі тілдерінің тарихи-салыстырмалы сөздігі» атты көптомдық еңбегін таныстырды. Ол Құтбтың «Хұсрау мен Шырын» шығармасының негізінде жазылған. Аталмыш еңбек - әлемдік түркология үшін маңызы зор алғашқы толық басылым.

2017 жылы ТМД-да алғаш рет Павлодарда үш күндік «мейкатон» марафоны өтті. Онда өнертапқыштар мүмкіндігі шектеулі жандардың өміріне қажетті құрылғыларды ойлап табумен және оны құрастырумен айналысты.

2019 жылы қазақстандық шахматшы Динара Сәдуақасова Қытайдың Синтай қаласында өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанды. Динара әлемнің 15 елінен келген 36 қарсыласын жеңіп, 9 ұпайдан 7,5 ұпай жинаған.

2022 жылы ширек ғасырдан кейін облыс мәртебесін қайта алған Ұлытау өңірінде Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы өтті. Аталған іс-шараға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

2022 жылы ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасы халықаралық үйлестіру кеңесінің (ХҒС МАБ) 34-ші сессиясында «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығын ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттарының жаһандық желісіне қосу туралы шешім қабылданды.


Соңғы жаңалықтар