17 қараша. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 17 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық студенттер күні
Прагада 1939 жылғы 17 қарашада неміс-фашист басқыншылары атып өлтірген чех патриот-студенттерін мәңгі есте қалдыру үшін 1946 жылы өткен Дүниежүзілік студенттер конгресінде бекітілді.
Дүниежүзілік жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске алу күні
2005 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы қарашаның үшінші жексенбісін Дүниежүзілік жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске алу күні деп белгіледі. Еске алу күні жол-көлік оқиғаларынан болатын шығындарды азайту бойынша жаһандық күш-жігердің маңызды құралына айналды. Бұл жол-көлік оқиғаларымен байланысты эмоционалдық азап пен экономикалық шығындардың ауқымын атап өтуге және жол-көлік оқиғалары құрбандарының азабын, сондай-ақ қолдау және құтқару қызметтерінің жұмысын тиісті түрде бағалауға мүмкіндік береді.
Шала туған нәрестелер күні
17 қараша бүкіл әлемде 2009 жылы Еуропалық жаңа туған балаларға күтім жасау қоры (EFCNI) белгілеген Шала туған нәрестелер күні ретінде аталып өтеді.
Бұл күннің мақсаты – қоғам назарын репродуктивті денсаулықты жақсарту қажеттілігіне аудару және медицина қызметкерлері мен шала туған нәрестелері бар отбасылар кездесетін қиындықтарды шешуге көмектесу. Жыл сайын әлемде 15 миллион нәресте шала туылады, бұл барлық жаңа туған нәрестелердің шамамен 10%-ын құрайды. Қазақстанда жыл сайын 20-22 мың нәресте шала туылады, бұл барлық босанулардың шамамен 5%-ын құрайды. Жүктілік мерзімі 36 аптадан аз және салмағы 2500 грамнан аз бұл нәрестелер ерекше назар аударуды және күтімді қажет етеді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1993 жылы Гейдар Әлиев атындағы «Әзербайжан-Қазақстан» достық қоғамы құрылды. Қоғам Қазақстан мен Әзербайжанның екіжақты өзара қатынастарының дамуында маңызды рөл атқарып, Нұр-Сұлтан мен Баку қалалары арасында достық байланысты нығайту ісіне үлесін қосып отыр.
2005 жылы Қазақстанның орталық спорт клубының альпинизм және шыңға өрмелеушілер командасы Антарктидада Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын көтеріп, салтанатты түрде лагерь ашты. «Қазақстан - Антарктида-2005» спорттық-альпинизм және шыңға өрмелеушілер командасы Оңтүстік полюстегі осы уақытқа дейін ешкім бағындырмаған бес құзар биіктіктің төбесіне табан тіреді. Сөйтіп, бұл биіктіктерге «Қазақстан шыңы», «Астана шыңы», «Қазақстан халқы Ассамблеясы шыңы», «Әл-Фараби шыңы», «Оңтүстік Олимп биіктігі» деген ат берді. Осылайша, Антрактида картасында жаңадан шыңдар пайда болды.
2010 жылы Алматы қаласындағы Қ. Қожамжаров атындағы Ұйғыр музыкалық комедия театрында танымал қазақстандық хореограф, балет шебері, ҚР Халық әртісі Болат Аюхановқа әлемдік мәдениетті дамытуға қосқан жеке үлесі үшін Халықаралық Сократ сыйлығын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. «Socrates Award Ceremony» атты Халықаралық Сократ сыйлығы – кәсіби саладағы жетістіктердің бағасы ең жоғары, халықаралық дәрежеде мойындау белгісі. Болат Аюханов – Қазақстандағы бұл сыйлықтың алғашқы лауреаты.
2014 жылы Алматыда ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қазақ фольклорының 100 томдық «Бабалар сөзі» жинағының таныстырылымы өтті.
2014 жылы Қостанайда зағип ақындар шығарған өлеңдердің алғашқы жинағы жарыққа шықты. «Сезімдер кемпірқосағы» («Радуга чувств») деп аталатын жаңа кітапқа бүкіл облыстағы «ерекше» тоғыз ақынның шығармалары кірді.
