19 желтоқсан. Тұлғалар туған күн
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін, яғни 19 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
63 жыл бұрын (1961) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Сара Азымбекқызы ЖАРМҰХАМБЕТОВА дүниеге келді.

Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан облысында) дүниеге келді. С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (заңгер) тәмамдаған.
Еңбек жолы: адвокат тағылымгері, Семей облысы адвокаттар алқасының адвокаты (1983-1992), Семей облыстық төрелік соты судьясының мәіндеттерін атқарушы, судьясы (1997-1998), Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьясы (1997-1998), Семей қалалық сотының судьясы (1998-2001), Астана қаласы ұйымдастыру-талдау басқармасының бастығы (2001-2005), ҚР Жоғарғы сотының ұйымдастыру-талдау бөлімінің меңгерушісі (2005-2006), Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының төрайымы (2006-2009), Астана қаласындағы Есіл аудандық сотының төрайымы (2009-2012), Астана қаласындағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы (2012-2014), Астана қалалық сотының судьясы (2014-2015).
Қазіргі қызметінде — 2015 жылдың желтоқсан айынан бастап.
«Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған.
60 жыл бұрын (1964) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Кеңесінің мүшесі Әскербек Бейсембекұлы ЖАКУЛИН дүниеге келді.
1990 жылы Р. А. Руденко атындағы Свердлов Еңбек Қызыл Ту орденді заң институтын бітірген.
Еңбек жолын 1990 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Қызылту аудандық прокуратурасында тергеуші болып бастаған. 1992 жылдан-Қызылту аудандық халық сотының әкімшілік және атқарушылық іс жүргізу судьясы. 1993 жылы Ақмола облысы Көкшетау қалалық халық сотының халық судьясы болып тағайындалды. 1996-2018 жылдары — Көкшетау облыстық сотының судьясы, Солтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы, Көкшетау қалалық сотының судьясы, Ақмола облыстық сотының судьясы, Астана қаласы сотының судьясы. 2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін — Ақмола облыстық сотының судьясы. Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 1 маусымдағы № 905 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі болып тағайындалды.
ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызмет үшін» медалімен, «Үш би» құрмет белгісімен, «Байкал-Амур магистралінің құрылысы үшін» медалімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.
50 жыл бұрын (1974) Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сайран Тәпенұлы САЙФЕДЕНОВ дүниеге келді.

