18 қараша. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 18 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

туған күн
Фото: Kazinform/Midjourney

74 жыл бұрын (1951) мемлекет және қоғам қайраткері, Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Астана қаласының құрметті азаматы Сансызбай Сейітжанұлы ЕСІЛОВ дүниеге келді.

Сансызбай Сейітжанұлы ЕСІЛОВ
Фото: gsv.kz

Ақмола облысында туған. 1979 жылы Целиноград инженерлік-құрылыс институтын бітірген, инженер-құрылысшы. 1988 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітірген, қоғамдық пәндер мұғалімі.

Еңбек жолы:1970-1975 жылдары Астрахан облысы Жалтыр станциясында слесарь, техник, аға жол шебері, 1975-1986 жылдары Астрахан аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Целиноград облысы Теңіз аудандық партия комитетінің хатшысы, 1988-1991 жылдары Целиноград облыстық партия комитеті бөлім меңгерушісінің орынбасары, 1991-1992 жылдары Ақмола аумақтық мемлекеттік мүлік комитеті төрағасының орынбасары, 1992-1993 жылдары Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі Ақмола аумақтық комитетінің төрағасы, 1993-1995 жылдары Ақмола облыстық әкімшілігі басшысының орынбасары, 1996-1997 жылдары ҚР Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, 1997 жылы Ақмола облысы әкімі аппаратының басшысы, 1997-2000 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2001-2007 жылдары Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары болды. «Нұр Отан» ХДП партиялық тізімі бойынша IV сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат, 2007-2011 жылдары IV шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, 2012-2016 жылдары Астана қаласы мәслихатының хатшысы, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.

«Құрмет», ІІ дәрежелі «Достық», ІІІ дәрежелі «Барыс» медальдарымен марапатталған.

62 жыл бұрын (1963) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Болатұлы ТҰРЛЫХАНОВ дүниеге келді.

Дәулет Болатұлы ТҰРЛЫХАНОВ
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Георгиевка ауылында туған. Қазақ физкультура институтын (1988), Қазақ мемлекеттік Спорт және туризм академиясын (1999), әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (2005), І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін (2010) бітірген.

1986-1991 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Дене шынықтыру және спорт комитетінің дене шынықтыру нұсқаушысы, 1992-1994 жылдары «Дәулет» кәсіби спорт клубының президенті, 1994 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, құқықтық реформа, заңдылық және құқықтық тәртіп комитетінің мүшесі, 1994-1995 жылдары ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, құқықтық реформа, заңдылық және құқықтық тәртіп жөніндегі комитеттің қоғамдық бірлестіктермен және баспасөзбен байланыс жөніндегі кіші комитетінің төрағасы, 1995-1996 жылдары грек-рим күресінен ҚР құрамасының бас бапкері, 1995-1996 жылдары І сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комитеттің мүшесі, 1999-2000 жылдары ІІ сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитеттің төрағасы болды.

2000-2004 жылдары ҚР Туризм және спорт агенттігінің төрағасы, 2004-2006 жылдары ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Спорт істері комитетінің төрағасы, 2006-2010 жылдары «DANAKE» корпорациясы» ЖШС президенті, 2010-2012 жылдары «Самұрық-Қазына-Астана» корпоративтік қорының бас директоры, 2012-2013 жылдары «DANAKE» корпорациясы» ЖШС президенті, 2006-2023 жылдары «СемАЗ» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы болды. 2023 жылдан бастап – VIII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі.

«Парасат» (2016), ІІІ дәрежелі «Барыс» (18.03.2022) ордендерімен марапатталған.

60 жыл бұрын (1965) Республикалық кәсіби әскериленген апаттық-құтқару қызметі Шығыс Қазақстан облысы филиалының бас директоры Владимир Робертович БЕККЕР дүниеге келді.

БЕККЕР Владимир Робертович
Фото: centrspas.kz

ШҚО Үржар ауданы Благодатное ауылында туған. 1997 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Алматы жоғары техникалық училищесін «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша аяқтады. 2005 жылы Шығыс Қазақстан өңірлік университетін «Заңтану» мамандығы бойынша аяқтады.

1983 -1985 жылдары КСРО Қарулы Күштерінде қызмет өткерді. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарында 1986 жылғы қазаннан бастап қызмет етті. 1988-1991 жыл аралығында мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарында орта және аға басшылық құрамда, 1991-2008 жылдары басшылық лауазымдарды атқарды. 2008 жылғы қазаннан бастап ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары. 2014 жылғы қазаннан бастап ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары. 2016-2020 жылдары ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы.

2022 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.

ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызмет үшін», «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін», «Төтенше жағдайлар органдарының ардагері» медальдарымен, «Төтенше жағдайлар органдарының құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

41 жыл бұрын (1984) Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған сотының төрағасы Нұржан Әлібекұлы ОМАРОВ дүниеге келді.

 Нұржан Әлібекұлы ОМАРОВ
Фото: pvl.sud.kz

Ақмола облысында туған. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін бітірген (2007).

Еңбек жолы: 2008 жылы «Павлодар облысы бойынша Соттар әкімшісі» ММ Ақсу аумақтық бөлімінің сот приставы, 2008 жылы «Павлодар облысы бойынша Соттар әкімшісі» ММ Павлодар аумақтық бөлімінің сот приставы, 2009 жылы Ақмола облыстық сотының жетекші маманы, 2009-2010 жылдары Павлодар облыстық сотының жетекші маманы, 2010-2011 жылдары Павлодар облыстық сотының бас маманы, 2011-2013 жылдары «Павлодар облыстық сотының кеңсесі» ММ бақылау және құжат айналымы бөлімі бас маман – сот отырысының хатшысы, 2013-2014 жылдары «Павлодар облыстық сотының кеңсесі» ММ Успен аудандық сотының кеңсе меңгерушісі, 2014 жылы «Павлодар облыстық сотының кеңсесі» ММ Бақылау және құжат айналымы бөлімі бас маман – сот отырысының хатшысы, 2014-2021 жылдары Павлодар облысы Екібастұз қалалық сотының судьясы болып қызмет атқарған.

2021 жылдың мамыр айынан бастап қазіргі қызметінде.

Соңғы жаңалықтар
Референдум