1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тарихын жүйелі зерттеу қажет (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Биыл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне тура 100 жыл толып отыр. Халық наразылығы Ресей императорының 1916 жылғы 25 маусымнан бастап бұратана халықтардың 19-43 жас аралығындағы ер азаматтарын майданның қара жұмысына шақыру туралы жарлығынан туындағаны белгілі. Көтеріліс бүкіл қазақ даласын шарпығанымен, ол толықтай зерттелді деп айту қиын. Сондықтан бұл жұмысты жүйелейтін уақыт келді. Бұл туралы «Жайық Пресс» ЖШС-да өткізілген дөңгелек үстел отырысында мәлім етілді.
None
None

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұяқбай Рысбековтің атап өткеніндей, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс - ел тарихындағы аса маңызды оқиға. Мұны белгілі бір тарихи кезеңде қайталанып отыратын сабақтастық ретінде қарастыруға болады. Яғни соның алдында да, одан кейін де мұндай қозғалыстар орын алғаны белгілі. Мысалы, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушылар да Қазақстанның азаттық алып, өз алдына ел болуын көкседі. 1916 жылғы көтеріліс туралы сөз қозғағанда, Торғай, Жетісу өлкесіндегі толқулардың біршама зерттелгенін айта кету керек. Ал Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Сыр бойындағы халықтың бас көтерулері ондай зерттеу нысанасына айнала қойған жоқ. Бұл көтерілістерге кімдер басшылық етті, кімдер белсене қатысты, осының бәрінің нақты бағасын беру керек. Сол секілді кеңес дәуірінде бұл көтерілісті Алаш қозғалысының өкілдері қолдамады, қарсы болды деген пікірлер айтылып келді. Егер Бөкей хандығындағы Сейітқали Меңдешев, Жетісудағы Тоқаш Бокин, Маңғыстаудағы Жалау Мыңбаев сынды радикалды солшыл топтың өкілдері сол толқулардың басы-қасында ұйымдастырушы болып жүрсе, Алаш қозғалысындағы тағы бір топ қантөгістің алдын алу, халықтың патша жендеттерінің қолынан босқа қырылып қалмауының жолдарын іздестірді. Майданға алынғандарға нақты көмектер ұйымдастырды. Олар да өздерінің ұлттық мүдделерін сатқан жоқ. Осының бәрін нақты тарихи шындық деңгейінде саралаудың маңызы зор.

Жиында сондай-ақ өлкетанушы Жайсаң Ақбай, тарих ғылымдарының кандидаттары Жаңабек Жақсығалиев, Есқайрат Хайдаров, Дәметкен Сүлейменова, Жәнібек Исмурзин және басқалары өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. 1916 жылғы көтерілістің, соның ішінде Батыс Қазақстандағы халық толқуларының зерттелмей, насихатталмай жатқан тұстарына назар аударды. Айталық, көтеріліс тарихына арналған кітаптарда, оқулықтарда Батыс Қазақстандағы оқиғалар жөніндегі пайымдаулар жеті-сегіз беттен аспайды. Соңғы кезде қолға алынған зерттеулер болғанымен, олар түгелдей жарық көре қойған жоқ. Сол секілді ғалымдар назарына ілікпей жатқаны қаншама. Айталық, сол кездегі облыстық «Қызыл ту» газетінің 1926 жылғы және «Екпінді құрылыстың» (қазіргі «Орал өңірі») 1936 жылғы нөмірлерінде көптеген естеліктер жарияланған. Сол басылымдардың тігінділері түгел емес, қолға түсе бермейді. Мұрағат деректері де кезек күтіп жатыр.

«Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин осындай зерттеулердің басын қосып, жинақ етіп шығаруды ұсынды. Басқа да құнды пікірлер айтылды. 

null null null null 

Соңғы жаңалықтар