19 қыркүйек. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 19 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

7 мамыр. Жылнама
Коллаж: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

«Смайликтің» туған күні

1982 жылы 19 қыркүйекте Карнеги-Меллон университетінің профессоры Скотт Фальман (Scott E. Fahlman) компьютерде терілетін мәтінде «күлімсіреп тұрған бет-әлпетті» көрсету үш қос нүкте, дефис және жабылатын жақшадан тұратын қатар келген үш символды пайдалануды ұсынды. Алғаш рет смайликті пайдаланған хабарлама 2002 жылы пленкада сақталған хабарландырулар тақтасының мұрағатынан табылды. Қазір смайлик электрондық қарым-қатынастың айнымас белгісі болып қалды. Смайликтер әңгімелесушіні дұрыс түсінуге, оның көңіл күйін байқауға көмектеседі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1957 жылы Тамғалы шатқалындағы тасқа қашап салынған петроглифтер ашылды. ҚазКСР Ғылым академиясының Тарих және археология институтының Оңтүстік Қазақстан археология экспедициясының Жетісу отряды Қазақстанның тұңғыш кәсіби археологы Анна Максимованың басшылығымен Алматы облысының Жамбыл ауданында Тамғалы шатқалындағы тасқа қашап салынған петроглифтер ашылды. Тамғалы петроглифтері кейіннен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілді.

1994 жылы Қазақстандық интернеттің туған күні. Жоғары деңгейдегі kz. Казинформтелеком ұлттық домені іске қосылды.

1995 жылы Пәкістанда урду тілінде Абайдың «Таңдамалы өлеңдері» кітабының аудармасы жарық көрді.

2002 жылы Қазақстанда адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының сақталуын бақылайтын, өз құзыреті шегінде адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдауға уәкілетті адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымы құрылды.

2005 жылы Жамбыл облысы Шу ауданы Жаңа жол ауылында қазақтың халық батыры, дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлына арналған ескерткіш орнатылды.

Бауыржан Момышұлы (1910-1982) - Кеңес одағының батыры, екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, қазақтың көрнекті жазушысы. Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекенінде дүниеге келген. «Офицердің күнделігі», «Бір түннің тарихы», «Біздің семья», «Москва үшін айқас» «Жауынгердің тұлғасы», «Майдан», «Майдандағы кездесулер», «Генерал Панфилов», «Төлеген Тоқтаров», «Куба әсерлері», «Ел басына күн туса», «Ұшқан ұя», «Адам қайраты» повестері мен әңгімелерінің авторы. Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы, І дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» сынды орден-медальдармен марапатталса, халқының қаһарман ұлына Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін «Кеңес Одағының батыры» атағы берілген.

2006 жылы Қазақстанда тұңғыш рет журналистика энциклопедиясы шығарылды. Оны шығарған Қазақстан журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев.

2011 жылы Қазақстан Республикасының Caspionet ұлттық спутниктік арнасы Galaxy 19 спутнигінің DTH платформасы арқылы Солтүстік Америка аумағына ашық түрде хабар таратуды бастады. Caspionet каналының бағдарламалары 28 елдің көрермендеріне қол жетімді болды: АҚШ, Канада, Мексика, Куба, Доминикан Республикасы, Антигуа және Барбуда, Багам, Барбадос, Белиз, Гаити, Гватемала, Гондурас, Доминика, Коста-Рика, Никарагуа, Сальвадор, Сент-Люсия, Сент-Винсент және Гренадин, Сент-Китс және Невис, Ямайка.

2012 жылы Қазақстан алғаш рет Францияның Канны қаласында жыл сайын өтетін Cannes Corporate Media & TV Awards халықаралық деректі фильмдер фестиваліне қатысты.

Фестиваль байқауына 2011 жылы жарыққа шыққан «Киелі Мекен» деректі фильмін (орысша нұсқасында «Достояние Республики») жасаушылар шақырылды

2014 жылы Лондонда Роберт Уайттың «Жоғалған хандар мен бос далалар. Қазақстан тарихы ежелгі дәуірден қазіргі уақытқа дейін» атты кітабы жарыұ көрді.

Кітаптың авторы Алматы қаласындағы банк секторында үш жылдан астам уақыт жұмыс істеп, осы уақыт ішінде ол Қазақстанның тарихы мен мәдениетін зерттеуге көп көңіл бөлген. Лондонға оралғаннан кейін Р.Уайт Британдық аудиторияны Орта Азиядағы ең маңызды елдің әсерлі тарихымен таныстыруды жөн деп тапқан.

2014 жылы Алматы облысындағы жеті сақ-скиф қорғаны ескерткіш мәртебесіне ие болды. Шараның басты мақсаты – ежелгі қорғандарды тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштері ретінде заңдастыру және қоғамның назарын оларды сақтау мәселесіне аудару.

2014 жылы Павлодарда белгілі қазақ жазушысы, публицист, ақын, Алашорда көшбасшыларының бірі, 1931 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, атылған Жүсіпбек Аймауытовқа ескерткіш ашылды.

