18 тамыз. Жылнама

Бүгін, 18 тамыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Жылнама
Фото: Kazinform/Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Шекарашылар күні (Қазақстан Республикасының Шекара әскері құрылған күн)

1992 жылғы 18 тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, Шығыс шекара округі негізінде Қазақстан Республикасы Шекара әскері құрылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) құрылымдық бөлімшесі – Қазақстан Республикасының Шекара қызметі құрылды. Республика Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне географиялық тұрғыдан төрт облыстық департамент кіреді: «Солтүстік», «Оңтүстік», «Батыс», «Шығыс».

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Бельгия Корольдігінің арасында дипломатиялық және консулдық қатынастар орнады.

Бельгия Корольдігі – Еуропаның солтүстік-батысында орналасқан мемлекет. Ауданы – 30 528 км². Астанасы – Брюссель қаласы. Ресми тілдері: француз, нидерланд және неміс. Ақша бірлігі – еуро. Ел басшысы – король, ол заң шығарушы (парламентпен бірге) және атқарушы (үкіметпен бірге) билікті жүзеге асырады.

1993 жылы Қазақстан Республикасы мен Чили Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнауы туралы Бірлескен коммюникеге қол қойылды.

Чили Республикасы – Оңтүстік Американың оңтүстік-батысында орналасқан мемлекет. Ол Тының мұхитының жағасын бойлайды. Солтүстігінде Эскритос өзенінен бастап, оңтүстігінде Фроуард мүйісіне дейін созылған. Ауданы – 756 096 км² (80%-ын таулар алып жатыр). Астанасы – Сантьяго қаласы. Ресми тілі – испан («кастельяно»). Ақша бірлігі – чилилік песо. Мемлекет және үкімет басшысы – президент (оның қайта сайлану құқығы жоқ).

1993 жылы Швейцарияның Локарно қаласында өткен кинофорумда қазақ киноматографисі Ермек Шынарбаевтың «Сұрғылт үш бұрышты орын» фильмі «Алтын гепард» гран-приін жеңіп алды.

2005 жылы Алматыда «Қазшах» атты төрт адамға арналған шахмат ойынының таныстырылымы болды. «Қазшах» – қазақстандық дизайнер Азат Байсеркеев ойлап шығарған шахматтың жаңа бiр түрi. Ойын 64 тор көзге бөлінген тақтайда жүредi. Ойынға екі бақталас қатысады, олардың қанжығасында ақ және қара түсті 16 тас болуы керек.

2010 жылы ҚР Ұлттық банкі айналымға 500 теңге номиналды «Отау көтеру» монетасын шығарды.

Монетаның оң жақ бетінде, (аверс) орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының гербі бейнеленген. Төменгі жағында монетаның номиналын білдіретін «500 теңге» жазуы бар. Оң және сол жақ секторларында ұлттық орнамент элементінің айналық бедері орналастырылған. Айнала «Қазақстан Республикасы» және «Республика Казахстан» жазулары бар.

Монетаның қарсы жақ бетінде (реверс) «Отау көтеру» ұлттық салт-дәстүрінің көрінісі бейнеленген. Төменгі жағында мемлекеттік тілде «Отау көтеру» жазуы айналдыра жазылған. Ең төменгі бөлігінде монетаның соғылған жылын білдіретін «2010» саны бар. Оң жағында – Қазақстан монета сарайының тауарлық белгісі мен монетаның дайындалған металын, сынамасы мен салмағын білдіретін «Ag 925 31,1 gr» таңбасы бар.

Монета 925 сынамалы күмістен әзірленген, салмағы – 31,1 грамм, диамертрі – 38,61 мм, дайындалу сапасы – «proof», 4 мың данамен шығарылды.

2016 жылы Рио-де-Жанейродағы жазғы Олимпиада ойындарында 69 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен боксшы Данияр Елеусінов Қазақстан құрамасының қоржынына алтын медаль салды. Осылайша Қазақстан қатарынан төртінші Олимпиадада осы салмақта алтынды уысынан шығармай келеді.

