16 жастағы қазақстандық әнші АҚШ-тағы халықаралық вокалистер байқауында жеңімпаз атанды

аделина
Фото: Әншінің жеке мұрағатынан

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 16 жастағы қазақстандық орындаушы Аделина Мұхаметжанова америкалық тыңдармандардың жүрегін жаулап алды. Жақында ол Латиф Хамидидің «Бұлбұл» шығармасымен АҚШ-та өткен халықаралық вокалдық байқауда жеңімпаз атанды.

Әншінің PR менеджері Татьяна Синенконың айтуынша, 16 жастағы Аделина Мұхаметжанова АҚШ-тағы Миннесота штатындағы мектепке 2022 жылы қабылданғаннан кейін, бүкіл Америкадағы 9 вокальдық конкурсқа қатысып, көбінде жүлделі орындарға ие болып келеді.

Өткен демалыс күндері ақтық сынға шыққандарды анықтаған «Radda Rise International Piano and Vocal Competition» халықаралық байқауы да осы табыстардың қатарынан табылып, бұл байқауда да Аделина қазылар алқасының бірауызды шешімімен Латиф Хамидидің «Бұлбұл» композициясымен бірінші орынға ие болды. 

«Аделина — виртуозды орындаушы және мен оның техникалық жағынан өте күрделі композицияны таңдап, әрқайсымызға естен кетпестей әсер сыйлады дегеніме баршаның келісетіне сенемін. Менде бұл әннің не туралы екендігі жайлы мүлде түсінік жоқ. Бірақ, ол мені әрбір нотаны сезінуге мәжбүрледі. «Бұлбұл» тағы да және тағы да орындалуы тиіс», — деді Қазылар алқасының мүшесі, беделді Saint Thomas Choir School вокальдық оқытушысы, Manhattan School of Music Precollege вокал факультетінің мүшесі Джузеппе Сполетини.

Аделина бәсекелестерінің өте мықты болғанын жеткізді.

«Байқауға мен 3 композиция ұсындым, және қазақтың академиялық классигіне ілтипат білдіріліп, осындай жылы лебіздер естігеніме өте қуаныштымын. Оған қоса менің бәсекелестерім өте мықты болды: 3-орын американдық өнер және музыка саласындағы ең ірі жоғары оқу орындарының бірі The Julliard School студентіне берілгенін білемін. Әрине, осындай жеңіс бұдан да көп еңбектенуге құлшындырады», — дейді Аделина. 

Айта кетейік, Аделина Мұхаметжанова 7 жылдан астам уақыттан бері академиялық вокал бойынша білім алып келеді, оның ұстазы — Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының «Вокал өнері» кафедрасының доценті Гүлнар Нұрғалиева.

Соңғы жаңалықтар