2017 жылы Қазақстан БҰҰ-ның жыныстық зорлық-зомбылықты жою жөніндегі міндеттемесі туралы құжатына қосылды.

Бұл құжат зорлық құрбандарына көмек көрсетуді, БҰҰ миссияларына жіберілетін қызметкерлерді іріктеу мен оқытудың жоғары стандарттарын қамтамасыз етуді, жыныстық эксплуатация және зорлық-зомбылық әрекеттерін жасайтын адамдарға қарсы шаралар қабылдауды қамтиды.

2018 жылы Астанадағы паралимпиадалық жаттығу орталығында арбамен қозғалатын адамдарға арналған «Өз-өзіне қызмет көрсету Инвасервисі» бірегей бұрышы орнатылды. Ол мүгедектерге арбаларының дөңгелектерін өз бетінше тазалауға мүмкіндік береді. Құрылғының авторы арбамен билеуден ҚР құрамасының мүшесі Ардақ Оторбаев.

«Өз-өзіне қызмет көрсету Инвасервисінде» қолданылатын жабдықтың әлемде баламасы жоқ. Бұл мүгедектер арбасында қозғалатын адамдардың өмірлік белсенділігін талдау және қажеттіліктер негізінде ойлап табылған алғашқы отандық жабдық.

2019 жылы ТМД аумағында алғаш рет елордада PATA Travel Mart 2019 Азия-Тынық мұхиты елдерінің халықаралық туристік көрмесі ашылды. Көрмеге 250-ден астам туристік компаниясы қатысты. Көрменің ресми ашылу рәсімі барысында Азия мен Тынық мұхиты аймағының мүмкіндіктері мен жаңа ұсыныстары көрсетілді.

2020 жылы Көкшетау қаласында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған алғашқы «Дарын» спорт кешені ашылды.

Мұнда барлық жағдай жасалған: жаттығу залы, емдеу-массаж кабинеті, жекпе-жек пен фитнес-зал бар. Сонымен қатар, EGOV өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы ашылған, сондай-ақ компьютерлік сауат оқытылады. Жаңа мекеме мүмкіндігі шектеулі адамдардың денсаулыығын сақтау үшін қолайлы жағдай жасап қана қоймай, олардың бейімделуі мен оңалтуды қамтамасыз етуге көмектеседі.

2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясына қатысу үшін жұмыс сапармен Нью-Йорк қаласына барды. Мемлекет басшысы жаһандық қаржы институттары, трансұлттық компания мен сарапшы өкілдермен бірқатар кездесу өткізді.

2022 жылы Қазақстанда үш жаңа саяси партия құрылды: «Халық дербестігі», «Намыс» және «Байтақ».

2023 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Корея Республикасы мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша Парламент спикерлерінің I кездесуіне қатысты. Шарада Корея, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан парламенттерінің спикерлері сөз сөйледі.

Палата төрағасы Ерлан Қошанов Корея Республикасы Ұлттық ассамблеясының төрағасы Ким Чжин-Пхеге саммитті ұйымдастыру бастамасы үшін алғысын білдірді. Ол Орталық Азия елдерімен жан-жақты өзара іс-қимылды арттыру және аймақтың әлеуетін нығайту Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

2023 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Қожаберген жыраудың шағын Отанында қолбасшы, ақын, мемлекет қайраткері, Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Қожаберген жыраудың 360 жылдық мерейтойы аталып өтті. Қожаберген жыраудың жерленген жеріне оның шығармашылығының жанкүйерлері, осы айтулы тұлғаны зерттейтін тарихшылар, ғалымдар жиналды. Петропавлда Қожаберген жыраудың ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті. Сондай-ақ облыс орталығында «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атты ғылыми-тәжірибелік конференция облыс орталығында өтті.

2023 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Ақан сері ауылында қазақ халқының ұлы ақыны, сазгері, әншісі Ақан серінің 180 жылдық мерейтойы аталып өтті. Ақан сері ауылына жүздеген қазақстандықтар мен еліміздің әр өңірінен қонақтар келіп, оларды мерейтойлық іс-шараның салтанатты ашылуы мен шығармалары халыққа шынайы мұраға айналған ақынның құрметіне арналған мерекелік концерт күтіп тұрды. Сахна төрінен ұлы ақынның жүрекжарды лирикалық мотивтерімен, терең мағыналылығымен ерекшеленетін барша жұртшылықтың сүйікті шығармалары тыңдалды. Бұл – әлемге әйгілі «Сырымбет», «Мақпал», «Қарамар», «Перизат» және т.б.

2024 жылы еліміздің барлық аймақтарында «Менің мектебім буллингке қарсы!» республикалық флешмобы өтті, оған 750 мыңнан астам мектеп оқушысы қатысты. Оқушылар кәмелетке толмағандар арасындағы қорлау мәселесіне назар аудара отырып, бір әуенге биледі.

Соңғы жаңалықтар