17 медаль - қастерлі Тәуелсіздігімізге өлшеусіз сый

АСТАНА. ҚазАқпарат - қазақстандық спортшылар тұңғыш рет Оңтүстік Америкада өткен ХХХI Олимпиадада Ұлы дала елінің қайтпас қайраты мен жасымас жігерін жер-жаһанға паш етіп, үлкен жеңістермен оралды, деп жазады «Айқын» газеті.
None
None

Елбасы қай салада да әлемдік озық «отыздыққа» ену міндетін қойғаны мәлім. Спорттағы өрендеріміз оны лайықты орындады. 

Осылайша, біз өз алдымызға биік мақ­саттар қойып, оларға қол жет­кізе ала­ты­ны­мызды өзімізге де, өзгеге де дәлелдей біл­дік. Қазақ­стан­ның бұл жетістігі елі­міз­дегі ты­ныштық, тұрақтылық, хал­қы­мыз­­дың бірлігі және болашаққа де­ген берік се­німі арқасында мүм­кін болды. Әйтпесе, бә­ріміз куә бол­ғанымыздай, төрткүл дү­ние­дегі дүрбелеңге түсіп, берекесі кеткен мем­­лекеттердің көбі Рио де Жа­ней­родағы жаз­ғы Ойындарда бұ­рынғы биік тұғыр­ла­рын жоғалтты, жұрт­шылығының рухы тү­сіп, жі­гері жасыды. 
Ұлт көшбасшысы айтқанындай, біздің жеңісті де жемісті жолы­мыз­дың негізінде бас­ты құндылығымыз - Тәуелсіздік тұр­ды және тұра бер­мек. Ал, сайыпқыран спорт­шы­лары­мыздың дүниежүзілік басты до­дадағы жеңісі биыл аталып өтіп жатқан азат­тығымыздың ширек ғасырлық мерей­тойына үлкен тар­ту болып отыр. 
Ресми статистика бойынша Рио­дағы Олим­пиаданы жер ша­рын­дағы әрбір екін­ші адам - 3 мил­лиардтан артық жан кө­ріпті. Демек, осынау жаһандық жа­рыс­та қа­зақ атын шығарып, көк бай­ра­ғы­мыз­ды биікте желбіреткен ұлан­дарымызға қа­лай қошемет көр­сет­сек те жарасады. 
Осы орайда Астанада Елбасы Н.Назарбаев­тың қатысуымен «Олимпиада жеңімпаздары - ұлт мақтанышы» аталған ма­рапаттау рәсімі өтті. Онда ХХХІ Олим­пиа­дада жеңіс тұғырына көтерілген, жүл­де олжалаған спортшыларымыз ұлық­тал­ды. Бір айта кетер жайт, 5-21 тамыз ара­­­­­л­ығында Риода өт­кен жазғы Ойын­дар­да 26 спорт түрі­нен отандық 104 спортшы ел на­мысын қорғады. Жалпы, бұл Олим­­пиа­дада бабы мен бағын қа­тар сы­наған 207 құрама деле­гациясының ішінде тек 78-і ғана медальдарға 
қол жеткізіпті. Қа­зақстанның қор­жынына әртүрлі құн­ды­лықтағы 17 медаль түсті. Осы­ның нәтиже­сін­­де, Қазақстан жалпы командалық есеп­те 22-орын­ға тұ­рақ­тады.
Алдымен, Олимпиада чем­пион­дары мен жүлдегерлері салта­нат­ты шеру жасап, елорданың жаңа әкімшілік орталығының бас­ты көшелерімен жүріп өтті. «Бәй­терек» монументі алаңында жиыл­ған жұрт­шы­лықтың ықы­ла­сына бөленген Қазақстан мақ­та­ныштары кабриолеттер кортежіне жайғасып, «Қазақстан» орталық концерт залына бет алды. Мұнда да оларды қалың нө­пір халық - астаналықтар мен қала қо­нақтары құрмет-қошеметпен, ду қол со­ға және ұрандай қарсы алды. Арнайы жайылған қызыл қалың кілеммен сарайдың орталық залына еніп, төрге көтерілген үз­дік олимпия­шы­ларымыздың сапын бок­стан ал­тын медаль әкелген Данияр Елеу­сінов бастады. 
