17 желтоқсан. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 17 желтоқсанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңару күні
1991 жылы 12 желтоқсанда Президентінің «Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауапқа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Жарлығымен Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-індегі оқиғаларға қатысқаны үшін қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауапқа тартылған адамдар ақталды. Сонымен қатар, аталған Жарлықтың 4-тармағы бойынша желтоқсанның 17-сі Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңару күні деп жарияланды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1919 жылы Орынбор қаласында «Ұшқын» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Қазіргі «Egemen Qazaqstan» газеті. Өзінің алғашқы нөмірінен-ақ басылым қазақ халқын халықаралық және еліміздің ішкі жағдайларының аса маңызды оқиғаларымен таныстырып отырды. Сол кезден бері газет атауы сегіз рет өзгерді. 2019 жылы «Egemen Qazaqstan» өзінің 100 жылдығын кең көлемде республика аумағында атап өтті.
1930 жылы Қостанай облысының солтүстік бөлігінде орналасқан Меңдіқара ауданы құрылды. Аумағы – 6,6 мың шаршы шақырым. Аудан 12 ауылдық округ пен аудан орталығынан құралған.
1930 жылы Алматы облысының солтүстік-шығысында Ақсу ауданы құрылды. Ауданның аумағы – 13,6 шаршы шақырым.
1986 жылы 17-19 желтоқсан аралығында Алматыда қазақ жастары КСРО билігінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық қимыл көрсетті. Көтерілістің басталуына Мәскеудегі орталықтың республика халқының пікірімен санаспастан, Ресейдің Ульянов облыстық партия комитетінің 1-ші хатшысы Г. Колбинді Казақстан Компартиясы ОК-нің 1-ші хатшысы етіп тағайындауы түрткі болды. Желтоқсанның 17-і күні таңертеңгі сағат 8-де қаладағы Л. Брежнев атындағы алаңға (қазіргі Республика алаңы) саяси тәуелсіздікті талап еткен ұрандармен алғашында 300-дей адам жиналып, кешкісін ереуілшілер саны 20 мыңға жетті. Бірақ, олардың қойған талап-тілектері аяқ асты етіліп, оларды тарату мақсатында алаңға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы әскери күштер тобы жеткізілді. КСРО ІІМ-нің № 0385 бұйрығы негізінде дайындалған «Құйын-86» операциясы бойынша көтеріліс қатыгездікпен басып жаншылды. Желтоқсанның 18-і күні алаңға қайта жиналмақ болған жастарға қарсы әскер күші қолданылды. Олардың қалған топтарын ығыстыру үшін жедел отряд, милиция мен жасақшылардан арнайы топтар құрылып, қала көшелеріне аттандырылды. Осы әскери күштер желтоқсанның 19-ы күні қаланың әр тұсында қайтадан шеруге шықпақ болған 6 топты басып, таратты, ұстап қамады. Алаңдағы көтерілісшілер таратылған соң ішкі істер бөлімдеріне 2 401 адам жеткізілген (Алматы түрмесіне сыймағандықтан, қала сыртына апарып тасталғандарды қосып есептегенде, барлығы 8,5 мың адам ұсталған). Желтоқсан көтерілісі құрбандарының қатарында Е.Сыпатаев, С.Мұхамеджанова, К.Молданазарова, Қ.Рысқұлбеков, М.Әбдіқұлов, Л.Асанова сынды қазақ жастары бар.
1991 жылы Қазақстан сенімді энергиямен қамтамасыз ету мен тұрақты экономикалық дамуға ортақ мүддеге негізделген энергетикалық сектордағы халықаралық ынтымақтастық қағидаттарының көрінісі болған Еуропалық энергетикалық хартияға қол қойды.
2003 жылы «Қазақстан Республикасында өлім жазасына мораторий енгізу туралы» Жарлыққа қол қойылды.
2009 жылы Шымкентте Әбілхан Қастеевке ескерткіш орнатылды. Ескерткіш ғұлама суретшінің есімі берілген көркемсурет колледжінің алдында орналасқан.
Әбілхан Қастеев (1904-1973) – Қазақ ССР-нің халық суретшісі, Қазақстан көркемөнерінің негізін салушы. Мыңнан астам шығармасы бар. Оның жұмыстары Ресейдің мемлекеттік Третьяков галереясында, Шығыс халықтары өнерінің мемлекеттік мұражайында, Мәскеудегі Ленин орденді КСРО Төңкерісі орталық мұражайында, Қазақ ССР Мемлекеттік өнер мұражайында және басқа да көптеген елдердің мұражайларында сақтаулы.
2012 жылы Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігі Түркиядағы қазақтар қоры жанынан Балалар орталығын ашу рәсімін өткізді. Орталыққа сыйлық ретінде қазақ тілін, Қазақстан тарихы мен әдебиетін меңгеру бойынша оқу-әдістемелік материал, сондай-ақ ұлттық нақыштағы балалар ойыншықтары табысталды.
2014 жылы Қазақстан QS University Rankings рейтингі бойынша ең үздік университеттері бар елдер тізіміне енді.
