16 наурыз. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 16 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Pixabay.com

ЕСІМДЕР

67 жыл бұрын (1958) Қостанай облыстық мәслихатының төрағасы Сайлаубек Ерғазыұлы ЕЩАНОВ дүниеге келді.

Сайлаубек Ерғазыұлы ЕЩАНОВ
Фото: Gov.kz

Қостанай облысы Науырзым ауданы Дәмді ауылында туған. 1976 жылы Дәмді орта мектебін бітіріп, Қостанай педагогикалық институтының физика-техникалық факультетіне түсіп, 1981 жылы бітірді.

Еңбек жолы: 1981-1992 жылдары Дәмді, Мичурин, Докучаев орта мектептерінде мұғалім болып жұмыс істеді. 1992-1993 жылдары Науырзым аудандық білім бөлімінің еңбек инспекторы, 1993-1994 жылдары Науырзым коммуналдық кәсіпорындар комбинатының инженер-экспедиторы, 1994-1999 жылдары «Биотехнология» фирмасының менеджері, 1999-2001 жылдары ҚР Бас прокуратурасының «Ақпарат» РМК БПД директоры болды. 2001-2012 жылдары «Сосновый бор» шипажайы» ААҚ бас директоры қызметін атқарған. 2012 жылы Алтынсарин ауданынан облыстық мәслихаттың депутаты, 2012 жылы Қостанай облыстық мәслихатының хатшысы, 2016 жылы облыстық мәслихат депутаты, 2016-2023 жылдары Қостанай облыстық мәслихатының хатшысы лауазымын атқарды.

Қазіргі қызметінде 2023 жылдың наурызынан бері.

«Құрмет» орденімен (2009); «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2004) марапатталған.

46 жыл бұрын (1980)Қазақстан Республикасының Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сергей Александрович ВИКТОРОВ дүниеге келді.

Сергей Александрович ВИКТОРОВ
Фото: Pro Kadry KZ

Алматыда туған. 2001 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің Халықаралық қатынастар факультетін, 2002 жылы сол университетте магистратураны бітірген. 2016 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің дайындық курстарын, 2017 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелерін оқыту курстарын өтті.

Еңбек жолы: 1999-2002 жылдары ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінде әртүрлі лауазымдарда қызмет етті. 2003-2007 жылдары Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас консулдығының вице-консулы, консулы, 2007-2012 жылдары Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінің Бірінші хатшысы, 2012-2013 жылдары ҚР СІМ Көпжақты ынтымақтастық департаментінің кеңесшісі, 2013-2017 жылдары Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі жанындағы Қазақстан делегациясының мүшесі, 2017-2019 жылдары ҚР СІМ Біріккен Ұлттар Ұйымы басқармасының басшысы, 2019-2022 жылдары Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінің кеңесшісі, 2022-2024 жылдары Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары, 2024-2025 жылдары ҚР СІМӨ Алматы қаласындағы басшысының орынбасары қызметін атқарған.

Қазіргі лауазымын 2025 жылдың сәуірінен бері атқарып келеді.

36 жыл бұрын (1990) Солтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының басшысы Владислав Геннадьевич ЛУКИН дүниеге келді.

Владислав Геннадьевич ЛУКИН
Фото: Gov.kz

Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласында туған. 2012 жылы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ «құрылыс» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 2012-2014 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы құрылыс басқармасы сумен жабдықтау бөлімінің бас маманы, 2014-2016 жылдары облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы, 2016-2020 жылдары Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары, 2020 жылы Петропавл қаласы әкімінің құрылыс және пайдалану мәселелері жөніндегі орынбасары, 2020-2023 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының әкімі, 2023-2024 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.

2024 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі қызметінде.

152 жыл бұрын (1874-1938) ағартушы-педагог, Алаш қозғалысының мүшесі Төлеген ИМАНҒАЗИЕВ дүниеге келген.

Төлеген ИМАНҒАЗИЕВ
Фото: Wikipedia

Батыс Қазақстан облысында туған. 1887-1890 жылдары Гурьев уезіне қарасты 2 кластық болыстық мектебін, Орал қалалық орыс-қазақ училищесін бітірген. 1890-1894 жылдары Орынбор орыс-қазақ мектептері мұғалімдері мектебін алтын медальмен тәмамдаған.

1917-1918 жылдары Ақпан төңкерісінен соң жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін құру, земстволық оқу-ағарту ісін жолға қою ісіне белсене араласып, Батыс Алашорда оқу-білім комитетіне мүше болды. 1918-1929 жылдары Қаратөбеде өткен ІІІ Орал болыстық қазақ съезінің делегаты, Алаш милициясының Ойылдағы мектебінде мұғалім қызметтерін атқарды. 1929-1938 жылдары Жақсыбай орталау мектебінде жағрафия, орыс тілі және еңбекке баулу пәндерінен сабақ берді. 1937 жылы бұрын болыс болып, Батыс Алашорда қызметіне қатысқаны үшін, «діни қайраткерлер Қ.Қуанышқалиев, Х.Нұрмұхамедовпен байланыс жасады, панисламизмді насихаттаушы, белсенді Алашордашыл» деген айыппен тұтқынға алынды. 1938 жылы атылып, 1991 жылы ақталды.

