18 желтоқсан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 18 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады. 

Туған күн
Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

81 жыл бұрын (1944) мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты жанындағы сенаторлар кеңесінің мүшесі Оралбай Әбдікәрімұлы ӘБДІКӘРІМОВ дүниеге келді.

Оралбай Әбдікәрімұлы ӘБДІКӘРІМОВ
Фото: egemen.kz

Қарағанды облысы Нұра ауданында туған. Қарағанды мемлекеттік университетін, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. Қарағанды қалалық халықтық бақылау комитетінде, партия органдарында, республикалық басқару органдарында мемлекеттік қызметте болып, Президент Аппараты басшысының орынбасары — ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы, Қазақстан Республикасы Жоғары тәртіптік кеңесінің төрағасы, сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Мемлекеттік комиссияның төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі болып қызмет істеген. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің он екінші шақырылымының депутаты. 1999 жылғы қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламентінің екінші шақырылымында Сенат депутаты болып тағайындалған. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы болып сайланған. «Нұр Отан» партиясының Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары.

II дәрежелі «Барыс» (2001), І дәрежелі «Барыс» (2009) ТМД ПАА-ның «Содружество» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

61 жыл бұрын (1964) Қазақстанның Италия Республикасындағы, Мальта Республикасындағы, Сан-Марино Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерболат Нәсенұлы СЕМБАЕВ дүниеге келді.

Ерболат Нәсенұлы СЕМБАЕВ
Фото: Gov.kz

Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақ ұлттық техникалық университетін, (1987); Милан қаласындағы Энрико Маттеи орта мектебін (1996) бітірген.

Еңбек жолы: 1998-2001 жылдары көпжақты ынтымақтастық бөлімінде, ЕҚЫҰ департаментінде және Еуропа департаментінде әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 2001-2009 жылдары Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Елшілігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі, кеңесшісі-елшісі, 2013-2015 жылдары Сыртқы істер министрлігі Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры, 2016-2017 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі, 2018-2021 жылдары Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Елшілігінің Министрдің кеңесшісі, Еуропалық Одақтағы өкілдігі басшысының орынбасары болып қызмет атқарған.

Қазіргі қызметін 2021 жылдан бері атқарып келеді.

53 жыл бұрын (1972) Қазақстан Республикасы Жоғары есеп палатасының төрағасы Әлихан Асханұлы СМАЙЫЛОВ дүниеге келді.

Әлихан Асханұлы СМАЙЫЛОВ
Фото: Gov.kz

Алматы қаласында туған. 1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін қолданбалы математика мамандығы бойынша бітірді. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақ менеджмент, экономика және болжау институтын тамамдап, мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алған.

1993-1995 жылдары «А-Инвест» инвестициялық-жекешелендіру қорының бас маманы, 1996-1998 жылдары ҚР Ұлттық статистика агенттігінің басқарма бастығының орынбасары, басқарма бастығы, 1998 жылы ҚР Статистикалық жоспарлау және реформалар агенттігінің Статистика және талдау комитеті төрағасының орынбасары, 1998-1999 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінде бас сарапшы, сектор меңгерушісі, мемлекеттік инспектор, 1999-2003 жылдары ҚР Статиститка агенттігінің төрағасы, 2003 жылы ҚР Сыртқы істер вице-министрі, 2003-2006 жылдары «Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы, 2006-2007 жылдары ҚР Қаржы вице-министрі, 2007-2008 жылдары «ҚазАгро» Ұлттық холдингі» АҚ президенті, 2008-2009 жылдары ҚР Қаржы вице-министрі, 2009-2014 жылдары ҚР Статистика агенттігінің төрағасы, 2014-2015 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған. 2015-2018 жылдары ҚР Президентінің көмекшісі, 2019-2020 жылдары ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары — ҚР Қаржы министрі, 2020-2022 жылдары ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары лауазымын атқарды.

2024 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» медальдарымен марапатталған. «1 рангты кеңесші» дипломатиялық рангы бар.

48 жыл бұрын (1977) VIII сайланған Астана қаласы мәслихатының депутаты, Астана қаласы мәслихатының заңдылық, құқықтық тәртіп және халықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі, тележүргізуші, продюсер, медиа-менеджер, танымал журналист Ләйла Сұлтанқызы СЕҢГІРБЕКОВА дүниеге келді.

Ләйла Сұлтанқызы СЕҢГІРБЕКОВА
Фото: todayinfo.kz

Шымкент қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 1999 жылы «Шаһар» телеарнасының продюсері болып бастап, «Hit TV»арнасында директор, «Қазақстан» РТРК АҚ продюсер лауазымдарымен жалғастырды. «KazMedia Mobile» ЖШС бас директоры, «Кино+Сериал» баспасының бас редакторы. 2017 жылға дейін «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Әйел бақыты» ток-шоуының авторы және жүргізушісі, «Балапан» телеарнасының директоры болды. «Jibek Joly» телеарнасындағы «Сұхбат. Ләйлә Сұлтанқызымен» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі.

2023 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі қызметінде.

41 жыл бұрын (1984) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Әлішер Ғапіржанұлы САТЫБАЛДИЕВ дүниеге келді.

Әлішер Ғапіржанұлы САТЫБАЛДИЕВ
Фото: Gov.kz

Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан), Сайрам ауданы, Сайрам ауылында туған. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Тарих, құқық және экономика негіздері» мамандығы бойынша (2007); «Мирас» университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген (2015).

Еңбек жолы: 2007-2016 жылдары «Нұр Отан» партиясы Сайрам аудандық филиалының есеп және статистика секторының меңгерушісі — бас есепшісі, 2016-2023 жылдары «Жанубий Қозоғистон» қоғамдық-саяси газетінің директоры — бас редакторы болып қызмет етті.

2023 жылдың қаңтар айынан бері қазіргі қызметінде.

«Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» (2020), «Мейірім» (2020), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» (2021) медальдарымен марапатталған. 

Соңғы жаңалықтар