17 желтоқсан. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 17 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
71 жыл бұрын (1954) Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Хайроллаұлы ЗАКИРЬЯНОВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
1993-1995 жылдары Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, облыс әкімінің орынбасары, 1995-1998 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі болған.
Қазіргі қызметінде 1998 жылдан.
АҚШ-тағы Иллинойс университетінің құрметті профессоры. Қазақстан университеттері Ұлттық спорт одағының президенті, Еуропа мен Азиядағы спорт жоғарғы оқу орындары қауымдастығының бірінші вице-президенті.
59 жыл бұрын (1966) Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты Ерлан Дәулетұлы СТАМБЕКОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. 1991 жылы Алматы сәулет-құрылыс институтын «Инженер-экономист» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1991-1992 жылдары Алматы қор биржасының брокері, 1992-1997 жылдары «Анар» халықаралық сауда үйі АҚ директоры, 1997-2000 жылдары «ALA Data Systems ltd» ЖШС Бас директоры, 2000-2001 жылдары РМК қызметкері мұнай-газ өнеркәсібінің бас диспетчерлік басқармасында қызмет атқарды. 2001 жылы Энергетика және минералдық ресурстар Министрлігі Бас директорының бірінші орынбасары, 2001-2003 жылдары «ALA Data Systems ltd» ЖШС Бас директоры, 2003-2004 жылдары «Қазтрансойл» ЖАҚ Корпоративтік даму департаментінің директоры, 2004 жылы «ALA Data Systems ltd» ЖШС Бас директоры лауазымын атқарған. «Alacard Petroltech"ЖШС президенті болды. 2013-2014 жылдары Алматы өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры, 2015-2018 жылдары Алматы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы қызметін атқарған.
2023 жылдың наурызынан бастап — VIII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.
50 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Асқарұлы ИСЕТОВ дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек қызметі: 1998-2004 жылдары ҚР СІМ Шарттық-құқықтық басқарма референті, Халықаралық-құқықтық департаменті директорының орынбасары, 2004-2012 жылдары Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы ҚР Тұрақты өкілдігінің қызметкері, 2012-2018 жылдары ҚР СІМ Халықаралық-құқықтық департаментінің директоры, 2018-2022 жылдары Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы ҚР Тұрақты өкілінің бірінші орынбасары лауазымын атқарған. 2022-2025 жылдары Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымын атқарған.
Қазіргі қызметінде 2025 жылғы шілдеден бастап.
47 жыл бұрын (1979) Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары Нұржан Қажымұратұлы ҚАЖЫАҚБАРОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, 2020 жылы РФ СІМ Дипломатиялық академиясының магистратурасын бітірген.
Еңбек жолы: 1999-2000 жылдары республикалық арнайы физика-математикалық мектеп-интернаттың олимпиадалық резервті даярлау бойынша математика мұғалімі, 2000-2002 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі Экономикалық саясат департаментінің референті, атташесі, 2002 жылы Қазақстан СІМ-нің Инвестиция жөніндегі комитетінің үшінші хатшысы, 2002-2004 жылдары Қазақстан СІМ-нің ТМД істері жөніндегі комитетінің үшінші хатшысы, екінші хатшысы болып қызмет етті. 2004-2006 жылдары ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесі Сыртқы байланыстар бөлімінің сарапшысы, 2006-2016 жылдары ҚР Президентінің Әкімшілігі Сыртқы саясат орталығының бас сарапшысы, консультанты, сектор меңгерушісі, осы орталық меңгерушісінің орынбасары, 2016-2017 жылдары Қазақстан СІМ-нің ТМД департаментінің директоры, 2017-2022 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі лауазымын атқарған.
Қазіргі қызметін 2022 жылғы сәуірден бастап атқарып келеді.
45 жыл бұрын (1980) «Маңғыстау Медиа» ЖШС директоры Әнуарбек Қосымұлы БИМАҒАМБЕТ дүниеге келді.
Маңғыстау ауданы, Қосбұлақ ауылында туған. Маңғыстау гуманитарлық-экономика колледжін, Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтын тәмамдаған.
