19 наурыз. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 19 наурызға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

30 маусым. Жылнама
Фото: Kazinform/Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық клиенттер күні

Алғаш рет 2010 жылы аталып өткен. Содан бері жыл сайын бұл мерекені Еуропа және Америка елдері қолдап келеді. Атап айтқанда, бұл күні кәсіпкерлер клиенттеріне ынтымақтастығы үшін алғыс айтып, өздерінің ризашылығын білдіреді.

Халықаралық «Маған оқып бер» күні

Жыл сайын аталып өтеді. Ересектерге балаларына кітап оқып берудің маңыздылығын еске түсіру үшін және балаларды ата-аналарынан немесе басқа ересектерден оларға оқып беруді сұрауға шақыру үшін құрылған. Халықаралық «Маған оқып бер» күнін 2018 жылы аустралиялық жазушы, спикер және баспагер, Child Writes негізін қалаушы Эмма Мактаггарт бастады. Child Writes – бастауыш мектеп жасындағы балалардың мүмкіндіктерін кеңейтуге және оларға өз сурет кітаптарын жасау мүмкіндігі арқылы дауыс беру құқығын беруге бағытталған әдеби насихат бағдарламасы.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1931 жылы Қазақстандағы алғашқы әрі алдыңғы қатарлы медициналық оқу ордасының бірі – С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық академиясы ашылды.

1996 жылы ҚР Президентінің төрағалығымен Жоғарғы сот кеңесінің бірінші мәжілісі өтті.

2001 жылы Астана қаласының «Астананың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» атты әлеуметтік-экономикалық дамуының (2005 жылға дейін) мемлекеттік бағдарламасы бекітілді.

2013 жылы Алматыда қаржыгерлер аллеясы ашылды. Оған 70 Тянь-шань шыршасы отырғызылды.

2013 жылы «Эйр Астана» компаниясының Emblaer әуе лайнеріне Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлық және «Тарлан» сыйлығының лауреаты Әмина Өмірзақованың есімі берілді.

2014 жылы Қытай астанасының орталығында «Чаоян» саябағында қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абайға арналған ескерткіш ашылды (мүсінші Юань Сикунь).

2015 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) хатшылығында ұлттық нақыштағы «Астана» мәслихат залы салтанатты түрде ашылды. ШОС хатшылығының бірінші қабатында орналасқан залдың ауданы 60 шаршы метрден асады.

2017 жылы қазақстандық спортшылар Сұңғат Закарин мен Аслан Қанатбек Грекия астанасы Афиныда джиу-джитсудан жастар арасындағы әлем чемпионатында әлем чемпионы атанды. Жеке және командалық есепте үздік атану үшін әлемнің 45 елінен жиналған 1000-нан астам спортшы күрес жүргізді.

2018 жылы Қазақстанның бірінші ракеткасы Михаил Кукушкин Американың Ирвинг қаласында өткен жүлде қоры 150 мың доллар Челленджердің жеңімпазы атанды.

2019 жылы Қазақстан Президенті өз өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. Конституцияға сәйкес, ҚР Президентінің өкілеттігі ҚР Парламенті Сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауысты.

2021 жылы Алматыда белгілі жазушы, әдебиеттанушы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Герольд Бельгерге ескерткіш қойылды. Ескерткішті салтанатты түрде ашу шарасында Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Қазақстан Президентінің құттықтау хатын оқып берді.

- Халқымыз «Гераға» деп құрмет тұтқан Герольд Карлович саналы ғұмырында ұлтымыздың әдебиеті мен мәдениетін өркендетуге, қазақ тілінің қарыштап дамуына айрықша үлес қосты. Бала шақтан дала демократиясын бойына сіңіріп өскен қарымды қаламгер ұлт руханиятындағы өткір де өзекті мәселелерді де әрдайым бүкпесіз айтып, қоғамда талқылап, оларды шешу жолдарын ұсынып отырды. Ең бастысы, жазушы Герольд Бельгер өзінің өмірімен өнері арқылы бірлігі жарасқан біртұтас Қазақстан халқын қалыптастыру ісіне қалтқысыз қызмет етті, - деп жазылған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдаған хатта.

2021 жылы Қазақстан Ұлттық Банкі құрамдас бөлігінде алтын компоненті бар күмістен жасалған номиналы 1000 теңгелік «Есте қалар оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясынан «Qazaqstannyń astanasy – Nur-Sultan» коллекциялық монеталарын шығарды.

Номиналы – 1 000 теңге, жалпы массасы – 62,2 грамм, 925/1000 сынамалы күмістен, массасы – 46,2 грамм, құрамдас бөлігі 999/1000 сынамалы алтыннан, массасы – 16 грамм, «proof» дайындау сапасымен, диаметрі 50 мм монеталар 1 000 дана таралыммен дайындалған.

2023 жылы Қазақстанда Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті. Бұл сайлау азаматтардың бір күні Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлағанымен, екі жүйенің бір мезгілде – пропорционалды (партиялық тізімдер бойынша) және мажоритарлық (бір мандатты сайлау округтері негізінде) пайдаланылуымен ерекшеленді.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, Amanat партиясына 3 431 510 адам дауыс берді, 53,9%, 40 мандат; «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 693 938, 10,9 %, 8 мандат; Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы – 535 139, 8,41%, 6 мандат; Қазақстан халық партиясы – 432 920, 6,8 %, 5 мандат; Respublica партиясы – 547 154, 8,59%, 6 мандат; Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 331 058, 5,2%, 4 мандат; Қазақстанның «Байтақ» жасыл партиясы– 146 431, 2,3%, Мәжілістен депутаттық мандат алмайды.

2024 жылы Таразда «KazАgroZhambyl-2024» бірінші халықаралық ауыл шаруашылығы форум-көрмесі ашылды. Іс-шаралар бағдарламасы аясында Түркі елдері ұйымына мүше елдер Ауыл шаруашылығы министрлерінің кездесуі өтті. Тараптар өзекті мәселелерді талқылап, стратегиялық келісімдер қабылдады. Тараз кездейсоқ таңдалған жоқ, өйткені дәл осы жерден түркі халықтарын біріктіретін Ұлы Жібек жолы өткен. Сондай-ақ, Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы бойынша алдыңғы қатардағы өңірлердің бірі.

2025 жылы Қазақстанда ел мен әрбір қазақстандық азаматтың өміріндегі жаңа кезеңді білдіретін Жаңару күнін аталып өтеді. Наурызнаманың алтыншы күні соңғы жылдардағы заң шығару, атом энергетикасы, демократияны дамыту және құқықтық қорғауды нығайту саласындағы ауқымды реформаларды көрсетеді.

2025 жылы Мәскеудегі ВДНХ-ның «Қазақстан» павильонында Наурыз мерекесі аталып өтті. Ұйымдастырушылар (ҚР-ның Ресейдегі елшілігі) қазақ диаспорасы, дипломаттар, қоғам және мәдениет қайраткерлерінің басын қосты. Қонақтарға Наурыз көже мен бауырсақ ұсынылып, халық әндері орындалды.

Соңғы жаңалықтар