18 наурыз. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 18 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
76 жыл бұрын (1948) филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигi, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi Уәлихан Қалижанұлы ҚАЛИЖАН дүниеге келді.

Алматы облысы Жамбыл ауданы Жангелді ауылында туған. 1971 жылы ҚазМҰУ-ды, 1978 жылы осы оқу орынның аспирантурасын бітірген.
Еңбек жолы: 1971-1978 жылдары «Жетісу» газетінде меншікті аға тілші; 1978-1980 жылдары Қазақстан ЛКСМ ОК-де нұсқаушы, баспасөз секторының меңгерушісі; 1980-1986 жылдары «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің редакторы; 1986-1994 жылдары «Жас Алаш» газетінде редактор; 1995-1996 жылдары ҚР Баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары министрінің орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары; 1996-1998 жылдары республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы; 1998-1999 жылдары ҚР Парламенті Сенаты баспасөз қызметінің басшысы болып қызмет атқарған. 1999-2011 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің ІІ, ІІІ, IV шақырылымдарының депутаты болды.
«Президент», «Қазақ әдебиетіндегі діни-ағартушылық ағым», «Жәдитшіл жырлар», «Шеңбер» атты прозалық кітаптары, шығармаларының бес томдық жинағы жарық көрген. Г. Гулияның «Омар Хайям туралы» романын қазақ тіліне аударған. 1999 жылы филология ғылымдарының докторы атағын алған. ҚР еңбек сіңірген қайраткері.
70 жыл бұрын (1954) сатирик, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ дүниеге келді.

Жамбыл облысының Жуалы ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген соң, Жамбыл ауданының «Шұғыла-Радуга», Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газеттерінде қызмет істеді. Красногор ауданының «Коммунизм жолы — Путь к коммунизму» газетінің редакторы, республикалық «Ара-Шмель» сатиралық журналының бөлім редакторы болды. Қазақ теледидары «Орда» шығармашылық бірлестігінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы Әдебиетшілер үйінің директоры қызметтерін атқарды.
Қазір М. Әуезов атындағы Қазақ драма театры көркемдік жетекшісінің әдеби кеңесшісі.
Сықақ әңгіме, өлендері «Қарлығаш», «Күлеміз бе, қайтеміз?», «Кімге күлкі, кімге түрпі», «Тамаша», «О несі, ей?» жинақтарында жарық көрді. «Когда солнце смеется» жинағына әңгімелері орыс тіліне аударылып басылды. «Ләм-мим», «Ым-жым», «Тойда жолығайық» атты сатиралық шығармалардың авторы. Р. Белецкийден, Ф. Буляковтан, М. Задорновтан тәржімалаған комедиялары М. Әуезов атындағы академиялық драма театрда қойылды.
58 жыл бұрын (1966) «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Тахталифум Садуұлы ЕСЕНҒҰЛОВ дүниеге келді.

Ақтөбе облысы Шалқар ауданында туған. Қазақ политехникалық институтын «Мұнай және газ геологиясы» мамандығы бойынша бітірген (1986-1991).
Еңбек жолы: 1991-1997 жылдары «Октябрьскнефть» Мұнай-газ өндіру басқармасы қабат қысымын ұстау цехының геологы, ЦДНГ-1 аға геологы, 1997-2000 жылдары «Ақтөбемұнайгаз» ААҚ Мұнай-газ кен орындарын игеру басқармасының игеру секторының меңгерушісі, ғылыми-зерттеу институты игеру бөлімінің бастығы, 2000-2011 жылдары «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ мұнай-газ кен орындарын игеру департаменті директорының орынбасары, Басқарма бас геологының орынбасары, «Октябрьскнефть» НГДУ басшысы, бас директордың өндірісті үйлестіру жөніндегі орынбасары, 2011 жылдан бастап «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары, «Нұр Отан» партиясынан Ақтөбе облыстық мәслихатының III, IV, V, VI шақырылымдарының депутаты, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаттық өкілеттіктер, этика, заңдылықғ құқық тәртібі және қоғаммен жұмыс жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі.
«Құрмет» орденімен (2017), «Ерен еңбегі үшін» (2010), «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015) медальдарімен марапатталған.
54 жыл бұрын (1970) «ERSAI Caspian Contractor» ЖШС Директорлар кеңесінің төрағасы Юрий ПАК дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Еңбек жолы: 1993-1997 жылдары «КБК Корпорациясы» ЖШС бас директорының орынбасары, 1997-1999 жылдары «КБК Корпорациясы» ЖШС бас директоры, 1999-2000 жылдары «ҚазақОйл» мұнай-газ компаниясында мұнай өнімдерін өткізу және маркетинг бөлімінің бастығы, 2000-2002 жылдары «КБК Корпорациясы» ЖШС бас директорының орынбасары, 2002-2004 жылдары ERC Holdings өндірістік директоры, 2004-2006 жылдары Lancaster Group Pte Ltd директоры. Юрий Пак — «КБК Корпорациясы» ЖШС құрылтайшыларының бірі.