16 НАУРЫЗ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 16 наурызға арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

16 НАУРЫЗ, ЖЕКСЕНБІ

Республикалық Ұланның құрылған күні (1992). 1992 жылғы наурыздың 16-ында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Алматы облысы Қаскелең ауданының Красный Восток кентінде орналасқан Ішкі әскерлердің шұғыл мақсаттағы жеке бригадасы негізінде Қазақстан Республикасының Республикалық Ұланы құрылды. Республикалық Ұланға Республиканың мемлекеттік билік және басқармалардың жоғарғы органдарын, Президенттің, Парламент пен Үкімет басшыларының көлік құралдарын Республика аумағында және сырт жерлерде күзету, ҚР Мемлекеттік туы мен Мемлекеттік елтаңбасының эталондарын күзету, шетел мемлекеттері басшыларын күтіп алу, шығарып салу кезінде, ҚР мейрамдары мен салтанаттарында жоралғылық рәсімдерді орындау, мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздікке әсер ететін құқық тәртібін бұзушыларды тоқтату, ҚР аумағындағы конституцияға қарсы сипаттағы қарулы және басқа да әрекеттерді тоқтату, ҚР заңдарында көзделген тәртіпте төтенше жағдай режімі кезінде іс-шаралар жүзеге асыру міндеттелген. Сонымен қатар гвардия Елбасы және басқа да күзетілетін тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін аса маңызды нысандарды, ғимараттар мен қызметтік үй-жайларды күзетеді.

Күрд халқының ұлттық аза тұту күні. 1988 жылы ирак әскерлері күрдтердің Халабаджа қаласына химиялық қару тастады. Жауыздық салдарынан 15 мың бейбіт тұрғын қаза тапты.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

82 жыл бұрын (1932) Б.Майлиннің «Келін мен шешей», К.Қырқымбаевтың «Келіншек» атты комедияларымен Жамбыл аудандық театры өз шымылдығын ашты. Театрдың алғашқы труппасы құрамында С.Атамқұлов, Ж.Абызбаев, С.Абызбаева, Ш.Сәкиев, М.Табанов, т.б. актерлер өнер көрсетті, ал режиссерлік жұмысты Р.Әбдірахманов, Ж.Арғынбаев атқарды. Аудандық театр 1940 жылы облыстық қазақ драма театры болып құрылды. 1945 жылы Абай есімі берілді. Театр сахнасында қазақ драматургтерімен қатар шет ел драматургтерінің туындылары бойынша спектакльдер қойылып келеді.

16 жыл бұрын (1998) Ы.Алтынсарин атындағы Білім проблемалары ғылыми-зерттеу институтының атауы Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясы болып өзгерді.

70 жыл бұрын (1944) әкімшілік орталығы Көкшетау қаласы болған Көкшетау облысы құрылды. Облыс республикадағы астықты өңірдің бірі болды. Оның аумағы батыстан шығысқа 600 шақырымға жуық, солтүстіктен оңтүстікке 200 шақырымнан астам жерді алып жатты. Облыс 1997 жылы мамырдың 3-інде Солтүстік Қазақстан облысына қосылуына байланысты таратылды. 1999 жылы оның үш ауданы және Көкшетау қаласы Ақмола облысының құрамына енді.

70 жыл бұрын (1944) әкімшілік орталығы Талдықорған қаласы болған Талдықорған облысы құрылды. Облыс 1997 жылы Алматы облысына қосылуына байланысты таратылды.

9 жыл бұрын (2005) Алматыда, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тарих факультетінде танымал ғалым-педагог Жанұзақ Қасымбаев атындағы аудитория ашылды.

Жанұзақ Қасымбаев (1941-2004) - тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының халыққа білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы халыққа білім беру ісінің еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының академигі, Қырғызстан Тарихшылар қауымдастығының құрметті мүшесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылымдар Академиясының «Парасат» орденімен және Құрмет грамотасымен марапатталған. 1981 жылдан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Қазақстан тарихы кафедрасын басқарды. Осы университетте 40 жылдан аса қызмет етті. Негізгі ғылыми зерттеу жұмыстарының бағыты - Ресейге қосылған Қазақстан өлкелері, XVIII ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыстар, көшпендi және отырықшы тұрғындардың Орталық Азия елдерімен қарым-қатынастары, халықаралық саяси және сауда-саттық байланысы, XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың бiрiншi жартысындағы қазақ хандарының өмiрі мен қызметтерi.

