170 теңге: Петропавл автобустарында жолақы қымбаттады
Петропавлда бүгіннен бастап қоғамдық көлікте жүру билеті қымбаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қаласы әкімдігінің мәліметінше, 25 қыркүйектен бастап қоғамдық көлікте жүру билеті ересектер үшін картамен 100 теңге болады, осылайшы 20 теңгеге қымбаттамақ. Ал қолма-қол ақшамен есеп айырысқан жағдайда 170 теңге төлейді. Балалар қоғамдық көлікте жүргені үшін картамен 50, картасыз 85 теңге береді.
Бұған дейін қала тұрғындары балаларға арналған жол жүру картасының сатылымда жоқтығына шағымданған еді.
«СҚО Автокөлік одағы» өкілдерінің айтуынша, мәселе шешімін тапты. Үш айға жуық сатылмауына заңнаманың қатаңдатылуы себеп болған. Айдың соңында балаларға арналған жол жүру карталары арнайы сауда орындарына шығарылады.
Сонымен қатар қала маңындағы автобустарда да жолақы қымбаттады. петропавлдан Мамлютка, Соколовка, Беловка елді мекендеріне дейін енді 500 теңге тұрса, Бескөл ауыла билет бағасы 200 теңге болды. Петропавлдан Пеньково, Петерфельд бағытында жүретін автобустарда жол жүру ақысы 250 теңгеге дейін көтеріледі. Ольшанкаға дейін - 350, Затонға дейін 300 теңге тұрады.
Тарифті көтеру жөніндегі жұмыс былтыр қараша айынан қолға алынды, ал тамыз айының басында мәслихат депутаттары оны бекітті.
Петропавлда соңғы рет 2017 жылы қоғамдық көліктің билеті қымбаттаған. Қалалық әкімдік мамандарының айтуынша, осы аралықта үлкен инфляция болды, жанар-жағармай қымбаттады, жүргізушілердің еңбекақысы өсті, басқа да шығындар көбейді.
Қазіргі уақытта қала көшелеріне 185 автобус 18 бағыт бойынша жолаушы тасымалдайды.