19 қыркүйек. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 19 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Туған күн
Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

55 жыл бұрын (1970) Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Тауфикұлы ЖОЛАМАНОВ дүниеге келді.

 Әбіл Тауфикұлы ЖОЛАМАНОВ
Фото: Gov.kz

Батыс Қазақстан облысында туған. 1992 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тарихшы, тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі мамандығын тәмамдаған.

Еңбек жолын Батыс Қазақстан облысы Жымпиты орта мектебінде 1992-1994 жылы тарих және қазақ тілі пәні мұғалімі қызметінен бастап, тәрбие ісі жөніндегі мектеп директорының орынбасары қызметінде болды. 1994-2008 жылдары Сырым ауданы әкімі аппараты, аудандық жұмыспен қамту орталығы, ішкі саясат,мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, білім бөлімінде басшылық қызметте болған. 2008-2014 жылдары Батыс Қазақстан облысы тарихи-өлкетану мұражайының басшысы, 2014-2015 жылдары Батыс Қазақстан облысы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары, 2015-2017 жылдары Атырау облысы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы, 2017-2019 жылдары ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде мәдениет және өнер департаменті директорының орынбасары және директоры, 2019-2023 жылдары ҚР Ұлттық архивінің басшысы қызметінде болған.

Қазіргі лауазымын 2023 жылдың наурыз айынан бері атқарып келеді.

51 жыл бұрын (1973) Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығы меңгерушісінің орынбасары Людмила Витальевна БЮРАБЕКОВА дүниеге келді.

Людмила Витальевна БЮРАБЕКОВА
Фото: primeminister.kz

Қарағанды ​​қаласында туған. 1997 жылы Қарағанды ​​мемлекеттік медицина академиясын, 2004 жылы Қазақстан фармацевтикалық институтын, 2014 жылы Халықаралық бизнес академиясын бітірген, іскерлік әкімшілік магистрі.

Еңбек жолы: 1990-1991 жылдары Қарағанды облыстық қан құю станциясының санитары, 1997-2000 жылдары Қарағанды мемлекеттік медицина академиясының клиникалык ординаторы, 2004-2006 жылдары «Профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы Көпсалалы клиникалық аурухана» КМҚК дәрігері - клиникалық фармаколог, 2006-2007 жылдары «Қарағанды облысының Денсаулық сақтау департаменті» ММ бас маманы, 2007-2009 жылдары «Батыс Қазақстан облысының Денсаулық сақтау департаменті» ММ бастығының стратегиялық даму және дәрілік саясат жөніндегі орынбасары, 2009-2010 жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің фармацевтикалық қызметті, дәрілік заттардың сапасын және пайдаланылуын бақылау басқармасының бастығы, 2011-2013 жылдары «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің бас менеджері, директоры, 2013-2014 жылдары «Республикалық санитариялық авиация орталығы» ШЖҚ РМК оқу-клиникалық бөлімінің бастығы, 2014 жылы ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы» АҚ вице-президенті лауазымын атқарған. 2014- 2015 жылдары ҚР Президенті Іс басқармасының ведомстволық қарасты ұйымдарды басқару жөніндегі бөлімі бас инспекторы, 2015-2017 жылдары «Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы» ММ басшысының орынбасары, 2017-2020 жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрайымы - ҚР Бас мемлекеттік фармацевтикалық инспекторы; Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы; ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі қызметінде болды.

2021 жылғы 1 сәуірде Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы басшысының орынбасары болып тағайындалды.

«Астана 20 жыл» медалімен, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен, марапатталды.

50 жыл бұрын (1975) Қазақстанның Сиань қаласындағы бас консулы Жошыхан Асылбекұлы ҚЫРАУБАЕВ дүниеге келді.

Жошыхан Асылбекұлы ҚЫРАУБАЕВ
Фото: Gov.kz

Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін (1998), Көкшетау университетін шығыстанушы-филолог, қытай тілі мұғалімі, аудармашы-референт, заңгер мамандығы бойынша бітірген (2003), тарих ғылымдарының кандидаты (2010).

Еңбек жолы: 1998-2000 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің жетекші маманы, көмекшісі, атташесі, 2000-2023 жылдары атташе, Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшілігінің үшінші хатшысы, 2003 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігі виза қызметінің үшінші хатшысы, 2003-2004 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің үшінші хатшысы, 2004-2009 жылдары Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің вице-консул, бірінші хатшысы – консул, кеңесші – консулы, 2009-2010 жылдары Қазақстан Республикасының Гонконг ОАР және Макао ОАР-дағы Бас консулы, 2010-2012 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаменті директорының орынбасары, 2015-2020 жылдары Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулы, 2020-2021 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаменті директорының орынбасары, 2021-2023 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінің Азия-Тынық мұхиты аймағы департаментінің директоры лауазымын атқарған.

