18 наурыз. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 18 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Тұлғалар туған күн
Фото: Kazinform

78 жыл бұрын (1948) филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигi, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi Уәлихан Қалижанұлы ҚАЛИЖАН дүниеге келді.

Уәлихан Қалижанұлы ҚАЛИЖАН
Фото: novoetv.kz

Алматы облысы Жамбыл ауданы Жангелді ауылында туған. 1971 жылы ҚазМҰУ-ды, 1978 жылы осы оқу орынның аспирантурасын бітірген.

Еңбек жолы: 1971-1978 жылдары «Жетісу» газетінде меншікті аға тілші, 1978-1980 жылдары Қазақстан ЛКСМ ОК-де нұсқаушы, баспасөз секторының меңгерушісі, 1980-1986 жылдары «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің редакторы, 1986-1994 жылдары «Жас Алаш» газетінде редактор, 1995-1996 жылдары ҚР Баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары министрінің орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1996-1998 жылдары республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1998-1999 жылдары ҚР Парламенті Сенаты баспасөз қызметінің басшысы болып қызмет атқарған. 1999-2011 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің ІІ, ІІІ, IV шақырылымдарының депутаты болды. 2012-2018 жылдары М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры қызметін атқарған.

«Президент», «Қазақ әдебиетіндегі діни-ағартушылық ағым», «Жәдитшіл жырлар», «Шеңбер» атты прозалық кітаптары, шығармаларының бес томдық жинағы жарық көрген. Г. Гулияның «Омар Хайям туралы» романын қазақ тіліне аударған. 1999 жылы филология ғылымдарының докторы атағын алған. ҚР еңбек сіңірген қайраткері.

72 жыл бұрын (1954) сатирик, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ дүниеге келді.

Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ
Фото: massaget.kz

Жамбыл облысының Жуалы ауданында туған.

Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген соң, Жамбыл ауданының «Шұғыла-Радуга», Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газеттерінде қызмет істеді. Красногор ауданының «Коммунизм жолы — Путь к коммунизму» газетінің редакторы, республикалық «Ара-Шмель» сатиралық журналының бөлім редакторы болды. Қазақ теледидары «Орда» шығармашылық бірлестігінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы Әдебиетшілер үйінің директоры қызметтерін атқарды. М. Әуезов атындағы Қазақ драма театры көркемдік жетекшісінің әдеби кеңесшісі.

Сықақ әңгіме, өлендері «Қарлығаш», «Күлеміз бе, қайтеміз?», «Кімге күлкі, кімге түрпі», «Тамаша», «О несі, ей?» жинақтарында жарық көрді. «Когда солнце смеется» жинағына әңгімелері орыс тіліне аударылып басылды. «Ләм-мим», «Ым-жым», «Тойда жолығайық» атты сатиралық шығармалардың авторы. Р. Белецкийден, Ф. Буляковтан, М. Задорновтан тәржімалаған комедиялары М. Әуезов атындағы академиялық драма театрда қойылды.

48 жыл бұрын (1978) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы, полиция генерал-майоры Ақынқали Дәуітбайұлы ДАРМЕНОВ дүниеге келді.

Ақынқали Дәуітбайұлы ДАРМЕНОВ
Фото: Gov.kz

1999 жылы ҚР Ішкі істер министрлігі Алматы заң институтын «Құқықтану» мамандығы бойынша, 2003 жылы ҚР Ішкі істер министрлігінің академиясын, 2008 жылы Германияның Гармиш-Партенкирхен қаласындағы Д. Маршалл атындағы Еуропалық қауіпсіздік орталығын («Leaders program in advanced security studies» бағдарламасы бойынша оқыту), 2010 жылы Ұлыбританияның Кембридж университетін бітірген. 2010-2012 жылдары «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алды.

Еңбек жолы: 1999 жылы Қостанай облысы Меңдіқара аудандық ІІБ ТБ тергеушісі, 1999-2000 жылдары ҚР ІІМ Қостанай заң институтының қылмыстық құқық және криминология, қылмыстық-атқару құқығы кафедрасының оқытушысы, 2000-2003 жылдары ҚР ІІМ Академиясының күндізгі оқу адъюнкты, қылмыстық-құқықтық саясат және криминология кафедрасына бекітілген. 2000-2003 жылдары ҚР ІІМ Академиясы ҒЗИ-ның «Ұйымдасқан қылмыс, терроризм, діни экстремизммен күресудің өзекті мәселелерін әзірлеу» № 6 зертханасының аға ғылыми қызметкері, 2006-2010 жылдары ҚР ІІМ Академиясының адъюнктура бастығы, 2010 жылы ҚР ІІМ Академиясының докторанты, 2012-2013 жылдары ҚР ІІМ Алматы академиясы заң институтының арнайы факультеті жалпы заң пәндері кафедрасының доценті, 2013-2014 жылдары ҚР ІІМ Кадр жұмысы департаментінің ведомстволық білім беруді ұйымдастыру басқармасының бастығы, 2014-2018 жылдары ҚР ІІМ Теміртау қаласындағы оқу орталығының бастығы, 2018-2019 жылдары ҚР ІІМ Кадр саясаты департаментінің бастығы, 2019-2024 жылдары ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының бастығы қызметін атқарған.

Қазіргі лауазымын 2024 жылдың наурыз айынан бері атқарып келеді.

36 жыл бұрын (1990) Алматы облысы Алатау қаласы әкімінің орынбасары Гүлбану Сейткенқызы НЕСІПБАЕВА дүниеге келді.

Гүлбану Сейткенқызы НЕСІПБАЕВА
Фото: Заречный ауылдық округінің әкімдігі

Алматы облысы Балқаш ауданы Жиделі ауылында туған. 2009 жылы Қапшағай кәсіптік колледжін, 2012 жылы Алматы Үздіксіз білім беру университетін бітірген.

Еңбек жолын «Нұр Отан» партиясының Қапшағай қалалық филиалында бас есепшінің көмекшісі болып бастаған. 2010-2023 жылдары Заречный ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы, әкімнің орынбасары болып еңбек етті. 2023-2024 жылдары Заречный ауылдық округінің әкімі, 2024 жылы Алатау қаласы әкімі аппаратының өтініштерді қабылдау және құжаттамамен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы болды.

Қазіргі лауазымын 2024 жылдың қыркүйегінен бері атқарып жатыр.

31 жыл бұрын (1995) Ақмола облысы цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Мағжан Қайратұлы ЕРЖАН дүниеге келді.

Мағжан Қайратұлы ЕРЖАН
Фото: Gov.kz

Еуразия технологиялық университетін, Қазақ Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын және Қазақ қатынас жолдары университетін аяқтады.

Еңбек жолын 2014 жылы Алматы қаласындағы жеке логистикалық компанияда маман ретінде бастаған. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ цифрландыру офисінде маман, менеджер, бас менеджер, сервис бойынша басқарушы директор лауазымдарын атқарды. 2021-2022 жылдары ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде жұмыс істеген. «Цифрлық трансформация қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің бас директорының орынбасары болды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ сапаны бақылау департаментінің директоры қызметін атқарған.

Қазіргі лауазымын 2024 жылдың қараша айынан бері атқарып келеді.

Соңғы жаңалықтар