Архив саласы қай бағытта дамуы керек - 1708 маманның пікірі
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Президентінің Архиві еліміздің түкпір-түкпірінен келген 1700-ден астам архив маманын қамтыған ауқымды сауалнама жүргізіп, ұлттық жадымызды сақтау ісіндегі ең өзекті мәселелерді анықтады.
Бұл зерттеу нәтижелері 25 ақпанда Астанада өткен Сарапшылар клубының алғашқы отырысында талқыланып, кәсіби пікірталастың негізгі бағытына айналды. Жиында архив қорларын цифрландыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану, жаңа буын кадрларын даярлау сияқты мәселелер қаралды.
Сарапшылар клубы — Архив тарапынан ашылған жаңа кәсіби алаң. Мұнда әр сала мамандары архив ісіндегі өзекті мәселелерді талқылап, саланы дамыту бойынша нақты ұсыныстар енгізеді. Алғашқы отырысқа ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым, Қазақстандағы БҰҰ-ның Тұрақты үйлестіруші кеңсесінің басшысы Куртмолла Абдулганиев, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры Эльмира Оразалиева, Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев және Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасының орынбасары Гүлзира Қарсақбаева қатысты.

Жиынды ашқан модератор, Архив директоры Әлия Мұстафина бүгінгі талқылауға келген әріптестеріне алғысын білдіріп, архив саласының заманауи дамуындағы негізгі міндеттерге тоқталды.
— Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде төл тарихы мен мәдениетін электронды форматқа көшіріп, оны жаһандық цифрлық өркениетке қосқан елдер ғана ұлттық болмысын сақтап қалатынын атап өткен болатын. Осы тұрғыда Сарапшылар клубының алғашқы отырысы Қазақстан архив саласының үш басты мәселесі — архивтердің цифрлық әлемдегі болашағы, технологиялардың құжаттармен жұмысқа ықпалы және ұлттық жадыны сақтайтын жаңа буын мамандарды даярлауға арналды, — деді Әлия Мұстафина.
Айта кетейік, Сарапшылар клубының алғашқы отырысына дейін еліміздің архившілері арасында кең көлемді сауалнама жүргізілді. Оған 1 708 маман қатысып, бұл елдегі барлық маманның жартысына жуықтайды. Қатысушылардың 44%-ы, яғни көпшілігі, мамандық таңдауының себебін «тарихи-мәдени мұраны сақтауға деген қызығушылық» деп атаған.

Алдағы үш жылда архив саласында басты өзгерістер ретінде респонденттер цифрландыруды кеңейту (жасанды интеллектті қолдану, материалдарды цифрландыру, электрондық каталогтар, онлайн қызметтер — 57%), қаржыландыруды арттыру және материалдық-техникалық базаны күшейту қажет деп есептейді.
Жасанды интеллект бойынша сауалнама нәтижесі мынадай: 44%-ы оны мәтіндерді, соның ішінде қолжазбалар мен шетел тіліндегі құжаттарды тану және цифрландыру үшін ең пайдалы дейді, 31%-ы — құжат іздеу және анықтамалық жасау үшін, ал 26%-ы — пайдаланушыларға қызмет көрсету үшін тиімді деп санайды.
Сонымен қатар, 37%-ы жасанды интеллект қарапайым жұмыстарды атқарып, негізгі істі архившілерге қалдырады дейді. 34%-ы оны толыққанды көмекші ретінде, жұмыс процесін жылдамдататын құрал ретінде қарастырады, ал 24%-ы технология енгізілуі мамандыққа айтарлықтай әсер етпейді деп болжайды.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым архивтердің мемлекеттік маңыздылығын ерекше атап өтіп, саланың заңнамалық негізін жетілдіру қажеттігін айтты.
— Архивтер — жай ғана өткеннің куәгері емес, бұл біздің мемлекеттік егемендігіміз бен тарихи шындығымыздың іргетасы. Сондықтан архившілердің мәртебесі мен осы саланың құқықтық беделін арттыру — уақыт талабы. Осы ретте салада жаңа өзгерістер мемлекеттік деңгейде қаралады, — деді ол.

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев архивтердің болашағы цифрлық дағдыларға ие мамандарға тікелей байланысты екенін атап өтті.
— Архив — тек қағаз құжат сақтайтын орын емес, ол — елдің стратегиялық деректер қоры. Дұрыс әрі сапалы цифрландырылған архив материалдары жасанды интеллект үшін негізгі дерек көзіне айналып, кітап, фильм және ғылыми-идеологиялық контентті жедел жасауға мүмкіндік береді. Қазақстанда бұл бағытта заңнамалық негіз бар, ендігі басты міндет — архив инфрақұрылымын күшейту, деректердің сапасын арттыру және классикалық архив ісін цифрлық дағдылармен ұштастыратын жаңа буын мамандарды даярлау. Осындай жүйелі қадамдар архив саласына жаңа серпін береді, — деді ол.
Сарапшылар жиынында «архивші» мамандығының жаңа бейнесі мен беделі де қызу талқыланды. Мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры Эльмира Оразалиева архившінің заманауи имиджін қалыптастыру қажеттігін баса айтты.

— Бүгінгі архивші — бұл цифрлық жадының архитекторы. Бізге архив ісін IT, юриспруденция және менеджментпен ұштастыратын, түрлі салалардың синергиясынан туған жаңа білім беру бағдарламалары қажет. Архившіні ұлттық мұраны басқаратын жоғары білікті ақпараттық менеджер (Information Manager) ретінде позициялай алсақ, бұл сала талантты жастар үшін тартымды ортаға айналады, — деді Э. Оразалиева.
Жиын қорытындысында цифрлық архив, жасанды интеллект, деректерді басқару саясаты, ұлттық стандарттарды жаңарту және архившілердің мәртебесін арттыру бойынша нақты ұсыныстар жинақталып, уәкілетті органға жолданатыны айтылды. Алдағы уақытта бұл ұсыныстардың іске асырылуы архив саласын цифрлық қоғамдағы жаңа деңгейге көтереді.