2023 жылдың наурыз айынан бастап Қытайдың Сиань қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулы қызметінде.

41 жыл бұрын (1984) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Асан Көбентайұлы ДАРБАЕВ дүниеге келді.

Асан Көбентайұлы ДАРБАЕВ
Фото: primeminister.kz

Ақмола облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университетін, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын, Warwick университетін («Болашақ» бағдарламасының стипендиаты) тәмамдаған.

Еңбек жолын 2005 жылы ҚР Қаржы министрлігінің құрылымында бастаған.

Түрлі жылдары «Бәсекелі саясатты дамыту және қорғау орталығында», Алматы облысы бойынша Монополияға қарсы басқармада бәсекелестікті қорғау бөлімінің бас маманы, басшысы қызметтерін атқарған.

2013-2014 жылдары ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінде Квазимемлекеттік сектор және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары, Мемлекеттік кәсіпорындар мен қосылуларын бақылау департаментінің директорының орынбасары болды. 2014-2015 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Мемлекеттік кәсіпорындар мен қосылуларын бақылау басқармасын басқарды. 2015-2017 жылдары ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасының орынбасары, 2017-2019 жылдары ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары болып еңбек етті. 2019-2025 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы қызметін атқарған.

Қазіргі қызметін 2025 жылдың сәуір айынан бастап атқарып келеді.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

37 жыл бұрын (1988) Риддер қаласының әкімі Думан Есдәулетұлы РАХМЕТҚАЛИЕВ дүниеге келді.

Думан Есдәулетұлы РАХМЕТҚАЛИЕВ
Фото: Gov.kz

Шығыс Қазақстан облысында туған. Прага халықаралық университетін (2011) және Қазақстан-Америка еркін университетін (2016) бітірген.

Еңбек жолы: 2011 жылы «Теплоэнергоснаб» ЖШС экономисі, 2013 жылы «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» ЖШС бас маманы, 2014 жылы «Орман және аңшылық шаруашылығы жедел әрекет ету бөлімі» КММ инспекторы, 2014-2019 жылдары бағдарламашы, инвесторларға қызмет көрсету орталығының бас менеджері, активтерді басқару департаментінің директоры, «Ертіс» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, 2020-2023 жылдары Шығыс Қазақстан облысының қаржы басқармасының басшысы, 2023-2024 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының әкімі болып қызмет атқарған.

2024 жылдың маусым айынан бастап қазіргі қызметінде.

120 жыл бұрын (1905-1983) ақын, жазушы Асқар ТОҚМАҒАМБЕТОВ дүниеге келді.

Асқар ТОҚМАҒАМБЕТОВ
Фото: Wikipedia

Қызылорда облысының Сырдария ауданында туған. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Ташкент политехникумын, Мәскеу Баспа институтын бітірген.

«Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Ара» журналында қызмет істеген. Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент, Қызылорда облыстары бойынша жауапты хатшысы болған.

1928 жылдан бастап өлеңдері мен поэмалары, очерктері мен фельетондары жеке кітап болып басылып шықты.

Отан соғысы жылдарында жауынгерлердің майдандағы ерліктерін, халықтар достығы, соғыстан кейінгі жылдарда бейбіт өмір тынысын өз шығармаларына арқау етті.

«Хат», «Бақыт кілті», «Қаскелең», «Өмірге жол», «Агроном көктемі», «Батыр Әли», «Ақын тағдыры», «Кремль сақшысы», «Ажалды жеңген алыптар», «Батырлар дастаны», «Уборщица», «Берлин көшесінде», «Испания», «Қараңғы түнде», «Рейн жағасында» поэмаларының, «Біздің Сәуле», «Қош аман бол», «Бәтиманың хаты», «Күт мені», «Сүйген жарға» тағы басқа әнге арналған өлеңдерінің, Ыбырай Жақаев өмірін бейнелейтін «Қыран тұғырдан ұшады», Қазан төңкерісінің қарсаңындағы ауыл өмірін суреттейтін «Ақмоншақ» (О.Бодықовпен бірге), «Қарбаласта» повестері мен романдарының, «Жыр күмбезі» атты тарихи романның авторы.

«Екі заң», «Сайлау», «Алдар Көсе», «Бір семья» атты пьесалары бар. С.Айнидің «Құлдар» романын қазақшаға аударды.

Қазан төңкерісі, І дәрежелі Отан соғысы, үш рет Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар