18 қараша. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 18 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
72 жыл бұрын (1951) мемлекет және қоғам қайраткері, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ елордалық филиалының төрағасы, Астана қаласының құрметті азаматы Сансызбай Сейітжанұлы ЕСІЛОВ дүниеге келді.
Ақмола облысында туған. 1979 жылы Целиноград инженерлік-құрылыс институтын бітірген, инженер-құрылысшы. 1988 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітірген, қоғамдық пәндер мұғалімі.
Еңбек жолы:1970-1975 жылдары Астрахан облысы Жалтыр станциясында слесарь, техник, аға жол шебері, 1975-1986 жылдары Астрахан аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Целиноград облысы Теңіз аудандық партия комитетінің хатшысы, 1988-1991 жылдары Целиноград облыстық партия комитеті бөлім меңгерушісінің орынбасары, 1991-1992 жылдары Ақмола аумақтық мемлекеттік мүлік комитеті төрағасының орынбасары, 1992-1993 жылдары Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі Ақмола аумақтық комитетінің төрағасы, 1993-1995 жылдары Ақмола облыстық әкімшілігі басшысының орынбасары, 1996-1997 жылдары ҚР Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, 1997 жылы Ақмола облысы әкімі аппаратының басшысы, 1997-2000 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2001-2007 жылдары Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары болды. «Нұр Отан» ХДП партиялық тізімі бойынша IV сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат, 2007-2011 жылдары IV шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, 2012-2016 жылдары Астана қаласы мәслихатының хатшысы, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.
«Құрмет», ІІ дәрежелі «Достық», ІІІ дәрежелі «Барыс», медальдармен марапатталған.
64 жыл бұрын (1959) қазақ инженер-құрылысшысы, Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің экс-ректоры Әділбек Қожабекұлы БОТАБЕКОВ дүниеге келді.
1982 жылы В.В. Куйбышев атындағы Мәскеу инженерлік-құрылыс институтын бітірген, инженер-құрылысшы, техника ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолы: 1982-1985 жылдары Алматы сәулет-құрылыс институтында оқытушы, 1986-1988 жылдары Мәскеудегі Кучеренко атындағы Орталық құрылыс құрылымдары ғылыми-зерттеу институтының аспиранты, 1988-2009 жылдары Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының оқытушысы, доценті, профессоры, факультет деканы, проректоры, вице-президенті, 2008-2013 жылдары М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының президент-ректоры, 2013-2017 жылдары Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры қызметін атқарды.
«Құрмет» орденімен, «ҚР тәуелсіздігіне 20 жыл», «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған. ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, 40-тан астам ғылыми және оқу-әдістемелік жұмыстардың авторы.
63 жыл бұрын (1960) мемлекет және қоғам қайраткері Мәлік Иманқұлұлы ҚҰЛШАР дүниеге келді.
Орал облысы (қазіргі Батыс Қазақстан) Жәнібек ауданында дүниеге келген.
1982 жылы Алматы қаласындағы С. Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) қазақ мемлекеттік университетінің математика факультетін бітірді.
1982-1984 жылдары Орал облысы Жәнібек ауданы Абай атындағы мектеп-интернатының оқытушысы. 1984-1993 жылдары Жәнібек аудандық, Батыс Қазақстан облыстық комсомол комитеттерінде бөлім меңгерушісі, бірінші хатшы, 1993-1996 жылдары Батыс Қазақстан облыстық әкімшілігінде аға референт, бөлім меңгерушісінің орынбасары, 1996-1998 жылдары Батыс Қазақстан облыстық «Балдырған» балалар қорының атқарушы директоры, 1998-2001 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, 2001-2004 жылдары Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары, 2004-2007 жылдары Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданының әкімі, 2007-2020 жылдары Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы қызметін атқарды. 2021-2023 жылдары VII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі.
«Парасат» орденімен марапатталған.
60 жыл бұрын (1963) ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, палуан, грек-рим күресінен еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дәулет Болатұлы ТҰРЛЫХАНОВ дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында туған. Туризм және спорт академиясын, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Ол Қазақстанның және халықаралық турнирлердің жеңімпазы, КСРО-ның жеті дүркін чемпионы, КСРО халықтары спартакиадасының күміс жүлдегері, және жеңімпазы, Еуропа чемпионы, Әлем чемпионы және күміс жүлдегері, қола жүлдегері, Әлем кубогінің екі мәрте жеңімпазы, ХІІ Азия ойындарының жеңімпазы, Азияның екі дүркін чемпионы, Олимпиада ойындарының күміс, қола жүлдегері болған. 1995-1999 жылдары екі мәрте Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланған. 2000-2006 жылдары Туризм және спорт агенттігінің төрағасы, Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. Қырғызстан Олимпиада қозғалысын дамытуға сіңірген еңбегі үшін Олимпиадалық орденмен, FILA, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің алтын медальдарымен, І дәрежелі Ұлы Петр орденімен, көптеген медальдармен марапатталған. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері. ШҚО Үржар ауданының құрметті азаматы.
2023 жылдың наурыз айынан бастап VIII шақырылымдағы ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты.
58 жыл бұрын (1965) Республикалық кәсіби әскериленген апаттық-құтқару қызметі орталық штабының бас директоры Владимир Робертович БЕККЕР дүниеге келді.
Ол ШҚО Үржар ауданы Благодатное ауылында туған. 1997 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Алматы жоғары техникалық училищесін «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша аяқтады. 2005 жылы Шығыс Қазақстан өңірлік университетін «Заңтану» мамандығы бойынша аяқтады. 1983 -1985 жылдары КСРО Қарулы Күштерінде қызмет өткерді. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарында 1986 жылғы қазаннан бастап қызмет етті. 1988-1991 жыл аралығында мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарында орта және аға басшылық құрамда, 1991-2008 жылдары басшылық лауазымдарды атқарды. 2008 жылғы қазаннан бастап ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары. 2014 жылғы қазаннан бастап ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары. 2016-2020 жылдары ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы.
2022 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.
ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызмет үшін», «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін», «Төтенше жағдайлар органдарының ардагері» медальдарымен, «Төтенше жағдайлар органдарының құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.