Олимпиадада желбіреген Мем­лекеттік туды рәсім барысында Ел­басыға тапсыру мәртебесі де ұлт­тық құрамамыздың капи­та­ны Даниярға бұйырыпты.
Осыдан кейін сахнаға көтеріл­ген Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев ел үмітін ақ­таған 17 ұланның әрқай­сы­сының қо­лын қысып, құттықтап шық­ты. 
- Құрметті отандастар! Қадірлі спорт­шы­лар! - деді барша қазақ­стандықтарға қайы­рылған Прези­дент. - Сіздерді Рио де Жанейро Олимпиадасындағы жарқын жеңі­сімізбен құттықтаймын! Біздің саң­­лақ спортшыларымыз төрт жыл­да бір рет ке­­летін дүбірлі дода­да ел сенімін абы­рой­мен ақтады. Біздің Әнұранымыздың «Ал­тын күн аспаны» деп басталуының сим­­вол­­дық мәні бар. 
Бразилия аспанында көк бай­рағымыз үш мәрте барлық мемле­кеттерден биік кө­терілді. Біздің Әнұранымыз үш рет әуе­лей шыр­қалды. Осы Олимпиадада Қа­зақ­стан 17 медальға ие болды. Бұл - әлем­дік олим­пиадалық қозғалысқа қатысудың бүкіл тарихындағы Қазақстанның басқа Олим­пиа­да­ларда жинаған жүлделерден әл­деқайда көп. Мұны біздің спорт­шы­­ла­ры­мыздың, жастардың Тәуел­сіздігіміздің 25 жылдық ме­рейлі белесіне қосқан то­лайым та­бысы деп білеміз!

Мемлекет басшысы «Қазақстан спорты дүниежүзілік бәсекеге қабілеттілігін көр­сет­ті» деп жоғары баға берді және ресми емес медальдік есепте біздің олимпиялық құра­маның әлемнің 207 елінің спорттық құ­рамалары ішінде 22-орында тұрғанын атап көрсетті.

Н.Назарбаев Риодағы жарқын жеңістер жастардың жігерін жанып, жүрегін жа­лын­датып, жаңа биіктерге жетелей беретініне се­нім білдірді: «Жасөспірімдеріміз спортқа ын­тығатын болды, өскелең ұрпақтың пат­риоттық сезімі күшейіп, миллиондаған жас­тардың спортқа құлшынысы артты. Ас­қақ армандарға бірге ұмтылған тілегі ор­тақ, мақсаты бір халқымыздың ынты­ма­ғы мен бірлігі одан әрі нығая түсті. Биік­тер­ге бастайтын жаңа қазақстандық құн­ды­лықтарды біздің биік ұстайтынымызға бар­ша әлем тағы да көз жеткізді» деді ол.
Қазақстан көшбасшысы қызықты бір сан-символикаға назар аудартты. Және Олимпиада трансляцияларын тамаша­ла­ға­нын аңғартты: 
- 17 миллионнан аса халқымыздың ор­тақ қуанышына айналған 17 медаль - қас­терлі тәуелсіздік мерекесіне тамаша тар­ту! - деді Елбасы. - Спортшыларымыз­дың әлем көз тіккен Олимпиадада еткен ең­бегін, төккен терін, паш еткен өнерін бар­лық қазақстандықтар болып күндіз де, түн­де де бақылап, жанкүйер және тілектес бо­лып отырдық. Біз бәрін білеміз, ұлан­да­рымыз қаншама қиындықтар кездескеніне қара­мастан, ақыры жаһандық сайыстан абы­роймен оралды. Сондықтан ұлттық құра­мамызды табысты өнер көрсетуімен құт­тықтап, тағы да бір рет қуанышымызды біл­дірейік! - деген сөздер ду қол шапалаққа ұлас­ты. 
Біздің спортшыларымыз Олим­пиа­да­да­ғы медальдарымен, жоғары спорттық нә­тижелерімен және жетістіктерімен «елі­міздің халықаралық спорттағы даңқының ас­қақтығын, мәртебесінің биіктігін дәлел­де­ді». 