9 жыл бұрын (2005) Оралда Плясунков көшесіндегі танымал журналист, республикамыздың еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Наурызғали Сыдықовтың тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.

Наурызғали Сыдықов (1928-1998) қазіргі Бөкей орда ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1944 жылы орта мектептің мұғалімі болып бастады. Орал Педагогикалық институтын бітірген соң, партияның облыстық комитетінде жауапты орындарында қызмет істеді. 1964-1988 жылдары облыстық телерадиокомитетті басқарды және оның табысты дамуы мен қалыптасуына өзінің үлесін қосты. «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.

5 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктерінің жоғарғы наградасы - Заид орденімен марапатталды.

Заид ордені Біріккен Араб Әмірліктерінің негізін қалаған шейх Заид бен Сұлтан әл-Нахайянның құрметіне бекітілген марапат. Ол екi жақты қатынастардың дамыуына ерекше үлес қосқан шет мемлекеттерiнің басшыларына табыс етіледі.

5 жыл бұрын (2009) Алматыда «Алаш Орда» деректі фильмінің таныстырылымы болды.

Фильмнің режиссері - қазақстандық танымал киноматографист Қалила Омаров. Фильм Қазақстан Республикасының ақпарат және мәдениет министрлігінің тапсырмасымен «Алаш» қозғалысының 90 жылдығына арналып түсірілген. 52 минуттық фильмнің сценарийін жазған Болат Мүрсәлім, композиторы Ақан Мұсақұлов.

4 жыл бұрын (2010) Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстанның мемлекеттік ақпараттық саясаты: болашаққа көзқарас» атты әдістемелік оқу құралының тұсау кесері өтті.

Қазақстандағы ақпарат саясаты тақырыбында ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің ұстаздары Астана, Алматы, Талдықорған, Өскемен, Орал қалаларындағы БАҚ өкілдері, журналистика факультетінің студенттеріне шеберлік сыныптарын өткізген. Сонымен қатар аймақтардағы ақпараттық саясат туралы зерттеу жүргізген. Бүгін тұсауы кесілген кітап осы шаралардың қорытындысы бойынша жарық көріп отыр. Кітапта ақпараттық кеңістік туралы зерттеу жұмыстары, аймақтарда өткізілген шеберлік сыныптары туралы материалдар, БАҚ өкілдері арасында жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижелері берілген.

4 жыл бұрын (2010) Шәкен Айманов атындағы «Казақфильм» АҚ-ы, «Интерфест» компаниясымен бірігіп, «Махаббат тәлкегі» атты романтикалық комедияны прокатқа жібереді. Фильмнің премьерасы бір уақытта төрт елде - Қазақстанда, Ресей мен Украинада және Беларуста көрсетілді.

Көркем фильмнің режиссеры ресейлік Александр Черняев және қазақстандық режиссер Ержан Рүстембеков. Кино туынды Данияр Күмісбаев, Ержан Рүстембеков және Владимир Забалуевтың сценарийі бойынша түсірілді. Фильмнің музыкасын жазған ресейлік әнші, әрі композитор Аркадий Укупник. Фильмге «Күндізгі шолғыншы», «Тоғызыншы рота», «Үлкен қаладағы махаббат» атты фильмдерде ойнаған әртіс Алексей Чадов, «Рэкетир», «Махамбет қылышы» туындыларына түскен Әсел Сағатова, сонымен қатар, Ирина Розанова, Ерік Жолжақсынов, Фархат Әбдірайымов, Ольга Орлова, Наталья Рудова, Марина Черняева, Гоша Куценко, Артур Смолянинов сынды актерлар түскен.

