19 маусым. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 19 маусымға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

19 маусым. Жылнама
Фото: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қазақстанда әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің күні

1992 жылғы 19 маусымда Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерін құру туралы директиваға қол қойды. Бүгінде бұл Әуе қорғанысы күшінің құрамындағы жеке әскер түрі.

Дүниежүзілік балалар футболы күні

Бұл мереке 2001 жылы ФИФА мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры арасындағы келісімнің арқасында дүниеге келген. Ұйымдастырушылардың мерекені белгілеудегі басты міндеті — әлемдегі ең танымал спорт ойындарының бірін одан әрі танымал ету, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау.

ЮНИСЕФ кіретін БҰҰ құрылымы тұрғысынан Дүниежүзілік балалар футболы күні әртүрлі елдердегі спорт ұйымдарын дарынды балаларды іздеуге ынталандырып, олардың таланттары мен қабілеттерін ашуға мүмкіндік беруі керек. Дәл осындай мүдделерді ФИФА (Халықаралық футбол федерациясы) көздейді.

Конфликт жағдайларындағы жыныстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күні

Бұл атаулы күн 2015 жылы 19 маусымда БҰҰ Бас Ассамблеясының №A/RES/69/293 қарарында әртүрлі конфликт жағдайларда (саяси, діни, ұлттық сипаттағы халықаралық, мемлекетішілік (азаматтық соғыстар) жыныстық зорлық-зомбылық көрсету мәселесіне көпшіліктің назарын аударту мақсатында қабылданды.

Халықаралық серуендеу күні

Маусымның ортасында демалу, стресті жеңілдету немесе жай ғана жүйке кернеуі сияқты айқын көрінетін, бірақ ұмытылған тәсілдің маңыздылығын бағалауға шақыратын мереке ретінде атап өтіледі.

Жаяу серуендеу күнін тойлауды жақтаушылар бүкіл адамзатқа жүгінеді, олар тек осы күні ғана емес, сонымен бірге табиғатқа мүмкіндігінше жиі барып, кем дегенде біраз уақыт өткізеді, бұл — жалғыздық пен тыныштықтың немесе достық әңгіменің тамаша тәсілі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1918 жылы «Ақтөбе хабаршысы» газетінің бірінші нөмірі жарық көрді. Басылымның атауы бірнеше мәрте өзгеріске ұшырағанмен, қазір бастапқы атауына қайта оралды.

2001 жылы Қазақстанда 184,5 шақырымдық Ақсу-Дегелең темір жолы іске қосылды.

2006 жылы Қызылордадағы қалалық мәдениет және демалыс саябағының кіре берісінде «Сыр бойының батырлары» атты қаладағы ең үлкен ескерткіш-монументтің ашылу салтанаты болды. Ескерткіштің ашылу рәсіміне облыс, қала басшылары, ардагерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жалпы қала жұртшылығы қатысты. Ескерткіш авторы — Сыр еліне белгілі мүсінші Жәркен Исмайылов.

2009 жылы Өскеменнің Аблакетка тауында Қазақстанның мемлекеттік туы орнатылды. Еліміздің басты мемлекеттік рәміздерінің бірі — көлемі 6×12 метрлік ту теңіз деңгейінен 522 метр биіктікте орнатылған. Оның қасына үлкен әріптермен «Қазақстан» деген жазу жазылған.

2010 жылы Астанада қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абайға арналған еңселі ескерткіштің ашылу рәсімі өтті. Абай мен Бейбітшілік көшелерінде бой көтерген ұлы ақынның ескерткіші стилобат, постамент және мүсіннен тұрады. Монументтің жалпы биіктігі — 17,750 метр, ал Абай мүсінінің биіктігі — 7,550 метр. Мүсіндік композицияның барлық элементтері бір қалыпта әзірленіп, таза қоладан құйылған. Салмағы — 10 тонна. Ескерткіш авторы — алматылық мүсінші Болат Досжанов. Ақынның туған күніне орай жыл сайын ұйымдастырылатын Абай оқулары енді осы жерде өтетін болды.

2013 жылы Алматыда Шейх Ахмед ибн Кудайдад Таразидің «Көркем сөз өнері» атты кітабының тұсаукесері өтті. Туынды 1436-1437 жылдары жазылған. Оның жалғыз қолтаңбасы Бодлеан кітапханасында сақталған. Осы қолтаңба негізінде кітапты филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменей алғаш рет қазақ тіліне аударды.

2014 жылы Қазғарыш басшысы Талғат Мұсабаев Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетовке «KazEOSat-1» жерді қашықтан зондтау алғашқы қазақстандық жерсерігінен 700 шақырым биіктікте түсірілген Ақтөбенің суретін табыстады.

2014 жылы Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хенің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында екі ел Үкіметі арасында визалық талаптарды өзара жою туралы шартқа қол қойылды. Енді Қазақстан мен Корея азаматтары, жалпы азаматтық паспорттардың иелері елге визасыз бір айға дейін келе алады. Бұл шешім туризм, медицина, ғылыми технологиялар, студенттік алмасу және т. б. дамуға арналған.