- Біздің олимпияшылдардың әлем ал­дындағы жеңісі Қазақстан халқының бір­тұ­тастығын, беріктігін, бірауыздылығын ке­зекті рет айғақтады. Біздің құрама әр­түр­лі этнос өкілдерінен құралды. Бірақ әлем­дік сайыс кезінде барша қазақстандықтар әрбір спортшымызға бір адамдай, бір ниет, бір ықыласпен жанкүйер болды. Бұл ретте қарсыластарды адал жеңу арқылы биік тұғы­рларға көтеріліп, қуаныш сыйлаған­дары үшін спортшыларымызға алғыс айта­мыз! - деді Президент.
Осыдан кейін Мемлекет басшысы ел мақ­­танышына айналған Ұлы Дала ұланда­ры­ның әрқайсысына жеке тоқталып, баға бе­ре кетті. Боксшы Данияр Елеусінов ұл­ты­мыздың намысы мен туын жықпаған ер жүректі, сом білекті, гүрзі жұдырықты қа­зақ батырларының жеңісті жолы үзіл­ме­ге­нін дәлелдеп берді. 
Қазақстан негізінен дәулетті, озық ел­дер­дің маңдайына жазылған спорттағы биік межені бағындырды: 21 жасар Дмит­рий Баландин нағыз сенсация жасап, 200 метр­де брасс әдісімен жүзуде ірі держава­лар­­дың беткеұстар жеңімпаздарын артта қал­­дырып, алтын медаль иеленді. Тәуел­сіз­дігіміздің түлегі Д.Баландиннің аты енді «суда жүзу спортынан біздің тұңғыш Олим­пиада чемпионымыз» ретінде ел тарихына алтын әріптермен жазылмақ. Мемлекет бас­шысы оны үлгі етіп, енді көптеген ата-ана­лар өз балаларын суда жүзуге кәсіби тұр­ғыда үйрете бастайтынынан үміт біл­дір­ді. 
Өзінің тағдыры мен болашағын біздің мем­лекетімізбен байланыстырған ауыр ат­лет Ниджат Рахимов та ерекше жетіс­тік­терге жетіп, Олимпиада жеңімпазы атанды. Ары қарай тек қазақ елінің туы астында өнер көрсетуді қалайтынын үзілді-кесілді мә­лімдеген Нижат бауырымыз озық, жа­сам­паз, табанды әрі талантты жастар үшін Қазақстанда барлық жағдай жасалғанын әлемге паш етті. 
- Олимпиададағы табыстың ортақ қор­жы­нына 5 күміс және 9 қола медаль иегер­ле­рі мол олжа салды, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. - Бұл қазақстандық спорттың перс­пективасын көрсетеді. Әрбір қола не кү­міс жүлдегер талмай еңбектенсе, тынбай жат­тықса, келесі жаһандық бәсекенің жеңіс тұғырына көтеріле алады. Ендеше біз олар­ға да табыс тілейміз. Ерекше айта ке­тер жайт, дзюдодан күміс жүлдегер Елдос Сме­тов пен қола медаль иегері Отгонцэцэг Гал­бадрах Олимпиада тұғырына жарыстың алғашқы күндері-ақ шықты. Бұл біздің бү­кіл құрамамыздың жеңісіне қомақты үлес қосып, соның берік негізін қалады.
Ұлт көшбасшысы күміс жүлдегерлер Әділ­бек Ниязымбетов пен Василий Леви­т ­­ал­тын медаль иегерлерімен тең дәрежеде ма­рапат пен сыйақы алатынын, себебі, олар­дың жеңіске пара-пар өнеріне тек қа­зақстандықтар ғана емес, бүкіл әлемдегі жан­күйерлер қол соққанын, жеңгеніне се­німді болғанын нықтады. 
- Біздің бәріміз жақсы білеміз, осы қос бокс­шымызды да «Олимпиаданың алтын жүл­десінің иелері» деп санауымыз керек. Сон­дықтан мен марапаттауда да, сый-сия­пат жасауда да оларды алтын медаль иегер­ле­рімен теңестірдім! - деп өз шешімін жа­рия еткен Нұрсұлтан Назарбаевты жи­нал­ған қауым ұзақ қол соғып, қызу қуат­та­ды. 
