17 қараша. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 17 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық студенттер күні
Прагада 1939 жылғы 17 қарашада неміс-фашист басқыншылары атып өлтірген чех патриот-студенттерін мәңгі есте қалдыру үшін 1946 жылы өткен Дүниежүзілік студенттер конгресінде бекітілді.
Қазақстанда ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні
Бұл күні ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесін тойлау дәстүрі Кеңес дәуірінен бері сақталып келеді, 1988 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен қарашаның үшінші жексенбісі Ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні болып белгіленді.
Қазақстан тәуелсіз мемлекет бола отырып, дәстүрді сақтап, заңнамалық деңгейде 1998 жылы қарашаның үшінші жексенбісін мерекелеу күні деп бекітті.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1837 жылы 17-24 қараша күндері Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісшілер Жасқұста хан жасағымен шайқасты.
1993 жылы Гейдар Әлиев атындағы «Әзербайжан-Қазақстан» достық қоғамы құрылды. Қоғам Қазақстан мен Әзербайжанның екіжақты өзара қатынастарының дамуында маңызды рөл атқарып, Нұр-Сұлтан мен Баку қалалары арасында достық байланысты нығайту ісіне үлесін қосып отыр.
2005 жылы Қазақстанның орталық спорт клубының альпинизм және шыңға өрмелеушілер командасы Антарктидада Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын көтеріп, салтанатты түрде лагерь ашты. «Қазақстан - Антарктида-2005» спорттық-альпинизм және шыңға өрмелеушілер командасы Оңтүстік полюстегі осы уақытқа дейін ешкім бағындырмаған бес құзар биіктіктің төбесіне табан тіреді. Сөйтіп, бұл биіктіктерге «Қазақстан шыңы», «Астана шыңы», «Қазақстан халқы Ассамблеясы шыңы», «Әл-Фараби шыңы», «Оңтүстік Олимп биіктігі» деген ат берді. Осылайша, Антрактида картасында жаңадан шыңдар пайда болды.
2010 жылы Алматы қаласындағы Қ. Қожамжаров атындағы Ұйғыр музыкалық комедия театрында танымал қазақстандық хореограф, балет шебері, ҚР Халық әртісі Болат Аюхановқа әлемдік мәдениетті дамытуға қосқан жеке үлесі үшін Халықаралық Сократ сыйлығын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. «Socrates Award Ceremony» атты Халықаралық Сократ сыйлығы – кәсіби саладағы жетістіктердің бағасы ең жоғары, халықаралық дәрежеде мойындау белгісі. Болат Аюханов – Қазақстандағы бұл сыйлықтың алғашқы лауреаты.
2014 жылы Алматыда ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қазақ фольклорының 100 томдық «Бабалар сөзі» жинағының таныстырылымы өтті.
2014 жылы Қостанайда зағип ақындар шығарған өлеңдердің алғашқы жинағы жарыққа шықты. «Сезімдер кемпірқосағы» («Радуга чувств») деп аталатын жаңа кітапқа бүкіл облыстағы «ерекше» тоғыз ақынның шығармалары кірді.
2016 жылы Қостанай облысының Қостанай мен Таран аудандары мен Рудный қаласының шекарасына өзгеріс енгізілді. Жалпы ауданы 5288 га болатын Қостанай және Таранов аудандарының жер бөлігі облыстық маңызы бар қала Рудный шекарасына қосылды.
2017 жылы қазақстандық әнші Димаш Құдайберген орындаған «Moonlight over the Sea» əні АҚШ-та өткен HOLLYWOOD MUSIC IN MEDIA AWARDS марапаты кешінде «Видео ойындағы үздік саундтрек» аталымы бойынша жеңіске жетті. Үздік санудтрек атанған «Moonlight over the Sea» əні Қытайдың «Moonlight Blade» атты 3D форматтағы онлайн интернеттік ойынына арнап жазылған.
2017 жылы қазақстандық шахматшы, төрт дүркін әлем чемпионы, халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасова ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Ұлттық ізгі ниет елшісі атанды.
2020 жылы Нұр-Сұлтанда қазақтың тұңғыш антропологі, қазақтар популяциясының генетикалық құрылымын зерттеуші, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Оразақ Ысмағұлов пен антрополог ғалым Айнагүл Ысмағұлованың «Қазақ халқы және ата тегі» («Казахский народ и его происхождение») кітабының тұсаукесері өтті. Авторлардың зерттеу еңбегі ата-бабасының көне жерінде тұрып жатқан қазақтардың шыққан тегіне қызығушылық танытқан оқырмандарға арналған.
2020 жылы Алматыда Батырхан Шүкенов бейнеленген пошта маркасы шықты. Батырхан Шүкенов атындағы қор атап өткендей, пошта маркасы #BatyrLetters акциясы аясында шығарылған.
2021 жылы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінде белгілі қазақстандық журналист, БАҚ саласындағы ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, Қазақстан журналистика академиясының академигі Михаил Викторович Дорофеев атындағы аудиторияның ашылуы өтті.
2022 жылы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Мемлекеттік қызметтерді смартфондау: 2022 жылдың аралық қорытындылары, EGov Mobile мобильді қосымшасының жаңартулары» атты баспасөз мәслихаты өтті.
2023 жылы Қазақстан астанасындағы «Астана Арена» стадионында 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде Қазақстан мен Сан-Марино арасындағы ойын өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан құрамасына Сан-Мариноға қарсы ойында қолдау көрсету үшін келді. Қазақстан құрамасы 3:1 есебімен жеңіске жетті. Ислам Чесноков дубль жасады. Үшінші голды Абат Айымбетов пенальтиден соқты.
2023 жылы Бірыңғай дистрибьютор SK-Pharmacia мен халықаралық Pfizer биофармацевтикалық компаниясы арасында ұзақ мерзімді келісімге қол қойылды. Осы келісім аясында америкалық фармацевтикалық алпауыт Pfizer елде инновациялық вакцинаның келісімшарттық өндірісін ұйымдастыруды өз мойнына алып, 20 валентті пневмококк конъюгаттық вакцинаны Қазақстанға 10 жылға жеткізуге міндеттенді. Вакцинаны Бірыңғай дистрибьютор сатып алды. Қазақстан Pfizer инновациялық вакцинаның келісімшарттық өндірісін құруды жоспарлап отырған Еуразия аймағындағы және Орталық Азия елдеріндегі бірінші ел.