16 желтоқсан. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 16 желтоқсанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Жылнама
Фото: Kazinform/Midjourney

Қазақстан Республикасының мемлекеттік мейрамы – Тәуелсіздік күні

Бұл күн мемлекеттік деңгейдегі елеулі мереке болғандықтан, 16 желтоқсан күнтізбеде демалыс болып белгіленген.

Тәуелсіздік тек Қазақстан тұрғындары үшін емес, сонымен бірге шетелдердегі қазақ халқының өкілдері үшін де маңызы зор мереке.

1991 жылы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңға қол қойылды. Қазақстанның Мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды. Тәуелсіздік арқасында Қазақстан егемен ел ретінде өз бетінше ішкі-сыртқы саясатын жүргізетін, өз аумағында билікті толық иеленген тәуелсіз демократиялық және құқықтық мемлекет мәртебесіне ие болды.

Сондай-ақ, бұл күн 1986 жылы Алматыда болған Желтоқсан оқиғасын еске алу күні. Қазақ жастары КСРО басшылығының саясатына наразылық білдіріп, ұлттық мүдде мен құқықтың тапталуына қарсы шықты. Бұл – батырлық пен патриоттықтың нышаны болды. Осы оқиға Қазақстан халқының тәуелсіздікке ұмтылысын айқын көрсетіп, республика алдындағы ең биік мақсатты – егемен елдікке ұмтылысты көрсетті.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1991 жылы осы күні ҚР Жоғарғы Кеңесі VII сессиясының кешкі отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңын қабылдады. «ҚазТАГ» (қазіргі – «ҚазАқпарат») ақпарат агенттігі әлемге Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланғанын ресми түрде алғашқы болып хабарлады.

1996 жылы Алматыдағы Республика алаңында Тәуелсіздік монументі салтанатты түрде ашылды.

1996 жылы Алматыда бес жұлдызды «Анкара» қонақ үйінің ашылу салтанаты өтті. Аталған шараға Қазақстан мен Түркияның Президенттері қатысты.

1997 жылы Қазақстанның Ұлттық банкі ұлы жазушы М. Әуезовтің 100 жылдығына арналған құны 20 теңгелік металл естелік монеталарын айналымға шығарды.

2000 жылы Алматыда Абылай ханға ескерткіш ашылды. Ескерткіш авторы – мүсінші Нұрлан Далбаев.

Абылай хан, Әбілмансұр (1711-1781) – қазақ ханы. Арғы тегі – Жошы хан, бергі бабалары – қазақ елінің негізін салған Әз-Жәнібек, одан соң Еңсегей бойлы Ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан. Абылай – Жәңгір ханның бесінші ұрпағы.

2006 жылы Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы Жалпақтал ауылында өткен ғасырдың қырқыншы жылдары жұмыс атқарған «Қазақ халқын құтқару ұйымы» («Союз спасения казахского народа») атты жастар ұйымын құрушылардың аты жазылған ескерткіш тақта ашылды. Қозғалыстың 14 белсендісінің аты жазылған ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына туыстары мен жақындары қатысты. Одақтың басқарушысы Ғұбайдолла Әнесов 1941 жылы желтоқсанда тұтқындалып, ату жазасына кесілген, қалған қатысушылары ұзақ мерзімге түрмеге қамалды. Жалпақтал көшелерінің біріне Ғ. Әнесовтің есімі берілді.

2011 жылы Астана қаласында «Мәңгілік Ел» салтанатты қақпасы ашылды. Салтанатты шараға Мемлекет басшысы қатысты.

2014 жылы белгілі қазақстандық драматург және жазушы Дулат Исабеков Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты атанды. Марапаттау салтанаты Лондон қаласындағы Британ Парламентінің ғимаратында өтті.

2015 жылы түркі әлемінде алғашқы Bala Turkvizyon Халықаралық балалар ән байқауының гранд-финалында Қазақстан атынан шыққан 12 жастағы Еркін Тұрсынхан «Bala Turkvizyon» Халықаралық балалар ән байқауының Алтын дауысы» атағын жеңіп алды.

2016 жылы Қазақстанның тарихында алғаш рет Тәуелсіздік күнінде мемлекеттік Ту Антарктиданың ең биік нүктесі – Винсон шыңына (4892 м) орнатылды. Полярлық экспедиция қатысушылары – белгілі альпинистер Мағжан Сағымбаев пен Ілияс Ғалымбеков күн райының қолайсыздықтарына қарамастан, Винсон шыңына шықты. Винсон шыңы өзінің географиялық орналасуына байланысты «7 summits» альпинистік бағдарламасының күрделі биіктіктерінің бірі болып саналады.

2016 жылы Тəуелсіздіктің 25 жылдығына орай, Астанада жаңа 25 қырлы монумент ашылды.

«Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» монументі – болаттан өрілген қаңқаны табиғи тастан қашалған қаптамамен орау арқылы тұрғызылған көпбұрышты фигура. Оны салуға 1 319 тас жұмсалды. Соның 1 069-ы бірегей өлшемде жеке-жеке қашалып жасалды, ал 250-і типтік тастар болды. Тастардың жалпы салмағы – 94,5 тонна.

2017 жылы Шымкент қаласының «Арай» саябағында Медициналық қызметкерлер аллеясы ашылды. Аллея үш бөлімнен тұрады. Ондағы бірінші таста дәрігерлердің берген анттары ойып жазылған. Екінші таста 525 жыл бұрын 95 жасында қайтыс болған қазақ емшісі, халқына өшпес мұра қалдырған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының мүсіні орнатылды. Үшінші тас адамдардың денсаулығы мен өмірі үшін күресіп қаза болған медициналық қызметкерлердің құрметіне қойылды.

2017 жылы Қостанай қаласындағы геологиялық мұражайда 1967 жылдың уақыт капсуласы ашылды. ХХІ ғасыр геологтеріне үндеу Қазан төңкерісінің 50 жылдығына арналған жиналыста қабылданды. «Біз болашақ геолог ұрпаққа жүгінеміз! Біз Солтүстік Қазақстан даласының табиғи байлықтарын игерудің пионерлері болдық. Жұмысты игерілмеген жерлерде бастадық. Геологиялық карталар болған жоқ, жабдықтар, құралдар жетіспеді. Бізге романтика, жарқын болашаққа деген сенім көмектесті», - деп «Солтүстікқазжерқойнауы» ӨД геология жөніндегі басшысының орынбасары Талғат Исасеитов жолдауды оқып берді. Қазіргі геологтер дәстүрді үзбеді. Олар да 2067 жылы ашылатын капсулаға болашақ ұрпаққа үндеу жазды.

2018 жылы Димаш Құдайберген Шанхайда The Silk Road Cohesion Awards 2018 халықаралық кинофестивалінде жыл әншісі атанды және Ұлы Жібек жолы елдерінің шешімі бойынша Жібек жолы мәдениетінің елшісі болды.

2019 жылы Сан-Франциско қаласы әкімшілігінің ғимаратында Қазақстан Республикасының Туын көтеру және мемлекеттік Әнұранын орындау рәсімі өтті. Мұндай шара АҚШ-тың батыс жағалауында тұңғыш рет ұйымдастырылды. ҚР Тәуелсіздігі күніне орай, Сан-Франциско қаласының мэрі Лондон Н. Брид 2019 жылғы 16 желтоқсанды Қазақстан-Америка достығы күні деп тану туралы мәлімдемеге қол қойды.

2019 жылы Өзбекстандағы Ферғана мемлекеттік университетінде алғашқы қазақ-өзбек мәдени-білім беру орталығы ашылды. Өзбекстанда тұңғыш ашылған орталық Қазақстанның ғылым-білім саласымен өзара әрекеттестікті кеңейту және бауырластық өзара қарым-қатынасты қолдау үшін маңызды рөл атқарады.

2020 жылы Аргентинаның Росарио қаласы муниципалдық кеңесінің №10.126 қаулысымен қаланың Сан Фернандо жаңа ауданындағы көшелердің біріне қазақ ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының есімі берілді.

2020 жылы қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов (10-0, 6 КО) IBF Intercontinental нұсқасы бойынша жартылай орта салмақта чемпион титулымен ресми түрде марапатталды.

2021 жылы Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі аумағындағы қалпына келтірілген «Қазақстан» павильоны 51 мыңнан астам дауыс жинап, белсенді азаматтардың нұсқасы бойынша Мәскеуді қалпына келтірудің үздік нысаны болып танылды. Құрметті дипломды Мәскеу қаласының мэрі Сергей Собяниннің қолынан Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің кеңесші-елшісі Нұржан Қажыакбаров және «Қазақстан» сауда-көрме орталығы» корпоративтік қорының өкілдері алды.

2021 жылы Қостанай облысында «Қазақстан тарихы төсбелгілер мен кәдесыйларда» көрмесі өтті. Онда қолда бар және жаңа бірегей наградалар, медальдар, грамоталар, көрнекті адамдардың еңбектері, сондай-ақ жетістіктері, табыстары мен елдің дамуына қосқан үлестерін көрсететін қызықты кәдесыйлар көрсетілді.

2023 жылы «ҚазӘуеҚұтқару» АҚ-ға Қазақстанда құрастырылған екі жаңа Ми-8АМТ сыйға тартылды. Техника орман өрттерін тиімдірек сөндіруге көмектеседі. Тікұшақтар 1000 шақырымнан астам қашықтыққа ұшуға және үлкен аумақтар мен ормандардағы өрттерді сөндіруге қабілетті. Мұндай модель алғаш рет Қазақстанда жасалған арнайы шаңнан қорғаумен, сондай-ақ қосымша прожекторлар және ұшқыштар үшін ыңғайлы орындармен жабдықталған.

2023 жылы Астанада 30 мың науқасқа қызмет көрсетуге арналған City емханасының жаңа бөлімшесі ашылды. Емхананың ашылу салтанатына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Мекемеде емделушілерге сүт безі ауруларын кешенді диагностикалау мен емдеуге мүмкіндік беретін маммологиялық орталық жұмыс істейтін болады.

Соңғы жаңалықтар