Осылайша, Елбасы «Левит-Тищенко жек­пе-жегінде шынында, кім жеңді?» деген дау­ға Қазақстан үшін нүкте қойды. Айт­қан­дай, бұл да - тәуелсіздіктің белгісі! Кеңес Ода­ғында осындай шешімге де Мәскеудің ке­лі­сімін алу керек болар еді. Ресей - әрине, хал­қының саны, жерінің аумағы, эко­но­ми­ка­сының көлемі жөнінен әлденеше есе ірі мем­лекет. Бірақ әлемдегі тәуелсіз елдер әділ бәсекеде адал жеңулері керек. Бұл - әлем­дік құқық пен тәртіптің берік қағи­да­сы. 
Әйтпесе, қазақстандық боксшының сұм­дық соққысынан есеңгіреп, құларман бо­лып тұрған ресейлік Тищенкоға дәрігер­лер көмекке келіп, құтқарып қалғанын төрт­күл дүниенің дүйім жұртшылығы көр­ді. Ақырында, судьялардың жеңісті ресейлік спорт­шыға берген шешімін әр елден келген жанкүйерлердің ешқайсысы құптамай, бір адам­дай қиқуға басты. Шетелдік басы­лым­дар Бразилияда «португалша айғайлайтын» Қа­зақстан жанкүйерлерінің көптігіне қай­ран қала жазды. 
Бір қызығы сол, сұрау салынған ресей­лік­тердің 67 пайызы да Тищенконың Ле­вит­ті жеңгенін мойындамайды екен! Ре­сей­лік «Советский спорт» басылымы ма­ман­дарының сараптауынша, Левиттің жеңісі даусыз, ешқандай сұрақ тудырмайды. «Раунд ортасында ол мықтап тұрып екі рет өте қуатты соққы жасады да, ресейлік тең­се­ліп кетті. Оның үстіне, мұрнынан қан бұрқ етті. Қабағы да жарылған. Ресейлікті дәрі­герлер бір жарым минут бойы ретке кел­тірді. Ол біраз тынығып алды, бірақ ж­арыс соңына дейін Левитке тегеурінділігі және дәлдігі тұрғысынан тең келер жауап соқ­қы жасай алмады» деп адалын жазады көр­ші елдің белді спорттық басылымы. 
Қазақстанда Олимпиададағы «алтын медаль» үшін спортшы - 250 мың доллар, «кү­міс медаль» үшін - 150 мың доллар, ал «қола жүлде» үшін 75 мың доллар алады, бұл заңмен нақты бекітілген. Мұның сыр­тында жергілікті атқарушы органдар жеңім­пазды және жүлдегерлерді тиісінше, үш, екі және бір бөлмелі баспанамен қам­тамасыз етуге міндетті, бұл да - енді заң та­­лабы. Осыған байланысты Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт істері және де­не шынықтыру комитетінің төрағасы Ел­сияр Қанағатов Олимпиадада екінші орын алған В.Левит пен Ә.Ния­зым­бетовтің сый-сияпатын «алтын» деңгейіне дейін толықтыру қандай көздерден жүре­тінін хабарлады. 
«Қосымша қаржыларды демеушілер тауып береді деген ойдамын. Біздің Олим­пиялық құраманың серіктесі болған және көмектескен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына алғыс білдіргіміз келеді. Олар өз тарапынан бұл бастамамызды қол­дайды деген үміттеміз» деді журналистер сұ­рағына жауап берген Елсияр Баймұха­мед­ұлы. Мемлекеттік бюджеттен оларға тек 150 мың доллар төленеді. 
Салтанатты шарадағы сөзінде Елбасы Н.Назарбаев жеңіл атлет Ольга Рыпакова­ның қола медалін де бейресми «алтын жүл­де» ретінде бағалайтынын айтты. Рио Олим­пиадасында үшінші орын алған Ольга араға бірер күн салып, 26 тамызда Швей­царияның Лозанна қаласындағы ХІ  «Гауһар лига» жеңіл атлеттер турниріне қатысып, кү­міс жүлдеге қол жеткізіп үлгерді. Бұған дейін спортшымыз Лондон Олим­пиа­да­сын­да Қазақстан қоржынына алтын медаль салған болатын. Сол себепті де Нұрсұлтан Назарбаев жеңіл атлеттің ел спортының да­муына қосқан құнды үлесін жеке атап өтуді лайық көрді. 
- Жеңіл атлетикадағы биік шыңдардың бі­рі - Ольга Рыпакованың еншісінде. Бұл жо­лы ол үшінші нәтиже көрсетті. Ольганың қо­ла медалі де алтын жүлдеге татиды. Неге? Се­бебі, ол  Лондон мен Рио олимпиадалары ара­сында өмірге ұл әкеліп үлгерді. Қазір сә­биі үшке толды. Екі бүлдіршінін өсірумен бір­ге, спорттық қабілет-қарымын сақтап қа­ла алды. Ольга - біріншіден, ана, екін­ші­ден, нағыз батыр әйел! - деді Мемлекет басшысы. 
Қазақстан көшбасшысы жаһандық жаз­ғы Ойындардағы табысымызды сом­даған барша жандарға - ұлттық құраманың жат­тықтырушылар құрамына, керемет қол­дау көрсеткен олимпиадашылардың отбасыларына және барша қазақ­стан­дық­тар­ға алғыс білдірді. Адал бәсекеде көр­сеткен ерік-жігері мен олимпиялық даңқ-қа ұмтылысы үшін спортшыларға да рақ­метін айтқан Елбасы оларға болашақта да биік тұғырлардан көріне беруін тіледі.
Әрине, медальдардың жиынтығы бойын­ша биыл рекорд орнатылғанымен, алтын ме­даль бойынша рекорд Лондон Олимпиа­да­­сының еншісінде қалды. 2012 жылы Ұлыб­ритания астанасында өткен жазғы Ойын­дардан қазақстандық спортшылар 7 ал­тын, 1 күміс және 5 қола медальды қан­жы­ғасына байлап қайтқан болатын. Нә­ти­жесінде, жалпы командалық есепте Қа­зақ­стан бұрынғы 29-орыннан бірден 12-тұ­ғырға көтеріліп еді.
Ол межеге қайта қол жеткізу үшін спорт­шыларымыз көп жаттығуы керек. 
- Чемпион әрқашан жаттығудан жа­лық­пауға тиіс. Өйткені келесі Олимпиадаға бүкіл әлемде барлығы да қызу дайындалады. Бұл істе ештеңе бір орында тұрмайды, даму үс­тінде. Тоқмейілсіп, тоқтап қалудың жөні жоқ. Тіпті Олимпиадаға қатысып қайтқан­дар­дың өздері мұны алдағы алтын, күміс, қо­ла жүлдеге апарар құнды тәжірибеге ай­нал­дырулары қажет. Барлық қатысу­шы­лар, ұлттық делегациямыздың мүшелері өз­дерінің мүмкіндіктері мен қателіктерін көр­ді, байқады және ерінбей еңбек етсе, ең биік асулар алынатынын түсінді. Сон­дық­тан барлық спортшыларға табысты болуды, жаңа биіктерді бағындыруды тілеймін, - де­ді Президент. 
Қазақстан көшбасшысы ұлттық құра­ма­ның жетістіктері 7-18 қыркүйек аралы­ғында Рио де Жанейрода өтетін ХV жазғы Паралимпия ойындарына қатысатын спортшыларға рух беретінін айтып, оларға табыс пен жақсы нәтиже тіледі. Паралим­пиа­даға Қазақстаннан 10 спортшы қаты­са­ды. Атап айтқанда, жүзуде Роман Агала­ков, Наталья Звягинцева, Әнуар Ахметов пен Зүлфия Ғабидуллина, дзюдода Әнуар Са­риев, пауэрлифтингте Гүлбану Әбді­xа­лықова, Раушан Қойшыбаева, Вадим Ду­карт, жеңіл атлетикада Аман Қалқаев, ал са­дақ атуда Александр Медведев бабы мен ба­ғын сынайды.
Сөзін қорыта келе, Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың спорттағы жетіс­тік­терін елдегі ілгерілеушіліктерден бөліп-жа­ра қарауға болмайтынын қаперге салды:
- Қазақстанның спорттағы табыстары - тәуелсіздік жылдары қол жеткізген елі­міз­дің ұлы жетістіктерінің бөлінбес бөл­ше­гі. Егер азаттығымыз болмағанда, осынша спортшымызды Олимпиадаға қатыстыра да алмайтын едік! Тек егемендік алған соң ға­на біздің спортшылар барлық әлемдік спорт сайыстарына лайықты дайындалып, қа­тыса бастады. Қазақстан әлемдік олим­пиадалық қозғалысқа қатысқан 25 жыл бе­лесінде атлеттеріміз көптеген жарқын жеңістерге қол жеткізді. Олардың есімдері - ел есінде.
