18 шілде. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 18 шілдеге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

7 қыркүйек. Жылнама
Фото: Kazinform/Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік тыңдау күні

Бұл күн тыңдау арқылы бейбітшілік пен табиғатты, мәдениет пен қоғамды түсінуге бағытталған Әлемдік тыңдау жобасының, коммерциялық емес ұйымның арқасында пайда болды. Атаулы күн канадалық композитор, музыка мұғалімі, жазушы, суретші, философ және қоршаған ортаны қорғаушы Рэймонд Мюррей Шейфердің туған күніне орай таңдалды. Ол ең алдымен «Әлемді бапта» кітабы мен World Soundscape Project жобасы арқылы танымал. Шейфер заманауи акустикалық экология ғылымының негізін қалаушы боп саналады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1907 жылы Семейге жақын маңда ерекше құрылыс – шегесіз, ағаштан жасалған мешіт салынды. Мұсылман жамағатының мешіті тарихы негізінен 1812 жылдан бастау алады. Дәл осы жылы Аққолтық ауылына татар ұлтының өкілдері келіп қоныстана бастаған. Кейіннен Сұлтанғали Нығматоллаұлы Фазылбековтың бастамасымен осы мешіт құрылысы 1905 жылы басталып, ол екі жылға созылды. Мешіт Қазан қаласындағы ағаш мешіттерге ұқсатып салынған.

2013 жылы Галац қаласында (Румыния) Қазақстан Республикасының құрметті елшілігінің ресми ашылу салтанаты өтті.

2014 жылы Астанада Сот төрелігі сарайы жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті. Сарайда 50 мәжіліс залы бар, ол жерге Астана қалалық соты, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот, Есіл аудандық соты және Есіл ауданының № 2 соты орналасқан. Залдарда сот процестерін аудио- бейнетіркеу және бейнебақылау жүйелері орнатылған, бейнеконференция өткізуге арналған арнайы құрылғы бар. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін залда сот процестеріне қатысушыларға sms-тарату және электрондық пошта арқылы автоматты түрде хабарлама жіберу жүйесі қарастырылған.

2014 жылы Астанада Назарбаев Университеті базасында Технологиялық парк ашылды. Технопарктің жалпы аумағы 2 мың шаршы метрден асады.

2016 жылы оңтүстік қазақстандық Карина Нәжімеддинова Италияда өткен «Sun оf Italy» халықаралық конкурс-фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды.

2016 жылы «1941. Брест қамалы. Қазақстан» кітабында алғаш рет Брест қамалын қорғаған қазақстандықтардың тізімі жарияланды. Кітаптың авторы – тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдағы медиа кафедрасының профессоры Ләйлә Ахметова.

2016 жылы Ыстанбұлда ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра комитетінің отырысында Тянь-Шань (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан) Дүниежүзілік мұралар тізіміне кіргізілді.

2017 жылы Оңтүстік Кореяда Әскери теңіз академиясында білім алып жүрген Қазақстан курсанты Бақтияр Күйкен Кореяның Чинджу қаласында өткен әуесқой боксшылар арасындағы жарыста алтын медальға ие болды. Спортшы екі айқаста 3:0 есебімен жеңіске жетіп, біреуі техникалық нокаутпен аяқталды, ал енді бірінде қарсылас жекпе-жекке шығудан бас тартты.

2017 жылы Қызылорда шекара жасағының «Қызылқұм» шекара заставасына ерлігімен есімі елге танылған Жанқожа батырдың аты берілді.

2018 жылы қазақстандық суретші, АТОМ жобасының құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков Халықаралық «Ядросыз болашақ үшін» сыйлығының лауреаты атанды. Табыстау рәсімі қазан айында Зальцбургте өтті (Аустрия).

2019 жылы Көкшетауда Қазақстандағы қызметтік міндетін атқару кезінде мерт болған жалғыз полицей-әйел, Ақмола облыстық ІІБ медицина қызметінің бастығы ішкі қызмет подполковнигі Ботагөз Бижановаға мемориалдық тақта ашылды.Ол қызметтік міндетін атқару кезінде мерт болған.

2021 жылы Көкшетауда белгілі Кеңес және Қазақстан психологы, профессор Марс Субханқұловтың құрметіне мемориалдық тақта ашылды. Оның «Бақыт - бұл сен және өмірің, ол қайталанбайды» деген сөздері жазылған белгі 1935 жылдан бері тұрған үйіне қойылды.

2023 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясы Корольдігіне жұмыс сапарын бастады. Мемлекет басшысы Мединадағы Мұхаммед Пайғамбардың әл-Масжид ан-Нәбауи мешітінде Мұхаммед пайғамбардың мазарына зиярат етті. Қазақстан басшысына деген ерекше құрметтің белгісі ретінде Пайғамбар жерленген жерде оның келуіне арнайы орын ашылды. Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Жидда қаласында өткен «Орталық Азия + Парсы шығанағы араб мемлекеттері ынтымақтастығы кеңесі» мемлекет басшыларының бірінші саммитіне қатысты.

2024 жылы ҚР Ұлттық Банкі Ұлттық қордан цифрлық теңгені пайдалану бойынша пилоттық жобаны сәтті іске қосты. Цифрлық валютаны енгізудің екінші кезеңінде қаражат Достық-Мойынты теміржол учаскесін салуға жұмсалды. Цифрлық теңге технологиясы меншік иелеріне қаражатты тиімді басқаруға және жұмсауға мүмкіндік береді. Пилоттық іске қосу кезінде жобаға бөлінген қаражатқа белгі қойылып, өз міндеттемелерін орындаған ұйымдарға ғана төленді. Белгіленген цифрлық теңгемен есеп айырысу соңғы мердігерлерге жеткізудің барлық тізбегі бойынша жүзеге асырылады. Цифрлық теңгедегі шоттарға қол жеткізу нарық қатысушыларының интерфейстері арқылы ұйымдастырылады. Бұл технология қаражатты мақсатсыз пайдалану тәуекелдерін азайтып, мемлекеттік шығындардың ашықтығын қамтамасыз етеді. Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазақстан темір жолы» АҚ, «Қазпошта» АҚ және «Қазақстан Халық банкі» АҚ бірлесіп жүзеге асырылуда.

2024 жылы Назарбаев Университеті жанындағы ISSAI Смарт жүйелер және жасанды интеллект ғылыми-зерттеу институты Алисаның қазақша сөйлейтін аналогы Ұмай атты смарт көмекшісін жасап шығарды. Ұмай - шынайы әйел адам аватары ретінде цифрлық түрде жасалған қазақтілді виртуалды көмекші. Көмекшінің мүмкіндіктері ғылым, білім, тарих, технология және медицина сияқты көптеген салаларды қамтиды. Ол қазақ тілінде табиғи және еркін сөйлесуді жеңілдету үшін ISSAI-да әзірленген сөйлеу тілін автоматты түрде тану (ASR) және мәтіннен сөйлеуге (TTS) қоса, дамыған сөйлеу технологияларын біріктіреді.

Соңғы жаңалықтар