1919 жылдан бергі құжаттар сақталған БҚО архиві ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивінде 1919 жылдан бергі құжаттар сақталып отыр.

архив ғимараты
Фото: БҚО мемлекеттік архив мұрағатынан

БҚО мемлекеттік архиві директорының орынбасары Қуанышқали Меңдіғұловтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, қазіргі таңда өзекті болып отырған мәселе — қор сақтайтын орын толық.

Қуанышқали Шаяхметұлының сөзіне қарағанда, 1978 жылы салынған архив ғимараты ескі, қазіргі заманғы талаптарға сай емес, күрделі жөндеуді қажет етеді. 

«Күні бүгін архивте 4 бөлім: ғылыми-анықтамалық аппарат, зерттеушілермен жұмыс және құжаттарды пайдалану, ведомстволық архивтермен жұмыс, автоматтандырылған архивтік технологиялар және цифрлау бөлімі жұмыс істейді, архив қоймасы да бар. Сонымен қатар, БҚО мемлекеттік архивінің құрамына Сырым және Жалпақтал филиалдары кіреді. 1 қарашадағы мәлімет бойынша екі филиалды қосқанда, 2 390 қор және 694 990 сақтау бірлігі бар. Архивте мемлекеттік биліктің жергілікті органдары, халық шаруашылығы, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау саласы және тағы басқа сала мекемелерінің құжаттары сақталуда», — дейді Қ.Меңдіғұлов.

Оның айтуынша, БҚО мемлекеттік архивінде 2018 жылдын аяғынан бастап «Электрондық архив» бағдарламасы іске қосылған болатын. Аталған бағдарламаның Қазақстан архивтері арасындағы теңдесі жоқ модульдің бірі — «Зерттеушінің электронды жеке кабинеті». Электронды-цифрлық қолтаңбасы бар, Қазақстан Республикасының әрбір азаматы аталмыш кабинетке тіркеліп, оқырман залының қызметін онлайн түрде ала алады.

«Аталмыш кабинеттің іске қосылуы зерттеушілер мен пайдаланушылардың оң бағасын алды. Себебі қашықтан қызмет түрін алу мүмкіндігі зерттеушілердің уақыты мен қаржысын үнемдеп, құжаттар мен қажетті ақпаратты кең көлемде алуға жол ашты. Биылғы жылы мемлекеттік архивтің оқу залында 180 зерттеуші «Зерттеушінің электронды жеке кабинетіне» тіркелу арқылы өздеріне қажетті материалдарды онлайн және оқырман залы арқылы алды. Шет елден 3 зерттеуші тіркеліп жұмыстанды. Пайдаланушы зерттеушілердің көпшілігі Батыс Қазақстан облысынан, еліміздің қалаларынан және Ресей Федерациясынан», — дейді архив директорының орынбасары. 

Оның мәлімдеуінше, жақын және алыс шет ел пайдаланушылары БҚО мемлекеттік архиві сайтының жетілдірілген іздеу жүйесі негізінде 1881 жылдан бастау алатын, генеалогиялық зерттеулердің негізі болатын метрикалық кітаптар, 1860 жылдан бергі газеттер, мекемелердің тарихи құжаттарын қарай алады. Сондай-ақ жеке тектік қорлар, тарихи құндылығы жоғары, аса құнды құжаттар, Екінші дүниежүзілік соғыс, азамат соғысы, 1920-1930 жылдардағы аштық, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру, бай шаруалардың мүлкін тәркілеу, тың жерлерді игеру тарихына қатысты және басқа мәліметтерді табуға болады.

«Бөлім мамандары Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің хатына сәйкес 2027-2031 жылдар аралығындағы Қазақстан Республикасының мерейтойлар және атаулы күндер күнтізбесін жасады. 1941-1945 жылдар аралығындағы Батыс Қазақстан облысынан Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 340 майдангердің (электронды нұсқада) мәліметтері жасақталды. Осы жылдан бастап 1930-1995 жылдар аралығындағы БҚО колхоздары туралы анықтамалыққа мәліметтер іздестіру жұмыстары жүргізіліп, дайындалып жатыр», — деді Қ.Меңдіғұлов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Зенит» зауыты бірінші дәрежелі орденмен марапатталған Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын екендігін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар