19 тамыз. Жылнама
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін, 19 тамыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР
Бүкіләлемдік гуманитарлық көмек күні
БҰҰ Бас Ассамблеясы 2008 жылғы 11 желтоқсандағы арнайы қарарымен жариялаған. 2009 жылдан бері жыл сайын 19 тамызда атап өтіледі. 2003 жылы осы күні БҰҰ-ның Бағдаттағы штаб-пәтеріндегі жарылыстан 22 адам қаза тапты. Соның ішінде БҰҰ-ның көрнекті қайраткері Сержиу Виейра ди Меллу де бар. 2009 жылы атап өтілген Бірінші Бүкіләлемдік гуманитарлық көмек күні басқаларды құтқару кезінде қаза тапқан адамдарды еске алуға арналды.
Дүниежүзілік фотография күні
Бұл күнді 2009 жылы Корске Ара есімді австралиялық фотограф ұсынды. 1839 жылы 9 тамызда француз суретшісі, химик, өнер танушы Луи Дагар дагеротип алу үрдісі — жарық сезгіш металл пластинка бейнесін ұсынды. 19 тамызда Франция билігі оны «әлемге сыйлық» деп жариялады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1992 жылы Қазақстан Республикасы Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымына 180-ші мемлекет болып кірді.
1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Португалия Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынасты орнату жөніндегі нота алмасылды.
1993 жылы Қазақстан Республикасы мен Словакия Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады.
1993 жылы «ОңтүстікҚазмұнайгаз» бірлестігінің геологтары Қызылорда облысындағы «Құмкөл» кен орнынан мұнайдың кенін тапты.
2005 жылы Өскеменде Үлбі өзені арқылы өтетін жаңа көпірде автокөлік қозғалысы ресми түрде ашылды.
Жаңа көпір алты жолақты қатардан тұрады. Бір бағыттағы жолдың ені — 11,5 метр, ал бір жолақтың ені — 3,83 метр. Жаңа көпiр Үлбi көпiрiнен көлiк ағымын жеңілдетті.
2011 жылы «Боран» десант-шабуылдаушы тобының жауынгерлері мерт болған жолдастары, сержант Ардақ Қазиевке арнап ескерткіш қойды. Обелиск сержант қызмет еткен 2022 әскери бөлімінің аумағында орнатылды. Қайғылы оқиға 2011 жылы 26 маусымда Кеген шатқалында болған еді. Сол күні «борандықтар» Қазақстаннан Қырғызстанға өтіп бара жатқан контрабандалық дизель отыны тиелген автоцистерналарды ұстаған болатын.
2011 жылы Алматыда төтенше жағдайларға ден қою және апаттың тәуекелін азайту бойынша Орталық Азиядағы орталығын құру туралы келісімге ресми қол қою рәсімі өтті.
2012 жылы Қарағандыдағы бокс орталығына Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің есімін беру туралы шешім қабылданды және тұңғыш рет «Қарағанды облысының құрметті азаматы» атағы бекітілді. Бірінші нөмірді Серік Сәпиев, екінші нөмірді оның бапкері Александр Стрельников алды.
2013 жылы Таразда Қазақстандағы алғашқы «Азия елі» халықаралық жерлестер фестивалі өтті. Оған бұрынғы «жамбылдықтар» (АҚШ, Германия, Ресей, Украина, Грекия және т. б. елдерден) жиналды.
2014 жылы «Балалар жаңа толқыны» халықаралық байқауы аяқталды. Қазақстандық Мұхаммедәлі Жүгінісов лайықты өнер көрсетіп, үшінші орынға ие болды. 2014 жылы байқауға 11 елден 17 жас орындаушы қатысқан еді.
2014 жылы танымал халықаралық «Great Value Colleges» ұйымы зерттеулерінің нәтижесі бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемнің технологиялық дамыған 50 университеттерінің қатарына еніп, 31 орынға табан тіреді.
2015 жылы Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданының Қарақаба жазығында Халықаралық түркі академиясының ұйымдастыруымен «Алтай — алтын бесік» алғашқы халықаралық археологиялық экспедициясы іске қосылды.
2016 жылы ҚР Ұлттық банкі «proof» сапасымен «Қазақстанның флорасы мен фаунасы» монеталар сериясынан 500 теңгелік номиналмен «Сексеуіл» ескерткіш күміс монеталарын айналымға шығарды.
