16 желтоқсан. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 16 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
96 жыл бұрын (1929) әнші, КСРО және Қазақстан халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, КСРО және Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Ахметқызы ТӨЛЕГЕНОВА дүниеге келді.

Семей қаласында туған. Алматы мемлекеттік консерваториясын (Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген.
Өнер жолын көркемөнерпаздар үйірмесінен бастаған. 1951-1971 жылдары Қазақ радиосының, Қазақ мемлекеттік филармониясының әнші-солисі, 1971-1979 жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әнші-солисі, 1979 жылдан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы вокал кафедрасының профессоры болды.
Әншінің репертуарында қазақтың халық әндері, Қазақстан композиторларының шығармалары бар. Өзінің концерттік-орындаушылық өнерін шеберліктің жоғары сатысына көтеріп, классикалық дәрежеге жеткізді.
Қазақ опера өнеріне де елеулі үлес қосты. Таңдаулы партиялары: Жібек (Е. Брусиловский «Қыз Жібек»), Қарлығаш (А. Жұбанов және Л. Хамиди «Абай»), Гүлбаршын (Е. Рахмадиев «Алпамыс»), Джильда, Виолетта (Дж. Верди «Риголетто», «Травиата»). Ол «Дала қызы», «Біздің сүйікті дәрігер», «Бұл Шұғылада болған еді», «Тақиялы періште», «Балалық шағымның аспаны» фильмдерінде өз замандастарының тұлғасын жасады.
Гастрольдік сапармен Канадада, Францияда, АҚШ-та, Италияда, Швецияда, Египетте, Алжирде, Сирияда, Үндістанда болды.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 7-9-шақырылымдарының депутаты.
Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен марапатталған. Астана қаласының құрметті азаматы.
81 жыл бұрын (1944) кинорежиссер, суретші, аниматор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғани Ахметбекұлы ҚЫСТАУОВ дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. 1964 жылы Алматы училищесін бітірген. Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) театр және кино институтында оқыды.
1969 жылы алғашқы мультипликациялық фильмі «Аю мен қоянды» түсірді. Оның: «Қазына» (1970), «Үш тілек», (1971), «Бала мен жын» (1974), «Қадырдың бақыты», (1977), «Сыйлық», тағы басқа мультфильмдері бар. Қазақстан Комсомол жастары сыйлығының иегері (1978). ҚР Кинематографистер одағының мүшесі.
Украинада өткен анимациялық фильмдердің ашық фестивалі қазылар алқасының Арнайы сыйлығының және балалар қазылар алқасының Бас сыйлығының (Львов қаласы, 1977), XIX Бүкілодақтық кинофестивальдің Бірінші сыйлығының және Алтын дипломының (Алматы қаласы, 1986), Украинадағы анимациялық фильмдердің ашық фестивалі қазылар алқасының Арнайы сыйлығының (Тернополь қаласы, 1986), Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің Халықаралық кинофестивалі дипломының (Ташкент қаласы, 1986), славяндық және православиялық халықтардың II Халықаралық «Алтын витязь» кинофестивалінің «Қола витязь» сыйлығының және «Славян мәдениетіне сіңірген зор үлесі үшін» дипломының (Нови-Сад қаласы, Сербия, 1993), Халықаралық «Хиросима» кинофестивалі дипломдарының (1998, 2002), I Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі Гран-приінің (Алматы қаласы, 1998), I Ұлттық «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінің «Шәкен жұлдызы» сыйлығының (Алматы қаласы, 2003), ең үздік «Астана-Бәйтерек» анимациялық фильмі сыйлығының (Астана қаласы, 2005) иегері. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты (1978).
«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған (2001). Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері (2002).
60 жыл бұрын (1965) Ақтау қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ербол Тынымбайұлы ӨТЕЕВ дүниеге келді.

Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Құрық ауылында туған. 1987 жылы В. И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын «Машина жасау технологиясы, металл кесетін станоктар мен аспаптар» мамандығы бойынша, 2002 ж. «Ұлағат» университетін «қаржы және несие», 2003 жылы Халықаралық Еңбек Академиясын «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1987 жылғы тамызынан 1994 жылғы тамыз айы аралығында Маңғыстау облысы Құрық ауылы «Маңғыстаумұнайгазгеологиясы» АҚ мұнайқұрастыру инженері қызметінен бастады. 1995-1996 жылдары Ақтау қаласы бойынша салық инспекциясының салық инспекторы болып қызмет атқарды. 1997 жылы «Маңғыстау — Кең дала» АҚ жоспарлы есептік бөлімінің жетекші маманы, 1998 жылы «Нефтемашсервис» АҚ инженері, 1998-2002 жылдары «ТМ-82» ЖШС директоры, 2002-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Маңғыстау облысы бойынша Салық комитетінің бас салық инспекторы, бөлім бастығы, басқарма бастығы, 2008-2014 жылдары Маңғыстау облысы бойынша салық департаментінің бөлім, басқарма басшысы, Қарақия ауданы бойынша салық басқармасының бастығы, Ақтау қаласы бойынша салық басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. 2008-2014 жылдары Маңғыстау облысы бойынша салық департаментінің бөлім, басқарма басшысы, Қарақия ауданы бойынша салық басқармасының бастығы, Ақтау қаласы бойынша салық басқарма бастығының орынбасары, 2014-2017 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Ақтау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқарма басшысының орынбасары, 2017-2019 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Жаңаөзен қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы болды.
2025 жылдан бастап қазіргі қызметінде.
50 жыл бұрын (1975) Сан-Францискодағы (АҚШ) Қазақстан Республикасының Бас консулы Назира Нұртүлеуқызы Нұрбаева дүниеге келді.

Алматыда дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын қаржы және несие мамандығы бойынша; Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін консулдық қызмет мамандығы бойынша; Висконсин Ричленд университетін (АҚШ) бизнес әкімшілігі мамандығы бойынша; КИМЭП — басқарушы персонал үшін MBA дәрежесін бітірген.
Еңбек жолы: PwC компаниясының аға кеңесшісі/консультанты (1998-2003); Lukoil Overseas Services, Ltd компаниясының аға салық кеңесшісі (2003-2004); PwC компаниясының салық және заң қызметтері жөніндегі менеджері (2004-2007); PwC компаниясының салық және заң қызметтері жөніндегі аға менеджері (2007-2014); PwC компаниясының Атырау кеңсесінің басшысы (2017-2020); PwC компаниясының жанама салық тәжірибесінің жетекшісі (2010-2020); PwC компаниясының мұнай-газ, мұнай кен орындарына қызмет көрсету және жаңартылатын энергия салаларындағы клиенттерге қызмет көрсету тәжірибесінің жетекшісі (2014-2020); PwC компаниясының салық және заң қызметтері жөніндегі директоры (2014-2020); Deloitte компаниясының салық және заң қызметтері жөніндегі серіктесі (2020-2021); «Самұрық-Қазына» АҚ бақылау кеңесінің мүшесі, экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры (2021-2023); Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары (2023-2024).
2024 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі қызметінде.
39 жыл бұрын (1986) Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Дүйсембайұлы ШАМҰРАТОВ дүниеге келді.

Атырау облысының Индер ауданында дүниеге келген. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін (2004) география мұғалімі мамандығы бойынша; Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін (2012) қаржы мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: Буденев ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы (2009); Индер ауданы әкімі аппаратының жалпы бөлімінің бас маманы (2009-2012); Индер ауданы әкімі аппаратының жалпы бөлімінің басшысы (2012); Индер ауданы әкімі аппаратының басшысы (2012-2017); Атырау облысы Индер ауданы әкімінің орынбасары (08.2017-09.2022); Атырау облысы Индер ауданының әкімі (2022 жылдың қыркүйегі — 2024 жылдың қазаны).
2024 жылдың қазан айынан бері қазіргі қызметінде.
34 жыл бұрын (1991) AMANAT партиясының хатшысы Александр Сергеевич ДАНИЛОВ дүниеге келді.