Бұрынғы Орал облысы Орда ауданы Сайхын ауылында туған. 1992 жылы М.Мәметова атындағы орта мектепті бітіріп, сол жылы Абай атындағы Алматы гуманитарлық университетіне түсіп, 1996 жылы «География пәнінің мұғалімі және туристік-аумақтану әдіскері» мамандығы бойынша бітірген. 2009 жылы заңгер мамандығы бойынша екінші жоғарғы білімін алды (Алматы үздіксіз білім беру университеті). 2012 жылы «экономист» мамандығы бойынша Қазақ қатынас жолдары университетін тәмамдады.
1997 жылдан бастап 2005 жылға дейін «Матадор-А» ЖАҚ менеджері қызметін атқарған. 2005 жылдың мамыр айынан қараша айына дейін Алмалы ауданы әкімінің аппаратында тәжірибеден өтіп, содан кейін ұйымдастыру бөлімінің бас маманының міндетін атқарушы болып қызметке қабылданды. 2008 жылдың тамыз айынан бастап Алматы қаласы әкімшілігінің ұйымдастыру бөлімі бас маманы лауазымына көтерілді. 2009 жылы желтоқсанда Әуезов ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. 2016-2018 жылдары Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі, 2018-2019 жылдары Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары болған.
2024 жылдың шілде айынан бастап қазіргі қызметінде.
48 жыл бұрын (1976) Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Виталий Алексеевич ТУТУШКИН дүниеге келді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Экономика және менеджмент» (Бакалавр), «Макро-микроэкономика және математикалық модельдеу» (Экономика магистрі), сондай-ақ М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін «Executive management» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1998 жылы мамырда Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Зерттеулер және статистика департаменті экономикалық зерттеулер басқармасының экономисі ретінде бастады. 1998 -2010 жылдары ҚР Ұлттық Банкі Зерттеулер және статистика департаментінің экономисі, жетекші талдаушы, бас талдаушы, бөлім бастығы, басқарма бастығы, директор орынбасары. 2010-2011 жылдары ҚР Ұлттық Банкі Қаржылық тұрақтылық басқармасының бастығы. 2011 -2014 жылдары ҚР Ұлттық Банкінің Қаржылық тұрақтылық департаменті директорының орынбасары; 2014 жылы ҚР Ұлттық Банкінің Қаржылық тұрақтылық және тәуекелдерді басқару департаменті директорының орынбасары; 2014- 2015 жылдары ҚР Ұлттық Банкі Қаржылық тұрақтылық және тәуекелдерді басқару департаментінің директоры; 2015- 2016 жылдары ҚР Ұлттық Банкі Зерттеулер және стратегиялық талдау департаментінің директоры; 2016- 2019 жылдары ҚР Ұлттық Банкі Зерттеулер және статистика департаментінің директоры; 2019-2020 жылдары ҚР Ұлттық Банкі Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры; 2020-2022 жылдары ҚР Ұлттық Банкінің Алматы қаласындағы тұрақты өкілдігі Қаржы нарығымен өзара әрекет ету департаментінің директоры, 2022 жылғы 11 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің № 285 Өкімімен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
2022 жылғы 14 наурыздан ҚР ҰБ Төрағасының орынбасары — ҰБАлматы қаласындағы тұрақты өкілдігінің Басшысы болып тағайындалды.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл»,
«Теңгеге 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталды.
44 жыл бұрын (1980) Солтүстік Қазақстан облысынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Әсем Қалашбайқызы РАХМЕТОВА дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында туған. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің магистратурасын бітірген, әлеуметтік ғылымдар магистрі.
Еңбек жолы: Солтүстік Қазақстан облыстық телерадиокомпаниясының тележүргізушісі (2001-2002); «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы ОҚОФ АҚ редакторы, аға редакторы (2005-2009); «Қызылжар-Ақпарат» медиахолдингі» ҚМК бас редакторы (2009-2011); Солтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары (2011-2014); «Қызылжар Ақпарат» ЖШС «Солтүстік Қазақстан» облыстық газетінің жауапты хатшысы, Солтүстік Қазақстан облысы әкімі баспасөз хатшысының кеңесшісі (2014-2016); Солтүстік Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасының басшысы (2016-2019); «Нұр Отан» партиясы ОҚОФ бірінші орынбасары, жауапты хатшысы (2019-2022); «АМАНАТ» партиясы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының төрағасы (2022-2023).
2023 жылдың маусым айынан бастап қазіргі қызметінде.
«Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» медальдарымен марапатталған.
125 жыл бұрын (1899-1938) қазақ тілі білімінің негізін қалаушылардың бірі, түркітанушы, педагог-ағартушы, профессор Құдайберген Қуанұлы ЖҰБАНОВ дүниеге келді.

Ақтөбе облысы Темір ауданында туған. Електегі (Орынбор облысы) екі кластық орыс училищесін, Орынбордағы «Хусайния» медресесін, Санкт-Петербург Шығыстану институтының толық курсын, КСРО Ғылым академиясы Тіл білімі институты аспирантурасын бітірген. Темір қаласындағы уездік оқу бөлімінің, Ақтөбе губерниялық оқу бөлімінде нұсқаушы-әдіскер және педтехникумының оқытушысы, Қазақ КСР Оқу халық комиссариатының ғылыми және оқу-әдістеме кеңесінің төрағасы, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, КСРО Ғылым академиясының Қазақстан бөлімшесінің сектор меңгерушісі, мемлекеттік Терминком төрағасы қызметтерін атқарған. Жұбановтың тіл білімі бойынша жазған еңбектері қазақ әліпбиі мен орфографиясы мәселелеріне арналған. «Көмекші етістіктер мен күрделі етістіктер», «Қазақ тіліндегі біріккен сөздердің жасалуы», «Қазақ тілінің ғылыми грамматикасының материалдары», «Фонетика», «Қазақ тілінің ғылыми курсы жөнінен лекциялар», «Қазақ тілі фонетикасының тарихын зерттеуге кіріспе», «Қазақ сөйлеміндегі сөздердің орын тәртібі», «Жаңа грамматиканың жаңалықтары жайынан», «Буын жігін қалай ажыратуға болады», т. б. еңбектері — қазақ тіл білімі теориясын жасау және оны дамытуға қосылған үлкен үлес. Латын әліпбиіне негізделген қазақ орфографиясын жасауға қатысты. «Термин сөздердің өзіндік ерекшеліктері», «Қазақ әдеби тіл терминологиясының мәселелері» атты еңбектер жазды. Республика халық ағарту комиссариатының коллегия мүшесі, КСРО ҒА Қазақстан бөлімшесі төралқасының, бірнеше ғылыми кеңестер мен қоғамдардың мүшесі болған. Халық ағарту ісіндегі еңбегі үшін «Қазақстанның 15 жылдығы» белгісімен марапатталған. 1938 жылы «халық жауы» деген жаламен атылып, 1957 жылы КСРО Жоғарғы Соты Соғыс коллегиясының үкімімен ақталды.