Еңбек жолы: 1999-2002 жылдары «ТVТ» телестудиясында, «Үш қиян» республикалық газетінде меншікті тілші, 2002-2005 жылдары республикалық «Хабар» агенттігі мен «Қазақстан» ұлттық телеарнасының Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі болған. 2005 жылдан Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі, «Шерқала», «Әбіш әлемі» журналдарының бас редакторы болды. «Қазақстан» РТРК Маңғыстау облыстық филиалының директоры, «AQTAU» телеарнасының директоры қызметін атқарған. 2024-2025 жылдары Маңғыстау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарды.
Қазіргі қызметін 2025 жылдың тамызынан бері атқарып келеді.
«Жетімтоғай жапырағы» жыр жинағының (2006) авторы. «Каспий — достық теңізі» фестивалінің, республикалық Шотан батырға арналған мүшәйраның жеңімпазы, республикалық «Менің атым — Махамбет» телемүшәйрасының және халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі және «Құрмет» орденінің иегері.
44 жыл бұрын (1981) Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Тоқтарбекұлы ЕМЕЛБАЕВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. 2007 жылы Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Тарих» мамандығы бойынша бітірген. 2018 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін магистратурасын «Тарих» мамандығы бойынша бітірген. Педагогикалық ғылымдар магистрі.
Еңбек жолы: 2007-2010 жылдары «Қазақстан тарихы» пәнінің мұғалімі, 2010-2015 жылдары ҰБТ-ға дайындық бойынша Оқу орталығының директоры, 2015-2016 жылдары Тест тапсырмаларын қалыптастыруды ұйымдастыру бөлімінің басшысы, «DОSTYK» орталығы, 2016-2019 жылдары Қоғаммен байланыс жөніндегі директор, «Education Consulting», 2019-2021 жылдары Жобаларды басқару жөніндегі директор, «EduCon» ЖШС, 2021 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директорының міндетін атқарушы қызметін атқарған. 2021-2024 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры болды.
ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен (2019) және басқа да алғыс хаттармен марапатталған.
43 жыл бұрын (1982) «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жұматұлы ЖЫЛҚЫБАЕВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданының Ленгер қаласында туған. Оңтүстік Қазақстан университетін, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған.
Еңбек жолы: 2003-2004 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының экономика департаментінде бас маман, 2006-2007 жылдары ҚР Парламентіндегі Үкімет Өкілдігінде бас сарапшы, 2007 жылы ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаментінің мемлекеттік кәсіпкерлік басқармасының әдіснама және норма шығармашылығы бөлімінің басшысы, 2007-2009 жылдары ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің көмекшісі, 2009 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің көмекшісі, 2009-2012 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппарат басшысының орынбасары, 2012-2014 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі аппаратының басшысы болып қызмет атқарған. 2014-2016 жылдары ҚР президенті әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы, 2016-2019 жылдары Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі, 2019 жылы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, 2019-2020 жылдары ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі, 2020-2021 жылдары Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, 2021-2022 жылдары Тараз қаласының әкімі, 2023 жылы «AMANАТ» партиясы атқарушы хатшысының кеңесшісі лауазымын атқарған.
Қазіргі қызметіне 2023 жылдың сәуірінде кірісті.
«Құрмет» орденімен марапатталған (2017).
129 жыл бұрын (1894-1938) қазақ тіл білімі көшбасшыларының бірі, ғалым-педагог, әдіскер, әдебиетші, сыншы, тарихшы, аудармашы, қоғам қайраткері Телжан ШОНАНҰЛЫ дүниеге келді.

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында туған. Екі сыныптық Ырғыз орыс-қазақ училищесін, Орынбор қырғыз (қазақ) мұғалімдер институтын, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институтын бітірген.
1917 жылы Алашорда үкіметінің А. Байтұрсынов басшылық еткен Оқу комиссиясына сайланған. Мұғалім, Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы, доценті қызметтерін атқарған. 30-дан астам оқулықтың авторы. «Жаңалық», «Сауаттан», «Колхоз ауылы», «Оқу құралы» (А. Байтұрсыновпен бірге), «Тіл дамыту», «Қазақ тілінің оқу құралы», т. б. латын әрпі, татар, ұйғыр, түрік тілдері жайлы зерттеу еңбектері бар. «Қазақ жер мәселесінің тарихы» (1926) атты Ташкентте басылған кітабында қазақ жерін отарлаудың 200 жылдық тарихы талданған. 1994 жылы Ақтөбеде құрылған Т. Шонанұлы атындағы қайырымдылық қоры ғалым мұрасын іздестірумен, зерттеумен айналысады.