2017 жылы «Қазақфильмнің» түсіру тобы Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойы қарсаңында фильм түсіру мақсатында Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ ауылына барды.
2018 жылы қазақстандық төрт мектеп оқушысы 6 жастан 16 жасқа дейінгі 450 адам қатысқан Иордания UCMAS менталды арифметикадан 10-шы ұлттық байқауынан жеңіспен оралды. Бірінші орынды Шығыс Қазақстан облысынан Әлинұр Құдайбергенов (2007 ж. т.), жас ерекшеліктері бойынша екінші орынды Дәулет Ізберген (2005 ж., Атырау облысы) мен София Ерметова (2009 ж. т., Түркістан облысы) иеленді, ал үшінші орын Сафина Ерметоваға (2004 ж. т., Түркістан облысы) бұйырды.
2018 жылы қазақстандық семсерші Дмитрий Алексанин Индонезиядағы Джакарта мен Палембангте өткен Азия ойындарының чемпионы атанды. Ол жекелей сында индонезиялық Дерри Сееханды 5:2, тайландтық Коракоте Чайды 15:9, қырғызстандық Роман Петровты 15:10, вьетнамдық Дан Фуокты 15:7, кореялық Джин Сан Чжунгты 15:12 және Сан Ён Пакты — 15:12 есебімен тізе бүктірді. 26 жастағы Дмитрий Алексанин отандық спорт тарихында Азия ойындарының жекелей сындағы чемпионы атанған алғашқы семсерші болды.
2019 жылы Astana Pro Team велокомандасының қазақстандық велошабандозы Алексей Луценко «Норвегияның арктикалық жарысында» топ жарды. Екінші орынды Луценкодан бір секундқа қалып қойған Team Arkea Samsic өкілі, француз Варран Баргий иеленді.
2023 жылы ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті Қазақстандағы Олимпиадалық қозғалыстың 30 жылдығына орай Тараз қаласында мерейтойлық іс-шара өткізді. Жамбыл облысы — қазақтың атақты грек-рим күресшісі, аты аңызға айналған спортшы, Олимпиада чемпионы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіровтің, бокстан Олимпиада чемпионы, Олимпиаданың күміс және қола жүлдегері Бақтияр Артаевтың, дзюдошы Елдос Сметовтің, Олимпиада ойындарының жеңімпазы және жүлдегері Ермахан Ыбрайымовтың (бокс), Олимпиаданың алтын жүлдегері Евгений Яровенконың (футбол), Олимпиаданың күміс жүлдегерлері Серік Қонақбаев, Болат Жұмаділов, Болат Ниязымбетов және балуан Ислам Байрамуковтың, сондай-ақ Олимпиаданың қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаровтың (еркін күрес) туған жері. Шара аясында Қазақстан Республикасындағы олимпиадалық қозғалыстың дамуына зор үлес қосқан ардагерлер мен спорт қайраткерлеріне, көрнекті спортшылар мен жаттықтырушыларға құрмет көрсетілді. Елдос Сметовтің тұңғыш бапкері Ахмет Жұмағұл, бокстан әлем чемпионатының қола жүлдегері Ғани Жайлауов және Жамбыл облысының басқа да олимпиадалық спорт қайраткерлері мерейтойлық медальдар және дипломдармен марапатталды.
2023 жылы елордада «Самұрық-Қазына» АҚ-ның 15 жылдығына арналған жыл сайынғы Спартакиада өтті. «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов компаниялар тобына кіретін кәсіпорындардың қызметкерлері арасында VIII Спартакиаданы бастады. Жарысқа «Қазпошта» АҚ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «Эйр Астана» АҚ, «KEGOS» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Qazaq Air» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ, «QAZAQGAZ» ҰК» АҚ, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ, «Samruk-Kazyna Trust» КҚ, «Samruk-Kazyna Өндеу» ЖШС, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ, «Самұрық-Қазына Бизнес Сервис» ЖШС, «Тау-Кен Самұрық» ҰТКК» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ және «Samruk United» құрама командасы қатысты.
2024 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Қытай Экономика және сауда департаментінің директоры Ван Цзянцзюньмен кездесу өтті. Тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, сауда ынтымақтастығы мен логистиканы дамыту мәселелерін талқылады. Қазақстан астықтың маңызды жеткізушісі болып табылады және астық экспортын 3 миллион тоннаға дейін арттыруға дайын екенін білдірді.