1800 туынды: Маңғыстаудың шығармашылық әлеуеті Астанада таныстырылды

АСТАНА. KAZİNFORM - Елордада Creative Aimaq республикалық жобасы аясында Mangystau Creative Days мәдени-креативті көрме-жәрмеңкесі ашылды.

1800 туынды: Маңғыстаудың шығармашылық әлеуеті Астанада таныстырылды
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Екі күндік көрмеде Маңғыстаудың 40-қа жуық креаторы 1800-ден астам авторлық өнім мен шығармашылық жобасын таныстырады. Ал жалпы шараға өңірден 150-ге жуық адам келген.

а
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinformedited 12:30

Көрме Креативті индустрияларды дамыту қорының Qazaq Creative Hub кеңістігінде өтіп жатыр. Мұнда қолөнер шеберлері, дизайнерлер, суретшілер, IT мамандары мен мәдениет мекемелерінің шығармашылық ұжымдары бас қосты. Әрқайсысы өз саласындағы ізденісі мен еңбегін елорда жұртшылығына таныстыруға мүмкіндік алды.

с
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Мақсатымыз – өңір креаторларының әлеуетін танытып, еңбегін дәріптеу. Олардың жобаларын үлкен алаңдарда көрсетуге және әрі қарай дамуына мүмкіндік беру. Қазір облыста 200-ден астам креатор арнайы платформаға тіркеліп, өз жобаларын жүзеге асырып жатыр. Бүгінгі көрмеде Маңғыстаудың ерекшелігін таныту үшін алты тақырыптық аймақ әзірледік. Әрқайсысының өз атауы мен идеясы бар. Бұдан бөлек, өңір табиғатына арналған «Ыбықты сай » атты арнайы жасалған көрмемізде бар,-деді Маңғыстау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали.

а
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinformedited 12:30

Маңғыстаудың креативті жәрмеңкесі мазмұны мен ұсынылған туындылары жағынан ерекшеленеді. Қабырғаға ілінген картиналардан бастап, зергерлік бұйымдардың түр-түрі көз тартады.

а
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Көрмеде өңірдің бүгінгі шығармашылық тынысымен қатар, бай тарихына да айрықша мән берілген. Мұнда Маңғыстау топырағынан шыққан ұлы тұлғалардың өмір жолы баяндалған стендтер қойылған. Сондай-ақ олардың өз заманында киген шапандары да музей қорынан арнайы әкелініп, көпшілік назарына ұсынылып отыр.

п
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinformedited 12:30

Ал көрмедегі ерекше туындылардың бірі – қыштан жасалған бөлме шамы. Қарапайым тұрмыстық бұйымда ұлттық нақыш пен заманауи дизайн үйлесім тапқан.

с
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Ерекше бұйымдарымыздың бірі – құмырамен үйлестіріп жасаған шам. Оны заманауи стильде әзірледік. Ал мына құмыраны өрнегімен қоса жасауға екі күн уақыт кетті. Алдымен құмыраны жасап, кептіреміз, содан кейін сыртына сурет саламыз. Жалпы, бұйымның жасалу уақыты оның күрделілігі мен өрнегіне байланысты, - деді креатор Нұрдаулет Қанабаев.

а
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Шебер бұл кәсіпті өңірде алғашқылардың бірі болып қолға алған. Құмыраларын жергілікті саз балшықтан жасайды. Төрт жыл ішінде оның бұйымдарына маңғыстаулықтардың сұранысы да арта түскен. Ал елордадағы көрмеге 40-қа жуық құмырасын ала келген. Ең қымбат бұйымының бағасы – 25 мың теңге.

п
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Жәрмеңке келушілерге тек авторлық бұйымдарды тамашалап, сатып алумен шектелмейді. Бағдарламада шеберлік сабақтары, сазды-поэтикалық кездесулер мен түрлі шығармашылық іс-шаралар бар.

Сондай-ақ Маңғыстаудың табиғаты мен мәдени мұрасынан шабыт алған дизайнерлердің ұлттық нақыштағы киім топтамалары көпшілікке ұсынылады. Көрме аясында сән көрсетілімі де өтеді.

а
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Жексенбі күні көрме-жәрмеңкемен қатар концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Маңғыстаудың өнерпаздары әуелете ән шырқап, көрерменге мерекелік көңіл күй сыйлайды. Сондай-ақ Қазақстанның халық әртісі Тамара Асар өнер көрсетеді.

Айта кетейік, Астанада бүгін Ақмола облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі де өтіп жатыр.