88 жыл бұрын (1938-2012) физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Мейірхан Мүбәрәкұлы ӘБДІЛДИН дүниеге келген.

Мейірхан Мүбәрәкұлы ӘБДІЛДИН
Фото: kaznu.kz

Ресей Федерациясының Алтай өлкесінде туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Ленинград мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген. 1966-1970 жылдары Қазақстан Ғылым академиясы Астрофизика институтының кіші, аға ғылыми қызметкері. 1970 жылдан Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры, университет ректоры болған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері салыстырмалық және гравитациялық теорияның күрделі мәселелерін шешуге арналған. Эйнштейннің жалпы салыстырмалық теориясындағы денелер қозғалысы проблемасын зерттеген, денелердің ілгерілемелі және айналмалы қозғалысының релятивистік теңдеулерін негіздеген. Эйнштейннің гравитация теориясы механикасының мәселелерін зерттеудің жаңа әдістерін дамытып, жалпы салыстырмалық теориясы негізінде денелер қозғалысының адиабаттық теориясын жетілдірген. Дененің меншікті айналысы жөніндегі мәселелерді зерттеуде гидродинамикалық аналогияны қолдану идеясын ұсынған.

87 жыл бұрын (1939-2004) жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қалдарбек НАЙМАНБАЕВ дүниеге келген.

 Қалдарбек НАЙМАНБАЕВ
Фото: adebiportal.kz

Қазіргі Түркістан облысының Мақтаарал ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

1960-1970 жылдары қазіргі «Жас Алаш» газетінің редакциясында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. 1970-1976 жылдары «Білім және еңбек» (қазіргі «Зерде») журналының бас редакторы. 1976-1984 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы. 1986-1987 жылдары Республикалық авторлар құқығын қорғау агенттігінің директоры. 1987-1988 жылдары «Ара-Шмель» журналының бас редакторы. 1988-1991 жылдары «Жазушы» баспасының директоры. 1991-1996 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. 1992 жылдан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқасы төрағасының бірінші орынбасары болған. Ол Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары ретінде шетелдегі қазақтардың тыныс-тіршілігіне қатысты проблемаларды республиканың басшы билік органдарына жеткізіп, олардың ойдағыдай шешілуіне атсалысты. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Қаламгердің «Даңқ тұғырында», «Қоштасқым келмейді», «Бастау», «Сол бір түн», «Үміт өткелі», «Беймаза қонақ», «Аптап», «Шілде», «Көктөбе», тағы басқа кітаптары жарық көрген.

77 жыл бұрын (1949-2003) физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шалтай СМАҒҰЛОВ дүниеге келген.

Шалтай СМАҒҰЛОВ
Фото: facebook.com/ualikhanovkitaphana

Алматы облысының Балқаш ауданында туған. Новосібір мемлекеттік университетін, КСРО ҒА Теориялық және қолданбалы механика институтының аспирантурасын бітірген.

1972-1984 жылдары Ресейдің жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу мекемелерінде қызмет істеген. Осы кезеңде ол академик Н.Яненконың жетекшілігімен әлемдік математика ғылымында әлі шешімін таппаған күрделі мәселе — Навье-Стокс проблемасын зерттеуді бастады. Осы проблеманы теориялық және қолданбалы тұрғыдан зерттеу әдісін дәлелдеп, ұсынды. Бұл әлемдік математика ғылымына «Смағұлов теоремасы» деген атпен үлкен жаңалық ретінде енді. 1984 жылы арнайы шақыртумен Қазақ мемлекеттік университетінің математика факультетіне жұмысқа ауысқан ғалым 1996-2001 жылдары Қазақстан Республикасы Механика және математика ғылыми-зерттеу институтының директоры, 2001-2003 жылдары Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетінің деканы болды.

Смағұлов есептеу математикасы, математикалық модельдеу, математиканың физикадағы теңдеу теориясы мәселелерін зерттеп, осы ғылым салалары бойынша қазақстандық ғалымдар мектебін қалыптастырды. Ғылымның көкейтесті мәселелеріне арналған 120-дан аса ғылыми еңбегі, соның ішінде 8 монографиясы жарияланды. «Ресейдің еңбек сіңірген инженері». Сондай-ақ «Вычислительные технологии», «Математический журнал», т. б. арнаулы ғылыми басылымдардың алқа мүшесі-кеңесшісі болып, бірнеше халықаралық конференцияларда баяндама жасады. 2004 жылы Алматы облыстық мектеп-интернатқа Смағұловтың есімі берілді.

Соңғы жаңалықтар