17 тамыз. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 17 тамыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады. 

17 тамыз. Тұлғалар туған күн
Фото: Kazinform/ Midjourney

ЕСІМДЕР

62 жыл бұрын (1963) ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Жақып Қажманұлы АСАНОВ дүниеге келді.

Жақып Қажманұлы АСАНОВ
Фото: gov.kz

Қызылорда қаласында туған. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін бітірген. Заң ғылымдарының кандидаты.

Университетті бітіргеннен кейін Қызылорда облыстық адвокаттар алқасында тағылымдамадан өтті. 1985-1986 жылдары Қызылорда облысының прокуратура органдарында облыс прокурорының көмекшісі, аға көмекшісі және облыстық прокуратурада бөлім бастығы қызметтерін атқарды. 1993-1994 жылдары ҚР Бас прокуратурасының Жалпы қадағалау басқармасының аға прокуроры, ҚР Бас прокуратурасының Жалпы қадағалау басқармасының Банктер, қаржы-несие қатынастары туралы және тексеру органдарындағы заңнаманың сақталуын қадағалау бөлімінің бастығы. 1994-1996 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Заңдылық, құқықтық тәртіп және сот реформасын қамтамасыз ету бөлімінің консультанты, сектор меңгерушісі, 1996-1997 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Салық полициясы басқармасы бастығының бірінші орынбасары, 1997-2001 жылдары ҚР Бас Прокурорының аға көмекшісі — Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасы бастығының орынбасары, осы Басқарманың бастығы, ҚР Бас прокуратурасының Мемлекеттік органдар қызметіндегі заңдылықты қадағалау департаментінің бастығы, 2001-2002 жылдары Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары, 2002-2003 жылдары Павлодар облысының прокуроры, 2003-2005 жылдары ҚР Әділет вице-министрі, 2005-2007 жылдары «Атамекен» Қазақстан кәсіпкерлері мен жұмыс берушілерінің жалпыұлттық одағы атқарушы директорының орынбасары, «Қазақстан коммуналдық жүйелері» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болып қызмет етті. 2006-2007 жылдары «Ордабасы» корпорациясы» АҚ президенті және директорлар кеңесінің мүшесі, 2007-2011 жылдары IV сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты («Нұр Отан» ХДП партиялық тізімі бойынша). 2012 жылы V сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты («Нұр Отан» ХДП партиялық тізімі бойынша), 2012-2016 жылдары ҚР Бас прокурорының орынбасары, 2016-2017 жылдары ҚР Бас прокуроры лауазымын атқарған.

Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 2017 жылғы 11 желтоқсандағы № 273-VI ПС қаулысымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы қызметіне сайланды. Бес жылдық мерзімнің өтуіне орай және басқа қызметке ауысуына байланысты бұл қызметтен босатылды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 24 қаңтардағы Жарлығымен Парламент Сенатының депутаты болып тағайындалды.

2023 жылғы 26 қаңтардан Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары.

Сыныптық шені — 3-ші дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі.

Заң ғылымдарының кандидаты.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдерімен, «Қазақстан Республикасы прокуратурасының Құрметті қызметкері» омырау белігісімен марапатталған.

43 жыл бұрын (1982) Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Лесбек Құралбайұлы ІЛЕБАЕВ дүниеге келді.

Лесбек Құралбайұлы ІЛЕБАЕВ
Фото: Gov.kz

Жамбыл облысы Тараз қаласында туған. 2004 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетін «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған. «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша PhD докторы.

Еңбек жолы: 2004-2010 жылдары ҚР Парламенті Сенаты депутатының көмекшісі қызметін атқарған. 2010-2013 жылдары ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының докторантурасында «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша күндізгі бөлімінде оқыған. 2014-2016 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданы әкімінің орынбасары, 2016-2017 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісі аппаратында, 2017-2018 жылдары «Каспий әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарушы директоры, басқарма төрағасының міндетін атқарушы, 2018-2019 жылдары коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарында қызмет атқарған. 2020-2023 жылдары Қр Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі болып еңбек етті. 2023-2024 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша Департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы лауазымында қызмет атқарып келді.

2024 жылғы қаңтардан бастап — Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы.

101 жыл бұрын (1924-2020) филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Рабиға Сәтіғалиқызы СЫЗДЫҚ дүниеге келді.

Рабиға Сәтіғалиқызы СЫЗДЫҚ
Фото: : UGC

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында туған. Ақтөбе мұғалімдер институтын, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын және аспирантурасын бітірген.

1951-1957 жылдары Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы, редакция меңгерушісі, 1957-1961 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері, 1961-1981 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1981 жылдан Қазақстан Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының бас ғылыми қызметкері, мәдениет және қазақ тілі бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.

Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері қазақ тілі тарихы мен грамматикасы, тіл мәдениеті мәселелеріне арналған. Қазақ жазба әдебиетінің негізін салуда Абай шығармаларының зор маңыз атқарғанын дәлелдеді. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі», «Абай тілінің сөздігі», тағы басқа еңбектерді жазуға қатысты. 15-19 ғасырлардағы қазақ әдеби тілінің тарихын, Қ.Жалайырдың «Жами-ат-тауарих» атты шежіресі тілін, қазақ тіл мәдениетінің мәселелерін зерттеді. Оның «Абай шығармаларының тілі», «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы», «Сөздер сөйлейді», «Сөз сазы», «Қазақ тілі әдістерінің негізгі мәселелері», тағы басқа еңбектері жарық көрді. Р.Сыздықтың 130-дан астам ғылыми еңбегі, оның ішінде 9 монографиясы, оқулығы, оқу құралы бар. Есімі Қазақстан Республикасының Алтын кітабына енгізілген.

«Парасат», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты.

Соңғы жаңалықтар