Қарағандыда дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін және Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген.
Еңбек жолы: бірнеше жастар қоғамдық ұйымдарының жетекшісі; «United Chemical Company» ЖШС баспасөз қызметінің басшысы; «Nur-Media» холдингіндегі Мультимедиа технологиялар департаментінің директорының орынбасары; AIESEC Қарағанды жергілікті комитетінің президенті және вице-президенті; Stopfake.kz жобасының жетекшісі (2020 жылғы шілде — 2021 жылғы желтоқсан); Қазақстан Республикасының ақпарат және әлеуметтік даму вице-министрі (2022-2023).
2025 жылдың қараша айынан бері қазіргі қызметінде.
95 жыл бұрын (1930-2004) Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Ізтілеу Әбуғалиұлы ӘБУҒАЛИЕВ дүниеге келген.

Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында туған. 1953 жылы С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірді.
Егіншілік және өсімдік шаруашылығы саласындағы көрнекті ғалым 1956-1959 жылдары ҚазКСР ҒА ботаника институтында жұмыс істеді. 1959-1967 жылдары аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары, 1975 жылы В. Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ҒЗИ директоры болды.
20 жыл бойы Қазақстан Республикасында егіншілік, өсімдік шаруашылығы, селекция және тұқым шаруашылығының ғылыми-техникалық бағдарламасын басқарды. Оның жетекшілігімен богарлық, толықпайтын, тау-кен және суармалы егіншіліктің аймақтық жүйелері әзірленіп, өндіріске кеңінен енгізілді, ауыл шаруашылығы дақылдарының 150-ден астам сұрыптары шығарылды, олардың тұқым шаруашылығы ұйымдастырылды, Оңтүстік-Шығыс Қазақстан аумағында гидромодульдік, гидромелиоративтік аудандастыру жүзеге асырылды.
Ол басшылық еткен жылдары институт тек КСРО-да ғана емес, сонымен қатар одан тыс жерлерде де ірі ғылыми орталыққа айналды. Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1984), Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының (1994), ҚР Ұлттық Ғылым академиясының (1996) толық мүшесі.
Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, «Құрмет белгісі» орденімен, Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде алтын, күміс және қола медальдармен марапатталған. 260-тан астам ғылыми еңбегі жарық көрді.
89 жыл бұрын (1936-2010) кеңестік және қазақ театр мен кино актрисасы, КСРО халық әртісі Фарида Шәріпқызы ШӘРІПОВА дүниеге келген.

Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында туған.
Қытай киностудиясы түсірген «Хасен-Жәмила» көркем фильмінде басты рөлді орындап, өнерімен танылған ол 1955 жылы атамекені Қазақстанға оралды. 1959 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіріп, М. Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрына қабылданды. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы осы театрда үздіксіз өнер көрсетті.
Сахнада қазақ және әлем классиктерінің драмалық туындыларында, осы заманғы қойылымдарда басты рөлдерді шеберлікпен орындап, ұлттық театр өнерінің жаңа сапалық биікке көтерілуіне зор үлес қосты. Фарида Шәріпова кино саласында да жемісті еңбек етті. Ол әйгілі режиссерлер Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов, Әзербайжан Мәмбетов, Леонид Агранович түсірген көптеген танымал фильмдерде ойнады. Дубляж саласына да көп еңбек сіңірді. Фарида Шәріпова өнерлі жастарды тәрбиелеу ісіне жете көңіл бөлді. Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында көрнекті актер Ы. Ноғайбаев екеуінің шығармашылық шеберханасында шыңдалған жастар бүгінде еліміздің театрларында жемісті еңбек етіп жүр.
Фарида Шәріпова мәдениет пен өнердегі еңбегі үшін Қазақ КСР халық әртісі, КСРО халық әртісі құрметті атақтарын, Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығы мен КСРО Мемлекеттік сыйлығын, ҚР «Парасат» орденін иеленді.