17:58, 29 Қазан 2015 | GMT +5
17 мың теңге үшін үйдің қожайыны мен итін атып тастаған - ОҚО
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері ауыл тұрғынының үйіне шабуыл жасап, адам өлтіргендерді іздестіруде. Қанды оқиға 27 қазанның түнінде болған, деп жазады otyrar.kz.

Сарыағаш аудандық ішкі істер басқармасына сағат 22:00-де аудандық ауруханаға оқ жарақатын алған ер кісінің жеткізілгені жайлы суыт хабар түседі. 41 жастағы жәбірленуші алған жарақатынан есін жимаған күйі жан тапсырған.
Жедел тексеру жүргізген полицейлер марқұмның үйіне қарақшылық шабуыл жасалғанын анықтайды. Сағат кешкі 21:30-да үйге бетперде киген белгісіз үшеу баса-көктеп кіреді. Олар алдымен есік алдындағы итті, содан кейін үй иесін атқан. Одан кейін әйелін қорқытып, 17 мың теңгені тартып алған күйі қашып кетіпті.
Қазір бұл факт Сарыағаш аудандық ішкі істер басқармасында тіркеліп, кісі өлтіруге байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Арнайы топ құрылып, тәртіп сақшылары ауыр қылмысқа қатысы бар адамдарды іздеуге кіріскен.