2016 жылы Qatar Day ақпарат агенттігі әлі жауабы табылмаған 8 жұмбақты жариялады. Ашылмаған құпиялардың қатарына Торғай өңіріндегі петроглифтер енді. Әлемде мұндай ғажайып тарихи орын табылған жоқ.

2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып өзгерді. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Шымкенттен Түркістан қаласына ауыстырылды.

2018 жылы Шымкент қаласы бір миллион адамнан асатын тұрғыны бар қала ретінде Астана және Алматы қалаларының қатарында республикалық маңызы бар қала дәрежесіне көтерілді.

2018 жылы ҚР Ұлттық банкі Астананың 20 жылдығына арнап, «Көрнекті оқиғалар мен адамдар» сериясынан «Астана 20 жыл» коллекциялық монеталарын шығарды.

2019 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті халықаралық QS «World University Rankings» рейтингінде әлемнің 800 үздік оқу орны арасында топ-210 қатарына енді. Посткеңестік кеңістіктен бұл топқа тек екі ғана жоғары оқу орны қосылған. Олар — ҚазҰУ мен Ломоносов атындағы ММУ (РФ).

2020 жылы Бельгияда «Тіл-Қазына» қазақ мәдени орталығы ашылды, соның арқасында дипломаттар мен қазақ диаспорасы өкілдерінің балалары қазақ тілін, тарихын, мәдениеті мен әдет-ғұрпын үйренуге мүмкіндік алды. Елшілік Брюссельдегі мәдени орталық отандастарымыздың тұрақты кездесулерінің, диаспорамыздың тартылыс нүктесі, мәдени-білім беру іс-шараларын өткізу алаңы болады деп үміттенеді.

2021 жылы ҚР Ұлттық нейрохирургия орталығында Орталық Азиядағы бірінші шведтік гамма пышақ орнатылды. Әлемде барлығы 400-ге жуық Gamma Knife қондырғылары бар, олардың жартысы АҚШ пен Жапонияда орналасқан.

«Гамма пышақ» — ісіктерді, мидың тамырлы және функционалдық ауруларын емдеуге арналған радиохирургиялық бөлімше. Жұмыс принципі мынада: 192 кобальт-60 көзінен радиоактивті сәулелену қолданылады, олардың сәулелері бірге жиналып, патологиялық ошақ аймағында біріктіріледі. Олар ісік жасушаларының ДНҚ-сын бұзады. Бұл ретте сау ми тіндері және науқастың бүкіл денесі сәулеленбейді. Операцияның өзі ауыртпалықсыз және краниотомияны қажет етпейді.

2023 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаеваны қабылдады. Кездесу барысында сұхбаттасушылар парламентаралық байланыстарды дамыту және мемлекетаралық қарым-қатынастарға қосымша серпін беру контекстіндегі қазақ-өзбек ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылады.

2024 жылы Ақордада су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысқан азаматтарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Табиғи апат ел тарихындағы ең жойқын апаттардың бірі болды. Қазақстанның 10 облысында төтенше жағдай жарияланды. Ел бойынша 19 мыңнан астам тұрғын үй зақымданған. Су тасқынымен күреске 63 мыңнан астам тәртіп сақшысы қатысты. Құтқару жұмыстары кезінде 120 мыңнан астам адам эвакуацияланды, оның 40 мыңы — балалар.

2024 жылы Мемлекет басшысы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Жаңа Заң «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңдардың күші жойылды деп танылған негізгі ережелерін қамтиды. Заңда бірқатар жаңа нормалар қарастырылған. «Бұқаралық ақпарат құралдары» деген жаңа, кеңірек ұғым енгізілді, оған БАҚ ғана емес, сонымен қатар интернет-ресурстар да кіреді. Мемлекеттік ақпараттық саясат іске асырылатын Бірыңғай медиа-платформаны құру көзделген. Журналистерге қосымша құқықтық кепілдіктер белгіленді. Журналисттің құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын, ақпаратты іздеу, сұрату, алу және тарату кезіндегі құқықтарының кеңеюін, сондай-ақ «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңда белгіленген өзге де арнайы құқықтарын қамтамасыз ететін журналист мәртебесін білдіретін «журналисттің ерекше мәртебесі» ұғымы енгізілді. Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары мен олардың журналистерін аккредиттеу тәртібі жетілдірілді.

2024 жылы Абай ауданында Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдығына орай «Ашамайға отыру» дәстүріне алғаш рет 500 бала қатысты. Оған бұрын атқа мініп көрмеген 4 пен 15 жас аралығындағы балалар қатысты. Жаттығу екі айға созылды, оның барысында балалар атқа мінудің қыр-сырын үйренді. Түркітілдес мемлекеттер арасындағы жаңа рекорд Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілді.

Соңғы жаңалықтар