2016 жылы талдықорғандық Гүлжанат Жанатбек Қытайдың Куньмин қаласында өткен ШЫҰ халықаралық марафонында 21 шақырым қашықтықта әйелдер арасында 1-орын иеленді.
2018 жылы Алматыда тарихи-құжаттамалық көрме өтті, онда егемен еліміздің құрылуының нақты фотоқұжаттарын көруге болды. Мұнда 1991 жылғы 16 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңның көшірмесі ұсынылды. Тәуелсіз мемлекеттің тарихы дәл осы құжаттан саналады. Жанында үлкен Джордж Буштың Америка Құрама Штаттары Қазақстанның тәуелсіздігін мойындағаны туралы хаты тұрды.
2020 жылы Рим қаласында Абай ақпараттық-мәдени орталығының ашылу салтанаты, сондай-ақ қазақтың ұлы ойшылы, қазақ жазу әдебиеті негізінің із бастаушысы Абай Құнанбайұлының поэмалары мен «Қара сөздері» жинағының тұсаукесері өтті.
2020 жылы Сан-Франциско қаласының әкімшілік ғимаратында Қазақстан Тәуелсіздігі күнінің құрметіне еліміздің Туы салтанатты түрде көтеріліп, Әнұраны шырқалды. Сан-Франциско қаласының мэрі Лондон Н. Брид осы қалада осы күннің АҚШ пен Қазақстан арасындағы достық күні екені жазылған жолдауға қол қойды.
2020 жылы Кембридж университетінің баспасы ХІХ ғасырдағы қазақтың көрнекті ғалымдарының бірі, этнолог, географ, картограф және суретші Шоқан Уәлихановтің таңдамалы шығармаларының тарихта алғашқы ағылшын тіліндегі үлгісін ұсынды. Кітапқа ғалымның Орталық Азия географиясы, тарихы, этнологиясы және экономикасын зерттеуге арналған ең бағалы ғылыми еңбектері кірген.
2021 жылы Әбу-Дабиде (БАӘ) қысқа суда жүзуден 15-ші FINA әлем чемпионаты басталды (25 м). Қазақстандық суда жүзуші Әділбек Мусин Қазақстанның жаңа рекордын орнатты. 200 м қашықтықта баттерфляй әдісімен жүзу қорытындысы бойынша Мусин 1:54,4 нәтижесін көрсетті.
2023 жылы Алматыда студенттік және дебюттік фильмдердің XI халықаралық «Бастау» кинофестивалі аяқталды. Bastau Debuts бағдарламасында бас жүлде – Қалықбек Салықов атындағы сыйлықты Моңғолияның «Егер мен ұйықтай алсам» картинасы ие болды. «Үздік режиссура» жүлдесін «Жексенбі» фильмі үшін өзбекстандық Шокир Холиков пен «Иншалла, бала» фильмі үшін иорданиялық Амджад Әл-Рашид бөлісті. «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» қазақстандық режиссер Максим Акбаровтың «Дала» фильміне бұйырды. Үздік актер ретінде Токтосун Азығұлов («Аспан баласы», Қырғызстан) және үздік актриса болып Хадиджа Батаева («Тор құсты іздейді», Ресей/Франция) танылды. «Қазылар алқасының ерекше атағына» «Өмірден өмірге» картинасы (Бека Сихарулидзе, Грузия) ие болды. «Жыл серпіні» – Айсұлтан Сейтовтің «Қаш» фильмі.
2023 жылы Шавкат Рахмонов Лас-Вегаста (Невада, АҚШ) өткен UFC 296 турнирінде Стивен Томпсонды мерзімінен бұрын жеңді. Боксшы бірінші раундта клинч-контрольде жеңіске жетті, ал екінші раундтың соңында ол тұншықтыр әдісін қолдана алды. Бұл – 29 жастағы қазақстандық спортшының 18-ші жеңісі.
2023 жылы Жапонияда өткен «Foodtech Japan Tokyo» азық-түлік технологиялары мен кәсіпорындарды автоматтандырудың ең ірі көрмесінде қазақстандық тарап тамақ өнеркәсібі саласындағы бірнеше ғылыми шешімдерді ұсынды. Жобалардың бірі – түйе етінен ет өнімдерін, ет консервілерін және көкөністерді өндіру технологиясы. Жобаны биология ғылымдарының докторы, профессор Әсия Демеуханқызы Серікбаеваның жетекшілігімен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің зерттеушілер тобы жүзеге асырып отыр.
2024 жылы Ыстанбұлдағы Ататүрік мәдени орталығында «Хан Сұлтан, Алтын Орда» операсының халықаралық премьерасы өтті. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының репертуарынан алынған бұл қойылым Жошы ұлысы құрылуының 800 жылдығына арналған. Операны жасау процесінде Ильнур Миргалеев, Ильяс Кемалоглу және Нұрлан Атыгаев сияқты Алтын Орда тарихының танымал ғалымдары мен мамандарымен кеңесулер болды. Екі күн ішінде қойылымға 4080 адам қатысты.