ЕСІМДЕР

76 жыл бұрын (1938-2012) физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі ӘБДІЛДИН Мейірхан Мүбәрәкұлы дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Алтай өлкесінде туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Ленинград мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген. 1966-1970 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы Астрофизика институтының кіші, аға ғылыми қызметкері. 1970 жылдан Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры, университет ректоры болған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері салыстырмалық және гравитациялық теорияның күрделі мәселелерін шешуге арналған. Эйнштейннің жалпы салыстырмалық теориясындағы денелер қозғалысы проблемасын зерттеген, денелердің ілгерілемелі және айналмалы қозғалысының релятивистік теңдеулерін негіздеген. Эйнштейннің гравитация теориясы механикасының мәселелерін зерттеудің жаңа әдістерін дамытып, жалпы салыстырмалық теориясы негізінде денелер қозғалысының адиабаттық теориясын жетілдірген. Дененің меншікті айналысы жөніндегі мәселелерді зерттеуде гидродинамикалық аналогияны қолдану идеясын ұсынған.

140 жыл бұрын (1874-1938) ағартушы-педагог, Алаш қозғалысына қатысушы, Алаш партиясының, Батыс Алашорданың мүшесі ИМАНҒАЗИЕВ Төлеген дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысында туған. Әкесі Иманғазы Орал-Жымпиты-Ойыл жолы бойындағы Қарақұдық деген жерде лау ауыстыратын бекет ұстаған дәулетті адам болған. 1887-1890 жылдары Гурьев уезіне қарасты 2 кластық болыстық мектебін, Орал қалалық орыс-қазақ училищесін бітірген. 1890-1894 жылдары Орынбор орыс-қазақ мектептері мұғалімдері мектебін алтын медальмен тәмамдаған. 1917-1918 жылдары Ақпан төңкерісінен соң жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін құру, земстволық оқу-ағарту ісін жолға қою ісіне белсене араласып, Батыс Алашорда оқу-білім комитетіне мүше болды. 1918-1929 жылдары Қаратөбеде өткен ІІІ Орал болыстық қазақ съезінің делегаты, Алаш милициясының Ойылдағы мектебінде мұғалім қызметтерін атқарды. 1929-1938 жылдары Жақсыбай орталау мектебінде жағрафия, орыс тілі және еңбекке баулу пәндерінен сабақ берді. 1937 жылы бұрын болыс болып, Батыс Алашорда қызметіне қатысқаны үшін, «діни қайраткерлер Қ.Қуанышқалиев, Х.Нұрмұхамедовпен байланыс жасады, панисламизмді насихаттаушы, белсенді Алашордашыл» деген айыппен тұтқынға алынды. 1938 жылы атылып, 1991 жылы ақталды.

75 жыл бұрын (1939-2004) жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері НАЙМАНБАЕВ Қалдарбек дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1960-1970 жылдары қазіргі «Жас Алаш» газетінің редакциясында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. 1970-1976 жылдары - «Білім және еңбек» (қазіргі «Зерде») журналының бас редакторы. 1976-1984 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы. 1986-1987 жылдары - Республикалық авторлар құқығын қорғау агенттігінің директоры. 1987-1988 жылдары - «Ара-Шмель» журналының бас редакторы. 1988-1991 жылдары - «Жазушы» баспасының директоры. 1991-1996 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. 1992 жылдан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқасы төрағасының бірінші орынбасары болған. Ол Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары ретінде шетелдегі қазақтардың тыныс-тіршілігіне қатысты проблемаларды республиканың басшы билік органдарына жеткізіп, олардың ойдағыдай шешілуіне ат салысты. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Қаламгердің «Даңқ тұғырында», «Қоштасқым келмейді», «Бастау», «Сол бір түн», «Үміт өткелі», «Беймаза қонақ», «Аптап», «Шілде», «Көктөбе», тағы басқа кітаптары жарық көрген.

65 жыл бұрын (1949-2003) физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Ресейдің еңбек сіңірген инженері», бірнеше халықаралық академиялардың толық мүшесі СМАҒҰЛОВ Шалтай дүниеге келді.

