17 НАУРЫЗ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
17 НАУРЫЗ, ДҮЙСЕНБІ
Ирландия Республикасының Ұлттық мейрамы - Әулие Патрик күні. Ирландия Республикасы - Батыс Еуропадағы мемлекет. Ирланд аралының 5/6 бөлігін алып жатыр. Астанасы - Дублин қаласы. Ресми тілі - ирланд және ағылшын тілдері. Ұлттық ақша бірлігі - ирланд фунты. Ирландия - парламенттік республика. 1937 жылы қабылданған Конституциясы бойынша мемлекет басшысы - Президент жалпыхалықтық сайлауда 7 жылға сайланады. Заң шығарушы органы - екі палаталы (сенат және өкілдер) Ұлттық парламент. Ел әкімшілік-аумақтық жағынан 26 графтыққа бөлінеді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
19 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы құрылды.
11 жыл бұрын (2003) «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» жабық акционерлік қоғамы жанынан жаңа еншілес кәсіпорын - «ҚазМұнайТеңіз» теңіз мұнай компаниясы» жабық акционерлік қоғамы құрылды.
9 жыл бұрын (2005) 2005 жылғы қаңтардың 25-інде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен, ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген «2005-2007 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында ғарыш қызметін дамыту» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес «Қазғарыш» Ұлттық компаниясы» АҚ құрылды.
24 жыл бұрын (1990) Алматыда Қазақстан кәрістерінің құрылтайы өтті. Онда Республикалық кәріс мәдениеті орталықтарының қауымдастығы құрылды.
19 жыл бұрын (1995) журналистика саласының Жалпыұлттық «Алтын жұлдыз» атты сыйлығы тағайындалды. 2001 жылдан бастап «Алтын Жұлдыз» Қазақстан Журналистика академиясының ресми сыйлығы болып табылады. «Алтын Жұлдыз» сыйлығы -шығармашылық табыстарды және қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге түсе алатындығын кәсіби және қоғамдық танудың жоғары белгісі. Қазіргі таңда Қазақстан журналистикасының дамуына өздерінің үлестерін қосқан үшін 100-ден аса шеберлер «Алтын Жұлдыз» сыйлығының иегерлері болып табылады.
8 жыл бұрын (2006) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Швеция Королдігі Үкіметі арасындағы инвестицияны ынталандыру және өзара қорғау жөніндегі Келісімді бекіту туралы», «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Латвия Республикасы Үкіметі арасындағы инвестицияны ынталандыру және өзара қорғау жөніндегі Келісімді бекіту туралы», «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Пәкістан Ислам Республикасы Үкіметі арасындағы инвестицияны ынталандыру және өзара қорғау жөніндегі Келісімді бекіту туралы» заңдарға қол қойды.
4 жыл бұрын (2010) Алматыда Ұлттық кітапханада рунолог Тайжан Досановтың «Руника құпиясы» атты еңбегінің тұсаукесер рәсімі өтті.
Аталмыш кітап «Өлке» баспасынан орыс тілінде 2000 данамен жарық көрді. Еңбек - рулық таңбалардың, кең таралған геометриялық символдардың, руникалық жазба генезисінің мәселелеріне арналған. Кітаптың бірінші бөлімі Құдай аттарының этимологиясын анықтауға, ежелгі рулық терминдерге және тұжырымдамада қолданылатын негізгі сөздерге арналса, екінші бөлім жыл санауға дейінгі 3-7 ғасырда Талас өзенінің маңында өмір сүрген үйсіндердің ескерткіштері мен жазбаларындағы мәтін құпиялары, сондай-ақ Сақ жазуы құпиясы мен палеографиялық сараптаудың нәтижесі және 1974 жылы үлкен пікірталас тудыртқан Іле ескерткіш мәтінінің құпиясы ұсынылған. Кітап авторы Тайжан Досановтың айтуынша, ол ежелгі түрік генезисін зерттеуге 30 жыл еңбегін арнаған.
ЕСІМДЕР
76 жыл бұрын (1938-2011) филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі СЕРҒАЛИЕВ Мырзатай дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. 1987-1992 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері, Қазақ мемлекеттік университеті филология кафедрасының аға оқытушысы, меңгерушісі, филология факультетінің деканы болған.
Мерзімді және әдеби баспасөз беттерінде, сондай-ақ «Уақыт және қаламгер», «Сөзстан», «Сөз өнері», «Жазушы және сөз мәдениеті», «М.Әуезовтің қазақ тілін дамытудағы рөлі», «Мұхтар мұрасы», «С.Мұқановтың әдеби-мәдени мұрасы және қазіргі заман. II том», т.б. ұжымдық жинақтарда қазіргі әдеби процеске, көркем әдеби тілге қатысты мақалалары мен баяндамалары жарық көрген. Көркем аударма саласында Я.Камалдың, К.Вирхтың, М.Зәрәбтың, К.Дугалдың, Б.Балаждың, Ә.Қадыровтың, В.Кожевниковтың, В.Лацистың әңгімелерін қазақ тіліне аударған.
70 жыл бұрын (1944) физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі ДАМИТОВ Базар Қабдошұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Мәскеу инженерлік физика институтын, И.Курчатов атындағы Атом энергиясы институтының аспирантурасын бітірген. 1972-1973 жылдары - Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының кіші, аға ғылыми қызметкері. 1973-1983 жылдары - Талдықорған педагогикалық институтының кафедра меңгерушісі, деканы, проректоры. 1983-1986 жылдары - Қазақ КСР Ағарту министрлігінің бөлім бастығы. 1986-1991 жылдары - Жамбыл педагогикалық институтының ректоры. 1991-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті және Президенті Аппаратының бөлім меңгерушісі, ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті Іс басқармасының әлеуметтік сала бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары. 1995-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім министрлігі бас басқармасының бастығы. 1997-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің Білім комитеті төрағасының орынбасары, Жоғары білім департаментінің директоры, Ғылым және жоғары білім вице-министрі. 2000-2002 жылдары - Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры. 2002-2005 жылдары - «Бөбек» оқу-сауықтыру орталығының бас директоры. 2005 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім сапасын бағалау ұлттық орталығының директоры қызметін атқарды. Ғалымның 60-тан астам ғылыми жарияланымы жарық көрген.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
93 жыл бұрын (1921-2011) кинорежиссер, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Кинематографистер одағының мүшесі ТІНАЛИНА Дариға Байжұманқызы дүниеге келді.
Ақмола облысы Вишневка ауданында(қазіргі Аршалы ауданы) туған. Алматы театр училищесін, Бүкілодақтық мемлекетік кинематографистер институтының режиссерлік факультетін бітірген.
Еңбек жолын актерліктен бастаған ол «Ақ роза», «Абай әндері», «Жамбыл», «Романтиктер», «Үкімет мүшесі», «Алып туралы ән» көркем фильмдеріндегі эпизодтарда ойнады. 1953 жылдан бастап режиссер ретінде жұмыс істеп, «Қазақстан кеңістігінде» атты ғылыми-танымдық фильмді түсірді. 1954-1958 жылдары «Мосфильм» студиясының режиссері болып, «Салтанат», «Илья Муромец», «Ерекше тапсырма», «Алыстағы тауда» атты көркем фильмдердің түсірілуіне қатысты. 1964 жылдан «Қазақфильм» студиясының режиссёрі ретінде «Қорытпа», «Әзіл шыны аралас», «Ғасырлар пернесі», т.б. көркем және хроникалық-деректі фильмдердің қойылуына ұйытқы болды. 2009 жылы «Экран Шебері» атағына ие болды.
«Черно-белое кино» атты монографиялық кітаптың авторы.
83 жыл бұрын (1931-2006) медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасы Медицина ғылымдары академиясының академигі АЛТЫНБЕКОВ Бауэр Ембергенұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қарағанды медицина институтын бітірген.
1958-1971 жылдары - Қазақ еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері. 1971-1974 жылдары - Ақтөбе мемлекеттік медицина институты жалпы гигиена кафедрасының меңгерушісі. 1974-1990 жылдары - Қазақ еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ғылыми-зерттеу институтының директоры. 1995 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясы жалпы гигиена және экология кафедраларының меңгерушісі болып істеген.
Негізгі ғылыми еңбектері еңбек гигиенасы мен физиологиясы, эргономика, кәсіби патология, әлеуметтік гигиена мәселелеріне арналған. 21 медицина ғылымы кандидатын, 11 докторын даярлаған. «Гигиена труда шахтеров», «Руководство по гигиене труда», «Антракоси-ликоз» (бірлесіп шығарған), «Русско-казахский термино-логический словарь по профилактической методике» атты кітаптардың, 200-ден астам ғылыми жарияланымның, оның ішінде 7 монографияның, 21 әдістемелік ұсыныстың авторы.
«Құрмет», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
56 жыл бұрын (1958) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі ЯКОВЛЕВА Татьяна Ивановна дүниеге келді.
Воронеж облысы Павлов ауданының Воронцовка ауылында туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітірген, экономика ғылымдарының кандидаты. Институтты бітіргеннен кейін Целиноград облысы Балқашин ауданының Максимов ауылында экономист болып еңбек еткен. 1981 - 1993 жж. - Целиноград ауыл шаруашылығы институтының аспиранты, кіші ғылыми қызметкері, кафедра ассистенті, аға оқытушысы. 1993 - 1998 жж. - Целиноград облыстық агроөнеркәсіп комитетінің экономика басқармасы экономика бөлімінің бастығы, басқарма бастығының орынбасары, Ақмола облысының облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, Ақмола облысының ауыл шаруашылығы департаменті бастығының орынбасары. 1998 - 1999 жж. - Ақмола облысы экономика және сауда басқармасының бастығы, Астана қаласы экономика басқармасының бастығы. 1999 - 2003 жж. - Астана қаласы экономика және шағын бизнесті дамыту департаментінің директоры. 2003 - 2006 жж. - «Астана-Таң фирмасы» ЖШС туристік компаниясының бас директоры. 2006 - 2007 жж. - Астана қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры. 2007 - 2011 жж. - төртінші сайланған Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясының партиялық тізімі бойынша сайланды. 2012 жылғы қаңтардан бастап - бесінші сайланған Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының партиялық тізімі бойынша сайланған. «Құрмет» орденімен және медальдармен марапатталған.
59 жыл бұрын (1955) Қостанай облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы ТҰРСЫНОВ Азамат Жанәбілұлы дүниеге келді.
Қостанай облысында туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын ауыл шаруашылығының инженер-механигі мамандығы бойынша бітірген. «Мемауылшартехника» Қарасу аудандық бірлестігінде инженер, инженер-технолог, механикалық отряд бастығы, аға инженер-бақылаушы, кеңшарда бас инженер, директор болды. 1997-2007 жылдары - Қостанай облысы Қарасу ауданының әкімі. 2011-2013 жылдары Қостанай облысы Сарыкөл ауданының әкімі, Қазіргі қызметінде - 2013 жылғы қыркүйектен бері. «Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.
180 жыл бұрын (1834-1900) неміс инженері, конструктор және өнеркәсіпші Готлиб ДАЙМЛЕР дүниеге келді.
94 жыл бұрын (1920-1975) Бангладештің (бұрынғы Шығыс Пәкістан провинциясы) негізін қалаушы, оның тұңғыш президенті және премьер-министрі Шейх Муджибур РАХМАН дүниеге келді.
76 жыл бұрын (1938-1993) кеңестік және британ балет әртісі, ұлы биші және балетмейстер НУРИЕВ Рудольф Хаметович дүниеге келді.