19 қазан. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 19 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Жылнама
Фото: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Құтқарушылар күні

Құтқарушылар күні Қазақстанда жыл сайын 19 қазанда аталып өтеді. Бұл атаулы күннің бекітілуі елімізде Төтенше жағдайлар жөніндегі орталық мемлекеттік комитеттің құрылуымен байланысты.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1928 жылы Қарағанды облысындағы Қарсақбай елді мекенінде Жезқазған тау-кен металлургиялық комбинаты («Жезқазғантүстімет» акционерлік қоғамы) құрылды. 1997 жылы шілдеде «Жезқазғантүстімет» акционерлік қоғамы негізінде «Қазақмыс» корпорациясы құрылды. Корпорация мыс және күміс өндіруден Қазақстанда бірінші орында болса, мыс өндіруден әлем бойынша алғашқы ондыққа кіреді. Жезқазған аймағының дамуына, тау-кен металлургия кешенінің құрылуына қазақ ғалымы Қаныш Сәтбаев көп еңбек сіңірді.

1989 жылы Семей полигонында соңғы (221-ші) ядролық жер асты жарылысы жүргізілді.

2005 жылы «Қазпошта» АҚ Эстония поштасымен бірігіп, екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайту мақсатында «Аңшы иттер» тақырыбына арналған жаңа пошта маркасын шығарды. Жаңа маркада қазақ тазысы мен эстон тазысының суреті бейнеленген.

2010 жылы ҚР Ұлттық банкі 2011 жылғы VII қысқы Азия ойындарына арналған номиналы 500 және 5000 теңгелік ескерткіш күміс шақаларды айналымға шығарды.

2012 жылы «Хабар» агенттігі» АҚ құрамындағы тәулік бойы жаңалық тарататын «24KZ» (қазір «Хабар 24») арнасы өз жұмысын бастады. Аталған арна ұлттық цифрлық телевидениені дамыту бағдарламасының аясында құрылып, «Otau TV» ұлттық спутниктік жүйе арқылы хабар таратады.

2012 жылы Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Ислам ұйымы 2012 жылғы ғылым және технология саласындағы БҒМЖИҰ сыйлығын М.О. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің силикаттық технология және минералды синтез кафедрасының профессоры, доктор Беген Омарұлы Есімовке табыстайтынын жариялады.

2013 жылы Қазақстан Өндіруші салалардағы ашықтық бастамасын (ӨСАБ) жақтаушы мәртебесін алды.

2015 жылы Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Дамуға жәрдемдесу комитетінде ресми мәртебеге ие болды.

2015 жылы Лиссабонда FEANI Еуропалық инженерлік қоғамдар федерациясының Бас ассамблеясының отырысында Қазақстан инженерлік білім беру қауымдастығы (KazSEE) осы ұйымның толық мүшесі ретінде қабылданды.

2016 жылы Астанада Рақымжан Қошқарбаевқа арналған ескерткіштің ресми ашылу салтанаты болды. 11 метрлік монумент Б.Момышұлы және Р.Қошқарбаев даңғылдарының қиылысында орналасқан. Мүсіндік композицияның биіктігі – 6 метр. Ескерткіш авторы – белгілі мүсінші Асқар Нартов.

2016 жылы Қазақстан ДСҰ мемлекеттік сатып алулар жөніндегі байқаушысы статусын алды. Қазақстан Республикасының бұл статусты алуға ресми өтінімі ДСҰ-ның Швейцарияның Женева қаласында өткен мемлекеттік сатып алулар бойынша комитетінің кезекті отырысында бірауыздан дауыс беру кезінде мақұлданған.

2019 жылы Тәжікстанда әскери борышына адалдық танытқан қазақстандық батальонның 17 жауынгеріне арналған ескерткіш ашылды. 1995 жылдың 7 сәуірінде Тәжікстандағы Дарваз ауданының Пшихавар шатқалында қазақстандық 7-ші қосынды ротасына оппозициялық күштер шабуыл жасады. Бес сағатқа созылған ұрыс кезінде Ішкі әскер 17 жауынгерінен айырылды, 33 адам жарақаттанған.

2021 жылы Павлодар облысының Ақсу қаласында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан бөлім командирі Машрап Арыстанбек Дулатұлына ескерткіш тақта ашылды.

«Өрт сөндіруші мамандығы – антына адал, қауіп-қатерге қарамастан, өз міндетін соңына дейін орындайтын нағыз батыл жастарға арналған, - деді шара барысында төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Жасұлан Жұмашев. - Сондай батырлардың бірі – кіші сержант, жасақ бастығы Машрап Арыстанбек еді. Халқымыздың лайықты перзентін тәрбиелеген ата-анаға ризашылығымды білдіріп, бас иемін».

2022 жылы Мемлекет басшысы Алматы облысының жұртшылығымен кездесу өткізді. Отырысты ашқан Мемлекет басшысы Алматы облысының жеке аумақтық бірлік болып құрылуын және әкімшілік орталығының Қонаев қаласына көшірілуін маңызды оқиға деп атады. Елбасы Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішін аралап, облыс тұрғындарымен әңгімелесті, қаланың дамуына үлес қосқан ардагерлермен, республика мен облысқа танымал спортшылармен кездесті.

2023 жылы Парижде өткен Asia NOW заманауи өнер жәрмеңкесінде қазақстандық суретшілер: Дарья Нұртаза, Әлібай Бапанов, Айдана Құлахметова, Сәуле Мәдиева, Алмагүл Меңлібаева және Сырлыбек Бекботаевтың жұмыстары ұсынылды.

Asia NOW — Лувр мұражайына қарама-қарсы орналасқан Париждің тарихи теңге сарайында өткен қазіргі Азия өнерінің әйгілі алаңы.

Жәрмеңкенің басты назары Орталық Азияға арналды. Оған Азияның 26 ​​елінен 65 заманауи өнер галереясы мен 220 суретші қатысты.

Қазақстандық суретшілердің туындылары ең жақсы пікірлерге ие болды.

Соңғы жаңалықтар