Елбасының айтуынша, қазақстан­дық­тардың осы жолы жеңіп алған марапат­та­рын қосқанда, еліміздің олимпиадалық қа­зынасындағы медаль саны 69-ға жетті. 
- Біздің елімізде 1992 жылдан бергі жаз­ғы және қысқы Олимпия ойындарында жеңім­паз болған 19 олимпиада чемпионы, 22 күміс және 28 қола медаль иегерлері бар. Бұл жоғары жетістіктер - мемлекеттің тұ­рақ­ты қамқорлығының, спортшылардың жат­тығуы мен спорттың дамуына жағдай жа­сауының нәтижесі. Біздің жастар спорт­пен көбірек шұғылдануы керек. Бүкіл елі­міз бойынша тұрғызылған спорттық құры­лыс­тар тәулік бойы жастарға толы болуы қажет! - деген Н.Назарбаев мұның әр адам­ға не үшін қажеттігін де түсіндіре кетті. 
Біріншіден, біз осының арқасында әлем­дегі дені-қары сау ұлттардың біріне ай­на­ламыз. Екіншіден, бұл әрбір қазақ­стан­дықтың табысының берік негізін қа­лай­ды. Шынықсаң, тек шымыр ғана емес, сұлу, сүйкімді боласың. Сылбыр, енжар, ауру­шаң адамдарға қарағанда, жігерлі, тұл­ғалы, тың адамдар көбірек жетістікке же­теді, жұмыс берушілер тарапынан жоғары бағаланады. 
- Қазіргі заманда әлем өте жылдам да­му­да және өзгеруде. Жаһандану және ин­тег­рациялану жоғары қарқын алған. Қазір­гі адамдар, бизнесмендер бүкіл әлемді шар­лап, сапарлайды. Мұның барлығы мық­ты денсаулықты, сергектікті талап ете­ді. Өз әлеуетіңді жүзеге асыру, өз өміріңді тұр­ғызу, өз отбасыңды құрып, асырау да мық­­ты денсаулықты қажет етеді. Олай бол­са, біздің жеңімпаз спортшылардың же­тіс­тіктері барша Қазақстан жұртшылығын, бар­ша жастарды спортқа бастап, шабыт­тан­дыра берсін! - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ол спортпен айналысу үшін барлық жағ­дай жасалғанын еске салды. Жыл сайын спорт­тық инфрақұрылымның жаңа объек­ті­лері іске қосылуда. Қазір бүкіл еліміз бойынша спорттық нысандар саны 36 мың­нан асты. Олардың 24 мыңнан астамы - білім беру мекемелерінің қызметінде. Осы­ның барлығы - отандық спортты та­бысты дамытудың базасы. Ал спорт де­гені­міз - денсаулық, күш-қуат, табанды ерік-жігер және биік рух. Осының арқасында Қазақ­станның әлемдік даңқы жаңа чем­пиондар есімімен, жаңа рекордтармен және ғаламат жеңістермен асқақтай береді.
Мемлекет басшысы студенттік спортта­ғы маңызды оқиғаға - Алматыдағы қысқы Универсиадаға дайындық ақырғы кезеңге шыққанын хабарлай кетті. Жастардың жаһан­дық спорт додасы келер жылдың 28 қаң­тарында басталып, 8 ақпанға дейін со­зылмақ. «Бүгінде дайындық шараларын са­палы аяқтау маңызды. Онда бәрі кесте бойынша жүруде. Жас спортшылар үшін бұл келесі қысқы Олимпиада жолындағы маңыз­ды кезең болады» деді Н.Назарбаев. XXIII қысқы Ойындар 1918 жылдың 9-25 ақ­паны аралығында Оңтүстік Кореяның Пхёнч­хан қаласында өтпек. 
- Алдағы осы бүкіләлемдік Ойындарда да қысқы спорт түрлері бойынша қазақ­стан­­дық спортшылар Риодағы жеңісті шеруі­мізді жалғастырады деген сенімдемін, - деген Президент Нұрсұлтан Назарбаев сөз соңында барша қазақстандықтарды та­ғы да қол жеткен жеңісімізбен құттық­та­ды. Ал спортшыларға әлемдік спорт биігін­де жаңа табысқа жетулеріне тілектестік біл­дірді. 