2016 жылы Қостанай облысының Қостанай мен Таран аудандары мен Рудный қаласының шекарасына өзгеріс енгізілді. Жалпы ауданы 5288 га болатын Қостанай және Таранов аудандарының жер бөлігі облыстық маңызы бар қала Рудный шекарасына қосылды.
2017 жылы қазақстандық әнші Димаш Құдайберген орындаған «Moonlight over the Sea» əні АҚШ-та өткен HOLLYWOOD MUSIC IN MEDIA AWARDS марапаты кешінде «Видео ойындағы үздік саундтрек» аталымы бойынша жеңіске жетті. Үздік санудтрек атанған «Moonlight over the Sea» əні Қытайдың «Moonlight Blade» атты 3D форматтағы онлайн интернеттік ойынына арнап жазылған.
2017 жылы қазақстандық шахматшы, төрт дүркін әлем чемпионы, халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасова ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Ұлттық ізгі ниет елшісі атанды.
2020 жылы Нұр-Сұлтанда қазақтың тұңғыш антропологі, қазақтар популяциясының генетикалық құрылымын зерттеуші, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Оразақ Ысмағұлов пен антрополог ғалым Айнагүл Ысмағұлованың «Қазақ халқы және ата тегі» («Казахский народ и его происхождение») кітабының тұсаукесері өтті. Авторлардың зерттеу еңбегі ата-бабасының көне жерінде тұрып жатқан қазақтардың шыққан тегіне қызығушылық танытқан оқырмандарға арналған.
2020 жылы Алматыда Батырхан Шүкенов бейнеленген пошта маркасы шықты. Батырхан Шүкенов атындағы қор атап өткендей, пошта маркасы #BatyrLetters акциясы аясында шығарылған.
2021 жылы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінде белгілі қазақстандық журналист, БАҚ саласындағы ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, Қазақстан журналистика академиясының академигі Михаил Викторович Дорофеев атындағы аудиторияның ашылуы өтті.
2023 жылы Қазақстан астанасындағы «Астана Арена» стадионында 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде Қазақстан мен Сан-Марино арасындағы ойын өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан құрамасына Сан-Мариноға қарсы ойында қолдау көрсету үшін келді. Қазақстан құрамасы 3:1 есебімен жеңіске жетті. Ислам Чесноков дубль жасады. Үшінші голды Абат Айымбетов пенальтиден соқты.
2023 жылы Бірыңғай дистрибьютор SK-Pharmacia мен халықаралық Pfizer биофармацевтикалық компаниясы арасында ұзақ мерзімді келісімге қол қойылды. Осы келісім аясында америкалық фармацевтикалық алпауыт Pfizer елде инновациялық вакцинаның келісімшарттық өндірісін ұйымдастыруды өз мойнына алып, 20 валентті пневмококк конъюгаттық вакцинаны Қазақстанға 10 жылға жеткізуге міндеттенді. Вакцинаны Бірыңғай дистрибьютор сатып алды. Қазақстан Pfizer инновациялық вакцинаның келісімшарттық өндірісін құруды жоспарлап отырған Еуразия аймағындағы және Орталық Азия елдеріндегі бірінші ел.
2024 жылы Жапонияның Хачинохе қаласында өткен коньки тебуден төрт құрлық чемпионатында Қазақстан құрамасы алтын, күміс және қола медальдардың толық жиынтығын жеңіп алды. Команда құрамында 17 спортшы болды: тоғыз ер адам және сегіз әйел. Ең жас қатысушы 18 жаста болды.
2024 жылы қазақстандық 17 жастағы әнші Аделина Мұхаметжанова Миннесота академиялық вокал байқауында үшінші рет жеңіске жетті. Соңғы үш жылда ол АҚШ-тағы ұлттық байқауларда 10-нан астам марапатқа ие болды. Бұл жолы Аделина үш композицияны орындады: Нұрғиса Тілендиевтің «Ақ Шағала», Иоганн Штраустың «Mein Herr Marquis» («Die Fledermause») және Эми Бичтің «I Send My Heart Up to Thee».