18 желтоқсан. Тұлғалар туған күн

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін, яғни 18 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

1 наурыз. Тұлғалар туған күн
Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

80 жыл бұрын(1944) мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты жанындағы сенаторлар кеңесінің мүшесі Оралбай Әбдікәрімұлы ӘБДІКӘРІМОВ дүниеге келді.

Оралбай Әбдікәрімұлы ӘБДІКӘРІМОВ
Фото: Egemen Qazaqstan

Қарағанды облысы Нұра ауданында туған. Қарағанды мемлекеттік университетін, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. Қарағанды қалалық халықтық бақылау комитетінде, партия органдарында, республикалық басқару органдарында мемлекеттік қызметте болып, Президент Аппараты басшысының орынбасары – ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы, Қазақстан Республикасы Жоғары тәртіптік кеңесінің төрағасы, сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Мемлекеттік комиссияның төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі болып қызмет істеген. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің он екінші шақырылымының депутаты. 1999 жылғы қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламентінің екінші шақырылымында Сенат депутаты болып тағайындалған. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы болып сайланған. «Нұр Отан» партиясының Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары.

II дәрежелі «Барыс» (2001), І дәрежелі «Барыс» (2009) ТМД ПАА-ның «Содружество» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

60 жыл бұрын (1964) - Қазақстанның Италия Республикасындағы, Мальта Республикасындағы, Сан-Марино Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерболат Нәсенұлы СЕМБАЕВ дүниеге келді.

Ерболат Нәсенұлы СЕМБАЕВ
Фото: Gov.kz

Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақ ұлттық техникалық университетін, (1987); Милан қаласындағы Энрико Маттеи орта мектебін (1996) бітірген.

Еңбек жолы: көпжақты ынтымақтастық бөлімінде, ЕҚЫҰ департаментінде және Еуропа департаментінде әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді (1998-2001); Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Елшілігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі, кеңесшісі-елшісі (2001-2009); Сыртқы істер министрлігі Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры (2013-2015); Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі (2016-2017); Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Елшілігінің Министрдің кеңесшісі, Еуропалық Одақтағы өкілдігі басшысының орынбасары (2018-2021).

Қазіргі қызметін 2021 жылдан бері атқарып келеді.

53 жыл бұрын (1971) «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Еркен Исаханұлы ЖАҚАТАЙ дүниеге келді.

Еркен Исаханұлы ЖАҚАТАЙ
Фото: Primeminister.kz

Қазақ ұлттық техникалық университетін «Автоматтандыру және басқару жүйелері» мамандығы бойынша (1994); Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «Қаржы және аудит» мамандығы бойынша бітірген (2001).

Еңбек жолы: «Атакент» Қазақстандық іскерлік ынтымақтастық орталығы» АҚ менеджері (1994); Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Дума министрлігінің Акциздік өнімдердің өндірісі мен айналымын бақылау жөніндегі мемлекеттік комитеті басқармасының бастығы; Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің басқарма басшысы; Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі; «Даму» Қоры» АҚ, «Қазына» қаржылық инвестициялық қорының басқарушы директоры; «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары; Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрінің және Байланыс және ақпарат министрінің кеңесшісі; Қазақстандық қамтуды дамыту жөніндегі ұлттық агенттік басқарма төрағасының және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасарының кеңесшісі; Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры (2010); жеке сектордағы жұмыс (2021-2024).

2024 жылдың шілде айынан бері қазіргі қызметінде.

52 жыл бұрын (1972) Қазақстан Республикасы Жоғары есеп палатасының төрағасы Әлихан Асханұлы СМАЙЫЛОВ дүниеге келді.

Әлихан Асханұлы СМАЙЫЛОВ
Фото: Gov.kz

Алматы қаласында туған. 1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін қолданбалы математика мамандығы бойынша бітірді. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақ менеджмент, экономика және болжау институтын тамамдап, мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алған.

1993-1995 жылдары «А-Инвест» инвестициялық-жекешелендіру қорының бас маманы. 1996-1998 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика агенттігінің басқарма бастығының орынбасары, басқарма бастығы. 1998 жылғы наурыз бен сәуір аралығында Қазақстан Республикасы Статистикалық жоспарлау және реформалар агенттігінің Статистика және талдау комитеті төрағасының орынбасары. 1998-1999 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде бас сарапшы, сектор меңгерушісі, мемлекеттік инспектор. 1999-2003 жылдары Қазақстан Республикасы Статиститка агенттігінің төрағасы. 2003 жылғы ақпан мен шілде аралығында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер вице-министрі. 2003-2006 жылдары «Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы. 2006-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі. 2007-2008 жылдары «ҚазАгро» Ұлттық холдингі» АҚ президенті. 2008-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі. 2009-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің төрағасы. 2014-2015 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің төрағасы. 2015 жылғы желтоқсанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі болып тағайындалды. 2019-2020 жылдары – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасының Қаржы министрі. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары (2020-2022).

2024 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» медальдарымен марапатталған. «1 рангты кеңесші» дипломатиялық рангы бар.

47 жыл бұрын (1977) VIII сайланған Астана қаласы мәслихатының депутаты, Астана қаласы мәслихатының заңдылық, құқықтық тәртіп және халықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі, тележүргізуші, продюсер, медиа-менеджер, танымал журналист Ләйла Сұлтанқызы СЕҢГІРБЕКОВА дүниеге келді.

Ләйла Сұлтанқызы СЕҢГІРБЕКОВА
Фото: Instagram/sultankyzy

Шымкент қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 1999 жылы «Шаһар» телеарнасының продюсері болып бастап, «Hit TV»арнасында директор, «Қазақстан» РТРК АҚ продюсер лауазымдарымен жалғастырды. «KazMedia Mobile» ЖШС бас директоры, «Кино+Сериал» баспасының бас редакторы. 2017 жылға дейін «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Әйел бақыты» ток-шоуының авторы және жүргізушісі, «Балапан» телеарнасының директоры болды. «Jibek Joly» телеарнасындағы «Сұхбат. Ләйлә Сұлтанқызымен» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі.

2023 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі қызметінде.

40 жыл бұрын (1984) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Әлішер Ғапіржанұлы САТЫБАЛДИЕВ дүниеге келді.

Әлішер Ғапіржанұлы САТЫБАЛДИЕВ
Фото: Gov.kz

Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан), Сайрам ауданы, Сайрам ауылында туған. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Тарих, құқық және экономика негіздері» мамандығы бойынша (2007); «Мирас» университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген (2015).

Еңбек жолы: «Нұр Отан» партиясы Сайрам аудандық филиалының есеп және статистика секторының меңгерушісі – бас есепші (2007-2016), «Жанубий Қозоғистон» қоғамдық-саяси газетінің директоры - бас редакторы (2016-2023).

2023 жылдың қаңтар айынан бері қазіргі қызметінде.

«Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» (2020), «Мейірім» (2020), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» (2021) медальдарымен марапатталған.