18 қараша. ҚазАқпарат күнтізбесі
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Дүниежүзілік философия күні
2005 жылы ЮНЕСКО Бас конференциясының 33-сессиясында жарияланды және жаһандық деңгейде әлемдік қауымдастықты философиялық ойдың байлығымен таныстыру үшін жыл сайын қарашаның үшінші бейсенбісінде аталып өтеді. Дүниежүзілік философия күнін құру идеясы – қоғамда болып жатқан жаһандық әлеуметтік-мәдени өзгерістерді талқылаудың жалпы платформасын табу, адамдарды философиялық мұрамен таныстыру, жаңа идеялар үшін күнделікті ойлау саласын ашу және ойшылдар мен азаматтық қоғамның заманауи сын-тегеуріндер туралы пікірталастарын ынталандыру.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1991 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен шетелдегі қандастарымызды елге көшіру туралы ҚазССР Үкіметінің қаулысы қабылданды. Бұл – қандастарымыздың тарихи Отанына оралуына мүмкіндік берген аса маңызды құжат болды.
1997 жылы Вашингтонға ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың сапары барысында «Қарашығанақ» мұнай-газ кеніші жөніндегі келісімге қол қойылды. Пайда үлесінің 80%-ы Қазақстанға тиесілі болды.
1999 жылы Астана қаласы көшелерінің біріне жазушы Қошке Кемеңгерұлының есімі берілді.
1999 жылы Қарағанды облысының Ульянов елді мекенінде Бұқар жырауға ескерткіш орнатылды.
2013 жылы Түркияның Самсун қаласындағы үлкен сахнада танымал қазақ композиторы Мұқан Төлебаевтың шығармасы – «Біржан мен Сара» операсы қойылды.
2014 жылы Қазақстан астрономиясының даму кезеңдерінен сыр шертетін «Астрономия» деген атпен қазақ тіліндегі алғашқы үлкен энциклопедия жарық көрді.
2014 жылы Чеджуде (Оңтүстік Корея) Халықаралық бокс қауымдастығының конгресінде отандық бокс тарихында елеулі оқиға болды. Алғаш рет AIBA вице-президенті лауазымына Қазақстанның екі өкілі – Тимур Құлыбаев пен Серік Қонақбаев сайланды.
2014 жылы Алматы қаласы Алатау ауданы аумағындағы «Көкқайнар» шағын ауданының маңында тарихи мұражайлар археологтері мен мамандары қорғандардың бірінен біздің дәуірімізге дейінгі IV-V ғасырлардағы әйелдің сүйегін тапты. Жәдігердің бірегейлігін молада болған заттар мен жерлеу ерекшеліктерінен байқауға болады. Оның жанынан құмнан жасалған ыдыс, құрбандыққа сойылған қой сүйегі, үлкен қола жүзік, шаш жинайтын түйреуіш, қоладан жасалған айна табылды. Мұндай ежелгі айнаның саны Қазақстан бойынша 10-ға жетер-жетпес.
2016 жылы Мәскеуде өткен ең үздік туристік бағыттар айқындалатын «National Geographic Traveler Awards-2016» байқауының қорытындысы бойынша Қазақстанның астанасы «Болашақтың қаласы» арнайы аталымын жеңіп алды.
2017 жылы Қазақстандық мектеп оқушылары Коста Рикада өткен WRO-2017 робот техникасы бойынша бүкіләлемдік олимпиадада үздік нәтиже көрсетті. Онда Ратмир Сартбаев пен Әнел Кәрімғали жасаған өрт сөндіруші робот шығармашылық санаттағы үздік жобалардың бірі атанды.
World Robot Olympiad – робот техникасы бойынша 10-21 жас аралығындағы жастар мен оқушыларға арналған басты халықаралық байқау. Олимпиада 2004 жылдан бері өткізіліп келеді.
2020 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің тізбесіне толықтыру енгізу туралы Қаулысы күшіне енді. Тізімде «Сүтқоректілер» класы 128-1 Каспий итбалығы Pusa caspica жолымен толықтырылды.
2020 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Ұлы Даланың ежелгі өнері мен технологиялар залы ашылды. Экспозицияда Есік, Берел, Талды, Тақсай және басқа қорғандардан алынған «аң» стиліндегі скиф-сақ кезеңінің бірегей алтын бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды.
2021 жылы «Қазақстан» телерадиокорпорациясында қазақ телевизиясының қайраткерлері Кенжеболат Шалабаев, Камал Смайылов, Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртазаның бюсттері және Радио хабарлары мен телевизия комитетінің бірінші төрағасы Қанапия Мұстафиннің құрметіне арналған мемориалдық тақта ашылды.
2021 жылыҚазақстан-Британ техникалық университетінде Совет одағының батыры генерал Иван Панфиловтың атаулы аудиториясы ашылды.