18 желтоқсан. Тұлғалар туған күн
18 желтоқсанда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
79 жыл бұрын (1944) мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты жанындағы сенаторлар кеңесінің мүшесі Оралбай Әбдікәрімұлы ӘБДІКӘРІМОВ дүниеге келді.
Қарағанды облысы Нұра ауданында туған. Қарағанды мемлекеттік университетін, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. Қарағанды қалалық халықтық бақылау комитетінде, партия органдарында, республикалық басқару органдарында мемлекеттік қызметте болып, Президент Аппараты басшысының орынбасары – ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы, ҚР Жоғары тәртіптік кеңесінің төрағасы, сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Мемлекеттік комиссияның төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы, ҚР Президентінің кеңесшісі болып қызмет істеген. ҚР Жоғарғы Кеңесінің он екінші шақырылымының депутаты. 1999 жылғы қарашада ҚР Президентінің Жарлығымен ҚР Парламентінің екінші шақырылымында Сенат депутаты болып тағайындалған. ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы болып сайланған. «Нұр Отан» партиясының Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары.
II дәрежелі «Барыс» (2001), І дәрежелі «Барыс» (2009) ТМД ПАА-ның «Содружество» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
68 жыл бұрын (1955) танымал қоғам қайраткері, дипломат Алмаз Нәсіреддинұлы ХАМЗАЕВ дүниеге келді.
Тараз қаласында туған. 1977 жылы Алматы қаласындағы шет тілдері педогогикалық институтын бітірген, ағылшын тілінің мұғалімі. 1990 жылы КСРО СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген.
АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Грекия, Мальта, Сан-Марино және Бельгия сияқты көптеген мемлекеттерде Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі, Елшінің кеңесшісі сияқты жауапты қызметтер атқарған. 2012 жылдың 28 қарашасынан бастап – Қазақстанның Люксембургтегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, сонымен қатар НАТО және Еуропалық Одақтағы Қазақстан Республикасы өкілдігінің басшысы. 2018 жылдан бастап – ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі.
«Құрмет» (2008) орденімен, «Астана» (1998), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Ерен еңбегі үшін» (2002), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» (2006), «Астананың 10 жылдығы» (2008) медальдарімен, ҚР Президентінің алғыс хатымен (2005, 2010), сыртқы саясатқа қосқан үлесі үшін «Нәзір Төреқұлов» медалімен, «Алтын барыс» орденімен марапатталған.
59 жыл бұрын (1964) Қазақстанның Италия Республикасындағы, Мальта Республикасындағы, Сан-Марино Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерболат Нәсенұлы СЕМБАЕВ дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақ ұлттық техникалық университетін, (1987); Милан қаласындағы Энрико Маттеи орта мектебін (1996) бітірген.
Еңбек жолы: 1998-2001 жылдары көпжақты ынтымақтастық бөлімінде, ЕҚЫҰ департаментінде және Еуропа департаментінде әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді; 2001-2009 жылдары Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Елшілігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі, кеңесшісі-елшісі; 2013-2015 жылдары Сыртқы істер министрлігі Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры; 2016-2017 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі; 2018-2021 жылдары Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Елшілігінің Министрдің кеңесшісі, Еуропалық Одақтағы өкілдігі басшысының орынбасары. Қазіргі қызметін 2021 жылдан бері атқарып келеді.
51 жыл бұрын (1972) Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Асханұлы СМАЙЫЛОВ дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. 1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін қолданбалы математика мамандығы бойынша бітірді. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақ менеджмент, экономика және болжау институтын тамамдап, мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алған.
1993-1995 жылдары «А-Инвест» инвестициялық-жекешелендіру қорының бас маманы, 1996-1998 жылдары – ҚР Ұлттық статистика агенттігінің басқарма бастығының орынбасары, басқарма бастығы, 1998 жылы ҚР Статистикалық жоспарлау және реформалар агенттігінің Статистика және талдау комитеті төрағасының орынбасары, 1998-1999 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінде бас сарапшы, сектор меңгерушісі, мемлекеттік инспектор қызметін атқарды.
1999-2003 жылдары ҚР Статиститка агенттігінің төрағасы, 2003 жылғы ақпан мен шілде аралығында – ҚР Сыртқы істер вице-министрі, 2003-2006 жылдары «Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы лауазымдарын атқарды. 2006-2007 жылдары ҚР Қаржы вице-министрі, 2007-2008 жылдары «ҚазАгро» Ұлттық холдингі» АҚ президенті, 2008-2009 жылдары ҚР Қаржы вице-министрі, 2009-2014 жылдары ҚР Статистика агенттігінің төрағасы, 2014-2015 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің төрағасы қызметінде.
2015 жылғы желтоқсанда Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Президентінің көмекшісі болып тағайындалды. 2019-2020 жылдары ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қаржы министрі, 2020-2022 жылдары – ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Қазіргі қызметін 2022 жылдың қаңтарынан бері атқарып келеді.
«Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» медальдарымен марапатталған. «1 рангты кеңесші» дипломатиялық рангы бар.
46 жыл бұрын (1977) тележүргізуші, продюсер, медиа-менеджер, танымал журналист Ләйлә Сұлтанқызы СЕҢГІРБЕКОВА дүниеге келді.
Шымкент қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1999 жылы «Шаһар» телеарнасының продюсері болып бастап, «Hit TV»арнасында директор, «Қазақстан» РТРК АҚ продюсер лауазымдарымен жалғастырды. «KazMedia Mobile» ЖШС бас директоры, «Кино+Сериал» баспасының бас редакторы. 2017 жылға дейін «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Әйел бақыты» ток-шоуының авторы және жүргізушісі, «Балапан» телеарнасының директоры болды. «Jibek Joly» телеарнасындағы «Сұхбат. Ләйлә Сұлтанқызымен» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі.
39 жыл бұрын (1984) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Әлішер Ғапіржанұлы САТЫБАЛДИЕВ дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Сайрам ауылында туған. 2007 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Тарих, құқық және экономика негіздері» мамандығы бойынша, 2015 жылы «Мирас» университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 2007-2016 жылдары «Нұр Отан» партиясы Сайрам аудандық филиалының есеп және статистика секторының меңгерушісі – бас есепші, 2016-2023 жылдары «Жанубий Қозоғистон» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы-директоры.
2023 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде. «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл», «Мейірім» , «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» медальдарымен марапатталған.