- Жоғарғы жеңістерге, ел алғысы мен құр­метіне әрдайым лайық болыңыздар! - деп аманат жүктеді Ұлт көшбасшысы.
Сый-құрметтің жалғасы ретінде Мем­ле­кет басшысы Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін мемлекеттік награ­да­лар­мен марапаттау туралы Жарлыққа қол қой­ған екен. Қазақстан Президенті Олим­п­иада чемпиондарын II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады. Елбасы қолынан осы­нау жоғары награданы Олимпиада чем­пиондары Данияр Елеусінов, Дмитрий Ба­ландин және Ниджат Раxимов алды. Со­­нымен бірге, осы орденге Олимпиа­да­ның күміс жүлделерін олжалаған Әділбек Ниязымбетов пен Василий Левит те лайық деп танылды.
Күміс медаль иегерлері - палуан қыз Гүзел Манюрова, ауыр атлет Жазира Жа­парқұл, дзюдошы Елдос Сметов, сондай-ақ, қола жүлде иесі, боксшы Иван Дычко «Парасат» орденімен марапатталды.
Ал қалған барлық қола медальшыларға - дзюдошы Галбадрах Отгонцецегке, зіл­теміршілер Карина Горичеваға, Александр Зайчиков пен Фархад Харкиге, балуандар Ека­терина Ларионова мен Эльмира Сыз­дықоваға және боксшы Дариға Шәкімоваға Президент «Құрмет» орденін табыстады.
Осыдан кейін сөз алған Олимпиада жеңім­паздары мен жүлдегерлері Мемлекет басшысына еліміздегі спорт пен дене тәр­биесін дамыту мәселелеріне ұдайы қолдау көр­сетіп, көңіл бөліп отырғаны үшін алғыс біл­дірді.
Олимпиада чемпионы Данияр Елеусі­нов әлемдік спорт бәйгесіне аттанар ал­дында Елбасының жеңіспен оралу туралы мі­н­дет қойғанын жадында жаңғырта оты­рып, «бұл тапсырманың орындалғанын» мә­лімдеді.
- Мен елдің және Елбасының сенімін ақ­та­ғаныма бақыттымын! Жеңіс тұғырында тұр­ған сәттегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әнұран шырқалғаннан кейін мен сізден жеделхат алдым. Сіз - әрбір спор­тшыға қамқорлық жасайтын және әр­бірі­нің қуанышына ортақтасатын әлемдегі бір­ден бір көшбасшысыз! - деп Прези­дент­ке қайырылған Данияр өзінің жасы 25-те екенін, яғни Тәуелсіздіктің төл құр­да­сы екенін айтты.
- Тәуелсіздік перзенттері барлық сала­да үздік болуы үшін сіз барлық жағдайды жа­сап келесіз. Біздің жеңісіміз - сіздің жә­не барша қазақстандықтың жеңісі. Сіз әлем­дік дамудың биік шыңдарына елімізді бас­тап келесіз! Біз, спортшылар, еліміздің жеңіске жете беруіне жанымызды саламыз. Алға, Қазақстан! - деді чемпион.  
Дмитрий Баландин де Мемлекет бас­шысына алғыс сезімін жеткізді: «Бұл - сіз­дің жеңісіңіз, бұл - сіздің еңбегіңіз! Өйт­ке­ні сіз спортта жоғарғы нәтижелерге же­туі­міз үшін барлығын жасаудасыз. «Олим­пиаданың жеңіс тұғырында тұрып, Қазақстанның әнұранын тыңдасам» деген үлкен арманымның орындалғаны үшін шын жүректен сізге «рақмет!» дегім келеді» деді 200 метр қашықтықтағы әлемнің үздік жүзушісі. 
Дмитрий Олимпиадада қазақстан­дық­тардың қуатты қолдауын сезгендерін әң­гімеледі. «Бұл бізге жеңуімізге көмектесті. Елі­ме алғыс айтамын! Алға, менің Қазақ­ста­ным!» деді ол.