Бұған дейін 2004 жылы Афинада Бақтияр Артаев, 2008 жылы Бейжіңде Бақыт Сәрсекбаев, 2012 жылы Лондонда Серік Сәпиев дәл осы салмақта жеңіс тұғырына көтерілген болатын.

Бокс тарихында бір елдің боксшылары төрт Олимпиада қатарынан бір салмақта атой салғаны екінші рет қана қайталанып тұр.

2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, ІТ маманы Нұрлан Қамбар домбыраның электронды нұсқасын ойлап тапқан. Енді кез келген адам тегін мобильді қосымшаны жүктеп алып, мобильді гаджетімен домбыра тарта алады.

2018 жылы Астана қаласының ежелгі қару-жарақтар музейі «Бұқар жырау дәуірі» көрмесінде қазақ қолданбалы өнерінің тамаша үлгілерін көрсетті. Көрмеге Абылай хан тұсындағы 20-ға жуық экспонат қойылды.

Олардың арасында басты образ – Абылай ханның мүсіні де бар. Оны жас дарынды мүсінші Айдос Есмағамбетов жасаған. Бұдан бөлек, ХVІІІ ғасырға тән құрал-саймандар, Абылай хан қытай императорына, орыс губернаторларына жазған хаттардың көшірмелері болды. 2019 жылы 12 жасар қазақстандық Жамилә Ахметова академиялық үлгерімі үшін АҚШ Президенті Дональд Трамптың қолы қойылған алғыс хатқа ие болды.

2019 жылы 12 жасар Жәмилә Ахметова үздік академиялық үлгерімі үшін сол кездегі АҚШ президенті Дональд Трамптың қолы қойылған Алғыс хат алды.

2021 жылы Бәйдібек ауданы Қошқар ата ауылында күннен қуат алатын «Ақылды күнбағыс» ақпараттық-танымдық электронды құрылғысы орнатылды.

Оның арнайы пернетақтасы бар және Интернетке қосылған. Тегін Wi-Fi және ұялы телефонның төрт қуат көзі бар. Кірістірілген пернетақта мен ұялы телефон көмегімен Wi-Fi желісіне қосылып, мектепке және интернеттен басқа да қажетті деректерге қол жеткізе аласыз.

2021 жылы Шығыс Қазақстан облысының Алтай аймағындағы Тұрғысын өзенінде шағын су электр станциясының (СЭС) құрылысы аяқталды. Ол бүкіл Шығыс Қазақстан облысын, сондай-ақ еліміздің басқа өңірлерін тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тұрғысын ГЭС-ін іске қосу жасыл энергетика саласының дамуына толық сәйкес келеді және Қазақстандағы бірқатар экологиялық проблемалардың шешімі болып табылады, өйткені СЭС-тің іске қосылуы қоршаған ортаны сақтау, әсіресе, СО2 парниктік газдар шығарындыларын азайтуда үлесі зор.

2022 жылы Астанада Шекара қызметінің 30 жылдығына орай «Застава Тарландары» ардагерлер бірлестігі мен ҚР ҰҚК Шекара қызметінің бастамасымен шекарашыларға ескерткіш ашылды.

2024 жылы Іле-Балқаш табиғи резерватында аққұйрық субүркіттің ұя салатын орнын қалпына келтіру жобасы сәтті аяқталды. 2021 жылдың шілдесінде дауыл осы сирек кездесетін жыртқыш құстардың ұясын бұзды. Жасанды ұя платформасы 2021 жылдың аяғында орнатылды. Аққұйрық субүркіттер – Қызыл кітапқа енгізілген және жойылып кету қаупі төнген. Оларды Іле-Балқаш резерватында қалпына келтіру – сирек кездесетін және осал түрді сақтаудағы маңызды қадам. 

Соңғы жаңалықтар