19 қараша. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 19 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

7 қыркүйек. Жылнама
Фото: Kazinform/Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық ер азаматтар күні

Алғаш рет Ерлер күнін 1999 жылы Тринидад пен Тобаго Республикасының тұрғындары атап өтті. Содан бастап ЮНЕСКО-дан қолдау тауып, бұл күнді атап өтуге өзге елдер де қосыла бастады.

Кәсіпкер әйелдер күні

2014 жылдан бастап жыл сайын аталып өтеді. Америкалық жазушы, үй жануарларына қатысты бірқатар компанияның иегері Венди Даймонд негізін қалаған. Гондурасқа барған сапарында ол Adelante ұйымында ерікті болды. Жалақысы төмен әйелдерге шағын кредит ұсынды. АҚШ-қа оралғаннан кейін ол кәсіпкер әйелдер күнін мерекелеу идеясын көтерді. Бұл халықаралық мереке алғаш рет Нью-Йоркте БҰҰ бастамасымен өтті. Қосымша шаралар әлемнің 144 елінде ұйымдастырылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

2006 жылы 19-21 қарашада Кувейтте жоғары білім мәселелеріне арналған Ислам Конференциясы Ұйымы (ИКҰ) жанындағы Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Ислам ұйымының (ИСЕСКО) ІІІ сессиясы өтті. Оған 56 мұсылман мемлекетінің өкілдері қатысты. Жиналыс мақсаты – оларды әлемдегі неғұрлым атақты ЖОО тізіміне енгізу мақсатымен ИКҰ-ға мүше елдердің үздік 20 университетін анықтау. Үздік оқу орындары қатарына Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де енді.

2010 жылы Немат Келімбетовтің неміс тіліне аударылған «Үміт үзгім келмейді» атты романы Еуропаның Франц Кафка қоғамының марапатына ие болды. Туынды қытай және түрік тілдеріне де аударылды.

2010 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстандағы жоғары оқу орындарының арасында бірінші болып университет инфрақұрылымы деректерін (data center) өңдейтін және сақтайтын орталықты іске қосты.

2012 жылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанындағы Ұлттық студенттік кеңес құрылды.

2014 жылы Мадридте ГУЛАГ жүйесінің лагерінде жазасын өтеген испандықтар туралы «Olvidados de Karaganda» деректі фильмі көрсетілді.

2015 жылы елорданың «Астана» халықаралық әуежайында тұңғыш бизнес-авиация терминалының ашылу рәсімі өтті. Үш мың шаршы метрге жуық алаңда орналасқан жаңа терминал сағатына 200 жолаушыны өткізе алады. Терминал ғимаратында конференц-зал, келіссөздер өткізуге арналған бөлмелер, сондай-ақ, 30 орындық көлік тұрағы бар. Бизнес-авиация терминалында чартерлік рейстерге қызмет көрсетіледі.

2018 жылы Қазақстан алғаш рет Одивелаше (Португалия) қаласында өткен парадзюдо бойынша Әлем чемпионатында алтын медаль алды. Алтыннан алқа таққан – Олжас Оразалыұлы. Чемпионатқа әлемнің 42 елінен 267 дзюдошы қатысты.

2019 жылы қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының (IAAF) Монако қаласындағы штаб-пәтерде өткен отырысында Азия жеңіл атлетика қауымдастығы спортшылары комиссиясының мүшелігіне қабылданды.

2021 жылы елордадағы «Нұр Астана» мешітіне шығыстың көрнекті ғалым-ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің есімі берілді. Әл-Фараби – философ, математик, музыка теоретигі, шығыс ғалымы. Ортағасырлық шығыс философиясының ең ірі өкілдерінің бірі.

2022 жылы Алматыда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының (SPECSEM) филиалында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің микробқа қарсы төзімділікті бақылау жөніндегі ведомствоаралық үйлестіру тобының дөңгелек үстел отырысы өтті. Іс-шараға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ), Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының (ХЖДҰ) және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің өкілдері қатысты.

2023 жылы 7-ші Халықаралық «Жібек жолы» көрмесі мен Шығыс-Батыс ынтымақтастығы, инвестиция және сауда жөніндегі Қытай көрмесінде ҚР Бас консулдығы Сиань қаласында тұрақты қазақстандық павильон ашу туралы келісімге келді. Сиань қаласмының Сауда-өнеркәсіп палатасы оның ашылуына қолдау көрсетті.

2024 жылы қазақстандық эквилибристтер Қазақстан тарихында алғаш рет әуе-спорттық эквилибрі дуэтінде алғашқы алтын медальді жеңіп алды. Әлем чемпионаты Швецияда өтті, оған 46 елдің өкілі қатысты. Бұл спорт түрі бірнеше саланы қамтиды және өте қауіпті.

Соңғы жаңалықтар