Алматы облысының Балқаш ауданында туған. Новосібір мемлекеттік университетін, КСРО ҒА Теориялық және қолданбалы механика институтының аспирантурасын бітірген. 1972-1984 жылдары аралығында Ресейдің жоғары оқу орындарында, ғылыми-зертттеу мекемелерінде қызмет істеген. Осы кезеңде ол академик Н.Яненконың жетекшілігімен әлемдік математика ғылымында әлі шешімін таппаған күрделі мәселе - Навье-Стокс проблемасын зерттеуді бастады. Осы проблеманы теориялық және қолданбалы тұрғыдан зерттеу әдісін дәлелдеп, ұсынды. Бұл әлемдік математика ғылымына «Смағұлов теоремасы» деген атпен үлкен жаңалық ретінде енді. 1984 жылы арнайы шақыртумен Қазақ мемлекеттік университетінің математика факультетіне жұмысқа ауысқан ғалым 1996-2001 жылдары Қазақстан Республикасы Механика және математика ғылыми-зерттеу институтының директоры, 2001-2003 жылдары Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетінің деканы болды. Смағұлов есептеу математикасы, математикалық модельдеу, математиканың физикадағы теңдеу теориясы мәселелерін зерттеп, осы ғылым салалары бойынша қазақстандық ғалымдар мектебін қалыптастырды. Ғылымның көкейтесті мәселелеріне арналған 120-дан аса ғылыми еңбегі, соның ішінде 8 монографиясы жарияланды. Сондай-ақ «Вычислительные технологии», «Математический журнал», т.б. арнаулы ғылыми басылымдардың алқа мүшесі-кеңесшісі болып, бірнеше халықаралық конференцияларда баяндама жасады. 2004 жылы Алматы облыстық мектеп-интернатқа Смағұловтың есімі берілді.

109 жыл бұрын (1905-1984) қазақ ақыны БЕРСҮГІРОВА Дәмеш дүниеге келді.

Жетісу губерниясында (қазіргі Алматы облысы) туған. Алматы қаласында қазақ-қырғыз жастарынан оқытушылар даярлайтын курста оқыған.

Ауылдағы мәдени-ағарту жұмысына белсене қатысып, комсомол ұйымының хатшысы, әйелдер бөлімінің жетекшісі сияқты қоғамдық қызметтер атқарған. Көп жылдар бойы мектептерде ұстаздық қызметте болған.

Тұңғыш ақындық қадамын өзі жетекші болған көркемөнерпаздар үйірмесінде ұсақ тақпақтар, шағын пьесалар, «Тілші» газетіне мақалалар жазудан бастаған.

«Қоңыр жорға», «Меңдіқыз», «Жауынгер ұлыма», «Ағады Ақсу» атты көлемді туындылары бар.

68 жыл бұрын (1946-2001) сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі ЖАҚСЫЛЫҚОВ Марат Файзуллаұлы дүниеге келді.

Қостанай қаласында туған. Новосібір инженерлік-құрылыс институтын бітірген.

1969-1970 жылдары - Қазақстан Автомобиль жолдары министрлігі Алматы қалалық жобалау институтының сәулетшісі. 1970-2000 жылдары - Алматы қалалық жобалау институтының бас сәулетшісі, атқарушы директоры қызметтерін атқарған. Ол бірнеше тұрғын үй және қоғамдық ғимараттардың, ескерткіштердің, монументтердің авторы. Олардың ішінде Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрын, Алматының Самал-2 ықшам ауданын және Бейбітшілік көшесі бойындағы тұрғын үйлер құрылысын жобалауға қатысқан.

Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Бүкілодақтық «Лучший проект 1984 года» жас сәулетшілер арасындағы байқауының жүлдегері атанды.

43 жыл бұрын (1971) «Мақтаөнеркәсіп» ЖШС-нің президенті АБАСОВ Ермек Бегалыұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында туған. В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген.

1993-1994 жылдары - «Қазақмақтадайындауөнеркәсібі» сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі өндірістік бірлестігінің маманы. 1994-1997 жылдары - «Мақта» ААҚ-ының бөлім бастығы. 1997-1998 жылдары - «Шымкент өнім» биржасының президенті. 1998-2000 жылдары - «Шымкент мақта» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы. 2000-2004 жылдары - «Шымкент өнім» биржасының президенті. 1999-2004 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болған. 2004-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің, «Отан» республикалық саяси партиясы Парламенттік фракциясының мүшесі қызметтерін атқарған. 2008 жылдан бастап - қазіргі қызметінде. Екі медальмен марапатталған.

