189 қазақстандық «Болашақ» стипендиясын жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік кеңесші Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиын барысында 189 азаматқа «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылданды.
Биыл конкурстық іріктеу жаңа ережеге сай кезең-кезеңімен өтіп жатыр. Оның аясында кешенді тестілеу және жеке сұхбаттар жүргізілді.
Стипендия иегерлерінің 164-і — магистратурада, 10-ы докторантурада білім алмақ. Сондай-ақ 15 азамат әлемнің ең үздік университеттері мен орталықтарында кәсіби тағылымдамадан өтеді.
Маман даярлаудың басым бағыттарына ерекше назар аударылды. Яғни стипендия иегерлерінің 73 пайызы — жаратылыстану-техникалық, ал 27 пайызы қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар бойынша білімін жетілдіреді.
Сондай-ақ отырыста еліміздің атом энергетикасы саласына қажетті кадрлар даярлау мәселесі қаралды.
Жиын соңында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау бағдарламасын одан әрі жетілдіруге қатысты нақты тапсырма берді.
Бұған дейін «Болашақ» түлегі шәкірттерімен бірге отандық микрочип жасап шығарғанын жаздық.