19 шілде. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 19 шілдеге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

2 шілде. Жылнама
Фото: Kazinform/Midjourney

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1929 жылы Түрксіб теміржол құрылысшылары мінген алғашқы Э-1441 пойызы Қопа ауылына келіп жетті. 1926 жылдың 3 желтоқсанында КСРО Еңбек және қорғаныс комитеті Түркістан-Сібір теміржолын салу туралы арнайы қаулы қабылдады.

1927 жылдың 2 наурыз күні КСРО халық комиссарлары кеңесі Түркістан-Сібір теміржолына қатысты қаулы қабылданды. Теміржол Орталық Азиядағы мақта өсіретін аудандардан шикізат көзін Ресейге тасымалдау, Қазақстан мен Оңтүстік Ресейден астықты Орталық Азияға жеткізуде маңызды рөл атқарды. Құрылысқа қазақтың 10 мың құрылысшысы жұмылдырылды.

1938 жылы Оңтүстік Кемпірсай хромитті кен орны базасында Дон кен байыту комбинатының негізі қаланды.

2005 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Теңдік ауылында қазақтың алғашқы академигі Қаныш Сәтбаевтың туған ауылында (Семей губерниясы Павлодар уезі Ақкелі болысының №4 ауылы) атақты жерлестеріне арналған болашақ мемориалды кешеннің алғашқы іргетасы қаланды. Шараға Астанадан, көрші облыстардан келген қонақтар, жергілікті халық, барлығы мыңдаған адам қатысты. Олар аудан орталығындағы академиктің мұражайына, Бұқар жыраудың, философ және әдебиеттанушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, қазақ поэзиясының классигі Сұлтанмахмұт Торайғыровтың басына барды.

2010 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымында Қазақстан төрағалығының ресми веб-сайты – www.sco2011.kz қызметін бастады.

2011 жылы Қазақстан әскерінде Жалпыәскер сержанттар кеңесі құрылды. Оның құрамына өңірлік қолбасшылық, ҚР жеке бригадалары, әскер түрлерінің сержанттары кірді. Жаңадан құрылған органның басты міндеті – әскери қызметшілерді тәрбиелеуде командирлерге жалпы көмек көрсету және ықпал ету.

2013 жылы Халықаралық астронавтика академиясына (International Academy of Astronautics - IAA) қазақстандық ғалымдар мен инженерлер қосылды. ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков IAA академигі атанса, «Ұлттық ғарыш зерттеулері мен технологиялары орталығы» АҚ президенті Жұмабек Жантаев IAA корреспондент-мүшесі болып сайланды.

2013 жылы Шығыс Қазақстан мамандандырылған балет мектебінің балериналары Испанияда өткен «Теңіз, күн, фестиваль!» халықаралық конкурсынан үш алтын, төрт күміс және төрт қола жүлде алып келді.

2014 жылы Қарағанды облысы «Спасск» оқу орталығының базасында «Алтын Үкі-2014» арнайы мақсаттағы бөлімшелердің снайперлік жұптарының халықаралық жарысы аяқталды. Жарысқа Ресей, Ұлыбритания, Иордания, Пәкістан, АҚШ, Қытай әскери қызметшілері қатысты. Нәтижесінде Қазақстанның арнайы мақсаттағы қызметкерлері жеңімпаз атанды. 2-орынды ҚХР, 3-орынды Ұлыбритания әскери қызметшілері алды.

2017 жылы қазақстандық әнші Димаш Құдайберген «Ең танымал шетелдік әнші» номинациясы бойынша Asian Music GaLa жүлдесін иеленді. Марапаттау рәсімі 19 шілдеде Қытайдың Гуанчжоу қаласында өтті.

2018 жылы Тарбағатай ауданында Елеке қорғанына қазба жұмыстарын жүргізу барысында сақ тайпасының билеуші тайпасының моласы табылды. Табылған заттар біздің заманымыздан бұрынғы VIII-VII ғасырларға жатады.

2021 жылы Қазақстан өкілі Рухия Байдүкенова эстрадалық ән орындаушылар байқауының Гран-приін алып, оған «Витебсктегі Славян базары» ХХХ халықаралық өнер фестивалінің жабылу салтанатында «Лира» табыс етілді. Рухия Байдүкенованың диапазоны – бес октава.

2021 жылы Қостанайда академик Кенжеғали Сағадиев ескерткішінің ашылу салтанаты өтті, оның қызметінде адами капиталды дамыту мен нығайтудың ең маңызды секторы ретінде білім және ғылым саласы маңызды орын алды. Ол өзінің ғылыми мектебін қалыптастырған, 445-тен астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 20 монография мен оқулықтың авторы, тәуелсіз Қазақстанның бастаушыларының бірі.

2023 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия + Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінің» бірінші саммитінде сөз сөйледі. Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мақсатында Қасым-Жомарт Тоқаев осы саладағы ынтымақтастықты кеңейту үшін ауыл шаруашылығы министрлерінің кездесуі механизмін құруды ұсынды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстанның араб елдеріне ауыл шаруашылығы тауарларын экспорттау көлемін ұлғайту және құрылымын әртараптандыруға мүдделі екенін айтты. Қазақстан Президенті Парсы шығанағы елдеріне қазақстандық экспортты шамамен 400 миллион долларға 100 тауар позициясына ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеді.

2023 жылы қазақстандық спортшы Никита Чирюкин Чангвон қаласында (Оңтүстік Корея) оқ атудан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды, ұлттық құрама қоржынына алтын медальді салды. Кіші калибрлі тапаншадан 25 метрден атуда оған тең келер ешкім болмады.

Соңғы жаңалықтар