19 қараша. Жылнама

календарь
Фото: Kazinform

Kazinform оқырман назарына 19 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық ер азаматтар күні

Алғаш рет Ерлер күнін 1999 жылы Тринидад пен Тобаго Республикасының тұрғындары атап өтті. Содан бастап ЮНЕСКО-дан қолдау тауып, бұл күнді атап өтуге өзге елдер де қосыла бастады.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні

Бұл күні ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесін тойлау дәстүрі кеңестік дәуірден бері сақталып келеді. 1988 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен қарашаның үшінші жексенбісі Ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу қызметкерлерінің күні болып белгіленді.

Қазақстан тәуелсіз мемлекет бола отырып, дәстүрді сақтап, заңнамалық деңгейде 1998 жылы қарашаның үшінші жексенбісін мерекелеу күні деп бекітті. Бұл күні Украина мен Беларусьтің ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіби мерекені қазақстандықтармен бірге атап өтеді.

Дүниежүзілік жол-көлік оқиғасы құрбандарын еске алу күні

2005 жылдың қазан айында БҰҰ Бас Ассамблеясының (A/RES/60/5) қарарымен қарашаның үшінші жексенбісі Дүниежүзілік жол-көлік оқиғасы құрбандарын еске алу күні (ЖЖҚ) болып жарияланды.

Бұл күннің мақсаты – жол-көлік оқиғасы құрбандарын еске алу және олардың отбасыларына көңіл айту, сондай-ақ үкіметтер мен жауапты ұйымдарға барлық азаматтар үшін жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажетін тағы бір рет еске салу.

Кәсіпкер әйелдер күні

2014 жылдан бастап жыл сайын аталып өтеді. Америкалық жазушы, үй жануарларына қатысты бірқатар компанияның иегері Венди Даймонд негізін қалаған. Гондурасқа барған сапарында ол Adelante ұйымында ерікті болды. Жалақысы төмен әйелдерге шағын кредит ұсынды. АҚШ-қа оралғаннан кейін ол кәсіпкер әйелдер күнін мерекелеу идеясын көтерді. Бұл халықаралық мереке алғаш рет Нью-Йоркте БҰҰ бастамасымен өтті. Қосымша шаралар әлемнің 144 елінде ұйымдастырылды.

Қазақстан Қарулы Күштері Зымыран әскерлері және артиллерия күні

Зымыран әскерлері және артиллерия – қазақстандық әскерде олар қарсыласты атыспен зақымдауда тапсырмалардың негізгі бөлімін орындайтын Құрлық әскерінің негізгі атыс күші.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

2006 жылы 19-21 қарашада Кувейтте жоғары білім мәселелеріне арналған Ислам Конференциясы Ұйымы (ИКҰ) жанындағы Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Ислам ұйымының (ИСЕСКО) ІІІ сессиясы өтті. Оған 56 мұсылман мемлекетінің өкілдері қатысты. Жиналыс мақсаты – оларды әлемдегі неғұрлым атақты ЖОО тізіміне енгізу мақсатымен ИКҰ-ға мүше елдердің үздік 20 университетін анықтау. Үздік оқу орындары қатарына Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де енді.

2010 жылы Немат Келімбетовтің неміс тіліне аударылған «Үміт үзгім келмейді» атты романы Еуропаның Франц Кафка қоғамының марапатына ие болды. Туынды қытай және түрік тілдеріне де аударылды.

2010 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстандағы жоғары оқу орындарының арасында бірінші болып университет инфрақұрылымы деректерін (data center) өңдейтін және сақтайтын орталықты іске қосты.

2012 жылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанындағы Ұлттық студенттік кеңес құрылды.

2014 жылы Мадридте ГУЛАГ жүйесінің лагерінде жазасын өтеген испандықтар туралы «Olvidados de Karaganda» деректі фильмі көрсетілді.

2015 жылы елорданың «Астана» халықаралық әуежайында тұңғыш бизнес-авиация терминалының ашылу рәсімі өтті. Үш мың шаршы метрге жуық алаңда орналасқан жаңа терминал сағатына 200 жолаушыны өткізе алады. Терминал ғимаратында конференц-зал, келіссөздер өткізуге арналған бөлмелер, сондай-ақ, 30 орындық көлік тұрағы бар. Бизнес-авиация терминалында чартерлік рейстерге қызмет көрсетіледі.

2018 жылы Қазақстан алғаш рет Одивелаше (Португалия) қаласында өткен парадзюдо бойынша Әлем чемпионатында алтын медаль алды. Алтыннан алқа таққан – Олжас Оразалыұлы. Чемпионатқа әлемнің 42 елінен 267 дзюдошы қатысты.

2019 жылы қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының (IAAF) Монако қаласындағы штаб-пәтерде өткен отырысында Азия жеңіл атлетика қауымдастығы спортшылары комиссиясының мүшелігіне қабылданды.

2021 жылы елордадағы «Нұр Астана» мешітіне шығыстың көрнекті ғалым-ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің есімі берілді. Әл-Фараби – философ, математик, музыка теоретигі, шығыс ғалымы. Ортағасырлық шығыс философиясының ең ірі өкілдерінің бірі.

Соңғы жаңалықтар
telegram