61 жыл бұрын (1953) ТМД қатысушы-мемлекетері Лаңкестікке қарсы орталығы басшысының бірінші орынбасары, ҚР ІІМ Қарағанды заң институтының профессоры ОРАЗАЛИЕВ Молдияр Молыбайұлы дүниеге келді.

Төле би ауданы Көксаяқ ауылында туған, заңгер, юстиция генерал-майоры. КСРО ІІМ-нің Қарағанды Жоғарғы мектебін бітірген (1974). 1974 - 76 ж. Шымкент облысы атқару комитеті нің ішкі істер басқармасы (ІІБ) қылмысты іздестіру бөлімінің аға инспекторы. 1976 - 87 ж. Шымкент қаласының Еңбекші ауданы атқару комитетінің ішкі істер бөлімінің қылмысты іздестіру бөлімінің бастығы, ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, бастығы, облысы атқару комитеті нің ІІБ-ның қылмысты іздестіру бөлімінің бастығы, Киров ауданы атқару комитеті нің ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, 1988 ж. Шымкент облысы атқару комитеті нің ІІБ-нің ИЧ-167/2 түзету мекемесі бастығының шұғыл режимдегі орынбасары. 1988 - 99 ж. Шымкент қаласында Дзержинск ауданы атқару комитеті нің ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, облысы атқару комитеті нің ІІБ-нің Социалистік меншікті талан-таражға салумен күрес бөлімі бастығының орынбасары, бастығы. ІІБ-нің экономикалық бөлімінің бастығы, криминалды милиция бөлімінің бастығы, облысы ІІБ бастығының орынбасары, Ақмола облысы мемлекеттік тергеу комитеті нің (МТК) басқарма бастығы, Қазақстан Республикасы МТК төрағасының орынбасары, экономикалық қылмысты тергеу Бас басқармасының бастығы, облысы ІІББ-нің бастығы. 1999 жылдан Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, Алматы қалалық ІІББ-ның бастығы (2004). 2006-2007 жылдары Қостанай облысы ішкі істер департаментінің бастығы. 2007-2009 жылдары - ҚР ІІМ Әкімшілік полициясы комитетінің төрағасы. !! дәрежелі «Даңқ» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған.

56 жыл бұрын (1958) Қостанай облысы Әулиекөл ауданының әкімі НҰРҒАЛИЕВ Жомарт Мирасұлы дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. Қостанай педагогикалық институтын, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін бітірген, мамандықтары: тарих пәнінің мұғалімі, ғалым-агроном. Қарасу аудандық оқу бөлімінің инспекторы, аудандық комсомол комитетінің хатшысы, Қостанай аудандық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, кеңшар директоры, партия комитетінің хатшысы, ауыл шаруашылығы құрылымдарында басшылық жұмыстарда болды. 1994-1997 жылдары - Қостанай облыстық сыртқы экономикалық байланыстар комитетінің төрағасының орынбасары. 1997-1999 жылдары - Қостанай облыстық өнеркәсіп және сауда басқармасының бөлім бастығы. 1999 жылы - «Иволга-Алтын» ЖШС-ның коммерциялық жұмыстар жөніндегі директоры. 1999-2000 жылдары - «Садчиковское» ЖШС директоры. 2000-2006 жылдары «Иволга-Холдинг» ЖШС бас директорының орынбасары, осы холдингтің Қостанай облысының орталық аймақтары бойынша аймақтық директоры. 2006-2009 жылдары - Меңдіқара ауданының әкімі. 2009-2012 жылдары - Қостанай қаласының әкімі. Қазіргі қызметінде - 2012 жылдан бері.

227 жыл бұрын (1787-1854) неміс физигі, электр өрісі негізгі заңының (Ом заңы) авторы Георг ОМ дүниеге келді.

155 жыл бұрын (1859-1906) орыс физигі және электр технигі, радионы ойлап тапқан ПОПОВ Александр Степанович дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар