17 жаста 100 кітап: астаналық оқушы кітап оқуды қалай әдетке айналдырды

АСТАНА. KAZINFORM — Астаналық 11-сынып оқушысы Рамазан Орал осы уақытқа дейін 100 кітап оқыған. 17 жастағы жасөспірім кітап оқуды арнайы мақсатқа айналдырмай, бір шығармадан екіншісіне көшу арқылы осы межеге жеткен. Бұл туралы ол Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында айтып берді.

17 жаста 100 кітап: астаналық оқушы кітап оқуды қалай әдетке айналдырды
Фото: Видеодан скрин

Рамазан Орал — Астанадағы № 101 мектептің 11-сынып оқушысы. Ол кітап оқумен қатар өлең жазады. 200 өлеңді жатқа біледі, өзі де 100-ге жуық өлең жазған.

Оның айтуынша, бастапқыда алдына 100 кітап оқу міндетін қоймаған. Кітапты бірінен соң бірін оқи келе, уақыт өте бұл іс оның тұрақты әдетіне айналған.

— Кітап оқуды бастағанда «100 кітап оқып бітіруім керек» деп алдыма үлкен мақсат қойып, арнайы мерзім белгілеген жоқпын. Бір кітапты аяқтап, екіншісіне көшіп отырдым. Уақыт өте келе кітап оқу ермекке айналды. Кейін қарасам, осындай көрсеткішке жетіп қалыппын, — деді Рамазан Орал.

Кітап оқуға кім ықпал етті?

Рамазанның сөзінше, оның кітапқа қызығуына отбасы мүшелері мен ұстаздары ықпал еткен.

— Кішкентай кезімізден алдымызға үлкен армандар қоямыз. Өскенде үлкен тұлға болып, жетістікке жеткіміз келеді. Ол үшін ауқымды ойлай білу керек деп ойлаймын. Бұған әкем, атам, әжем, сынып жетекшілерім және өмірімдегі басқа да адамдар өз септігін тигізді. Олардың барлығына алғысымды білдіргім келеді, — деді ол.

Оқушы кітаптың адамның ойлау қабілеті мен сөздік қорын дамытуға көмектесетінін атап өтті.

— Кітап оқу дұрыс ойлауға үлкен септігін тигізеді. Адамның ойлау деңгейін жақсартып, сөздік қорын дамытады. Жалпы кітап оқитын адаммен сөйлесудің өзі қызық, — деді Рамазан.

«Кітапқұмар» жобасын бастады

Рамазан қазір мектепте «Кітапқұмар» атты авторлық жобасын қолға алған. Оның мақсаты — кітап оқитын оқушыларды таныстырып, олардың әдебиетке қалай қызыққанын көрсету.

Жоба аясында оқушылар кітап оқуға не себеп болғанын, бұл әдеттің қалыптасуына кім ықпал еткенін әңгімелейді. Алғашқы кейіпкерлердің бірі — Рамазанның сыныптасы Айнабек.

— Алдағы уақытта басқа сыныптастарымыздың кітап оқуға қалай қызыққанын, кітапқұмар болуына кім немесе не себеп болғанын көрсеткіміз келеді. Кітап оқу бүгінде тренд екенін көрсетіп, кітап оқитын адамдардың санын арттыру үшін осы жобаны жүргізіп жатырмыз, — деді ол.

Күніне 10-15 минуттан кітап оқуға болады

Рамазанның айтуынша, кітап оқуға күн сайын аз уақыт бөлудің өзі нәтиже береді. Бұған ол мектептегі оқушылардың тәжірибесінен көз жеткізген.

География пәнінің мұғалімі оқушыларына бір кітапты бірге оқуды ұсынған. Балалар кітапты сатып алып, күн сайын сабақ немесе үзіліс кезінде 10-15 минуттан оқыған.

— Алғашында 10-15 минут аз ғой деп ойладым. Кейін балалардан сұрасам, кітапты оқып аяқтағандарын айтты. Сонда таңғалдым. Расында, кішкентай қадамдармен үлкен мақсаттарға жетуге болады, — деді Рамазан Орал.

Бұған дейін 800 кітап оқыған астаналық оқушының кітапқа қалай қызыққаны туралы жазған едік.