Күміс жүлдегер Жазира Жаппарқұл қа­зақ­тың ақ батасынан және жігерді жаныр серт­тен артық ешқандай допинг керек емес­­тігін білдірді: 
- Аса ардақты Президент! Сіздің Ақор­дада берген ақ батаңыз бізді ақ жолға бас­тады. Мен сапарға шығарда Мемлекет бас­шысының және халқымның үмітін ақ­тай­мын деп өзіме серт бердім. Сертімде тұр­дым деген ойдамын. Сіздерге рақмет! - деді зілтемірші қыз.
Ресейден Қазақ еліне келіп, бағы ашыл­ған күміс медаль иегері Гүзел Маню­ро­ва ел мен Елбасы алдында тұрып, Олим­пиа­дадағыдай толқыды:
- Сіздің қамқорлығыңыз бен қол­дауыңыз арқасында маған Олимпиадаға та­ғы да қатысып, елге медаль әкелу бақыты бұйыр­ды, - деді Гүзел Таһирқызы дауы­сы­на діріл араласып. - Бұл ешқашан естен кет­пейді. Әлі кезге дейін менің Пре­зи­ден­тім, менің мемлекетім үшін мақтаныш сезі­мі кеудемді кернейді. Біз жеңіске деген құш­тарлығымыз бен күш-жігерімізді көр­сетіп, бүкіл Олимпиада бойында қазақтың көк байрағын биік ұстаумен болдық. Біз бүкіл дүниежүзіне Қазақстанның әлемдік спорттық держава екендігін кезекті рет паш еттік! Бұл - біздің еліміздің, біздің Елбасы­ның алтын дәуірі! - деген палуан қыз Нұрсұлтан Назарбаевқа «республика­мыз­дың тізгінін ары қарай да мықты қолмен ұстап, ұлы жеңістерге бастай беру үшін мық­ты денсаулық, қажымас қайрат» тіледі.
Қазақстан көшбасшысы да жеңімпаз ұлан­дарымызға деген ыстық ықыласы мен әкелік мейірімін іркіп қалмады: «Қым­бат­сыңдар бізге бәрің! Енді барлық жерде қо­­шеметпен қарсы алып, сендерді құшақ­тайтын болады, тек тұншықтырып тас­та­масын!» деді Президент күлімсіреп. Расын­да, рәсім біте салысымен, «Қазақстан» ор­­талық концерт залына жиылған қалың нөпір халық Олимпиада жұлдыздарына лап қойып, естелік суретке түсуге асығып жат­ты.
Қазақстан көшбасшысының байла­мын­­ша, Рио де Жанейродағы жарқын жеңіс­­тер ел тәуелсіздігінің екінші шире­гін­дегі толағай табыстарымыздың бастауы болып саналады. 
- Бірнеше айдан кейін біз ел тәуел­сіз­ді­­гі­нің 25 жылдығын атап өтеміз. Бұл - бү­кіл хал­қымыздың, әрбір қазақтың, әрбір қа­­зақ­стандықтың ұлы тойы. Ата-бабаның аңсарлы арманына айналған азаттыққа қо­лымыз жетті, Қазақстанның дәрежесін бүкіл дүниежүзі бойынша әр салада кө­терудеміз, тәуелсіз жаңа ұрпақ дайындадық. Жастарымыз әлемнің ең озық білімінен су­сындауда. Олар еліміздің болашағына жұ­мыс жасауда. Атқаратын іс әлі көп. Бірақ осы 25 жыл ішінде ауыз толтырып айтарлық жетістіктерге жеттік. Біздің еліміз әлі талай биік­терден көрінеді, біздің өрендеріміз әлі қан­шама жеңіс тұғырына шығады. Жеңіс­тен жеңіске жете берейік! Көк байрағымыз әрдайым биіктен желбіреп, әнұранымыз асқақтай берсін! - деп түйді Елбасы.
Келесі XXXII жазғы Олимпия ойын­дары 2020 жылы Токиода өтеді.

P.S. 

Әлем екі аптадан артық уақыт бойы көз тіккен жаһандық спорт додасының жеңімпаздары «бейбіт заман батырлары» деп атауға әбден лайық. Өйткені олар ел намысын қорғап, жекпе-жекте барлық қарсыластарды жеңді. Жаратқан Ие лайым тек спорт сайыстарында ғана күш сынасуға жазғай дейміз. 

 

Соңғы жаңалықтар