1924-1933 жылдары 2,5 милион қазақтың өмірін жалмаған "Голощекиндік геноцидтің" ащы шындығы әлі айтылған жоқ - тарихшы Тілеу Көлбаев

- Кеңестік тоталитарлық жүйедегі саяси қуғын-сүргін тарихы біз сөз етіп жүрген 30-шы жылдардан ерте басталған жоқ па?
- Кеңес одағында қайта құру реформасы басталғанға дейін зерттеушілер үшін көп нәрсе құпия ұсталып, жариялауға рұқсат етілмеді. Бұл сең 1985 жылғы жариялықтың лебінен кейін ғана бұзылды. Мұрағаттағы құпия құжаттармен танысқаннан кейін зерттеушілер қауымы тарихтың ащы шындығымен бетпе-бет келе бастады және большевиктік партияның тарихы барып тұрған озбырлық саясатқа құрылғанына көздері жетті. 1917 жылы төңкеріспен келген билікті ұстап тұру үшін коммунистер ештеңеден тайынбады. Бұл Лениннің мақалаларында да айқын аңғарылады. Революцияны әу баста көп адам жақтамады, әсіресе орыс зиялылары. Большевиктік саясатпен келіспеген олар 3 толқын боп шетелге эмиграция жасады. Жалпы террор большевиктер құдайы Лениннің өзінен басталды. Мәселен 1917 жылы Урицкий деген революционерді біреулер өлтіріп кеткен кезде Ленин Дзержинскийді шақырып алып Мәскеуде төңкеріс жауларын аяусыз басып-жаншуға тапсырма береді. Ленин бастап берген әміршіл, әкімшіл жүйедегі террордың шарықтау шегі 1934 жылы желтоқсанның 7-сінде Ленинград обкомының 1-ші хатшысы Сергей Миронович Кировтың өлтірілуі болды. Оны Сталиннің өзі атқызды. Оған мына жағдай әсер етті. Большевиктердің 8-ші сьезінде Сталиннің денсаулық жағдайы нашар болады. Пленумға қатысушылар арасында Сталиннің орнына басқа біреуді сайласақ қайтеді деген сөз шығады. Кімді дегенде С.Кировтың аты аталады. Оны тыңшылар бірден Сталинге жеткізіп, ол бұйрық беріп Кировты өзінің көмекшісіне кабинетіне кіре берген кезде атқызады. Сталиннің террорды жалғастырып ғана қоймай, оған құнығып кеткені соншама Кенес одағында 1933-38 жылдары 50 миллион адам халық жауы деп есептеліп, 3,5 миллионы атылады.
- Оның ішінде қазақстандықтардың нақты саны қанша? Бұл қырғын Қазақстанда қалай жүргізілді?
- Мен Мәскеуде ЦК КПСС дейді қазіргі Ресей мемлекеттік архивінде және Сталиннің жеке қорындағы соңғы кезде ашылған құпия құжаттармен таныстым. Ондағы деректерге қарағанда, Қазақстанда 1937-38 жылдары 107 мың адам репрессияға ілігіп, 27 мыңы атылған. Бұл қырғын туралы сол кезде көмекшілері Сталинге жарыса есеп беріп жатты. Ондағы цифларға кейін Сталиннің өзі де тітіркеніп, НКВД бастығы Ежовты орнынан алып тастайды. Оған бұған дейін армия генералы дәрежесі мен Ленин ордені берілген болатын. Ежов Голошекиннің алдында Семейде губком хатшысы болған. Өзі қазақшаға судай адам болса да оны айналасындағылардан жасырып ұстаған. Сталин оны Мәскеуге алдырып генарал атағын беріп, қазір бізге бағынбаушылық, ұлтшылдық көбейіп бара жатыр сен осыны қолға алшы. Қазақстанды жақсы білесің ғой, әрдайым назарында болсын деп нұсқау береді. Ол Қазақстанның НКВД басшыларына - Мұхтар Әуезов неге әлі бос жүр, мен оны бұрыннан білем, деп телефон соғады. Сол кезде республиканың бас газеттерінде халық жаулары туралы мақалалар жиі басыла бастайды. Онда Сәкен Сейфуллиннің де аты аталады. Соның алдында Қазақ өлкелік партия комитетінің 1-ші хатшысы Левон Мирзоян қазақтың бірінші ақыны деп өз қолымен Сәкеннің кеудесіне "Еңбек қызыл ту" орденін таққан болатын. Бұл оқиғадан кейін Сәкен Мирзоянның қабылдауына жазылып, мәселенің мәнісін сұрайды. Сонда Мирзоянның - "Қымбатты, Сәкен! Қазір газеттер менің бақылауымнан шығып кетті", деген сөздері архивте сақталып қалған. Жалпы Сталиндік зорлық-зомбылық пен қуғын-сүргін Қазақстандағы "Голощекин геноциді" деген атпен тарихта қалды.
-Төңкерістен кейінгі ақ-қызылға бөлінушілік пен азамат соғысы жылдарында да зорлық-зомбылық аз болған жоқ қой? Тіпті қазір кейбіреулер қуғын-сүргінді 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен бастап жүр. Бұл туралы өз пайымдауыңыз қандай?
- Бұған мен де келісем. Бірақ Голощекин Қазақстанға 1-ші хатшы боп келгеннен кейін бұл қуғын-сүргінді ашық түрде жүргізді. Алдымен Алашордаға қатысы бар адамдардың тізімін тауып алып, оларды өз қырына алды. Оған Тұрар Рысқұлов, Сейітқали Меңдешов, Ораз Исаев, Смағұл Сәдуақасов сияқты коммунист большевиктер көмектесті. Сондықтан ол бастапқы кезде жанында жүргендерге тиіспейді.
Жалпы "Голощекин геноциді" туралы айтқан кезде 1928 жылы басталған ашаршылыққа ерекше назар аудару керек. Оған 1926-27 жылдардағы ауқатты шаруа мен байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу және халықты ұжымдастыру науқаны түрткі болды. Малды тартып алған соң халық қынадай қырылды. Тіпті бір-бірінің етін жей бастады. Бюроның мәдени бөлімін басқарған Ғабит Мүсірепов Голощекинге бұл туралы қайта-қайта айта берген соң ол өзіне шақырып алып - Егер патриот болсаң Торғай облысына барып, өз көзіңмен көріп қайт дейді. Бұл Ғабиттің естелігінде бар. Олар онда иесіз мал қоралардың бірінің есігін ашқан кезде қаз-қатар тізіп, жинап қойған мәйіттерді көреді. Бұдан жүректері түршігіп, сыртқа қайта шығады. Айналаға көз жүгірткен кезде алыстан жылтыраған от көрінеді. Оған Ғабит өзінің көмекшісін жұмсайды. Аз уақыттан соң оның шыңғырған дауысын естиді. Жүгіріп барса, қолдарында пышағы бар, киімі алба-жұлба бір топ әйел көмекшщісін оны ортаға алып өлтірмекші боп жатқанын көреді. Олар НКВД өкілі жалма-жан қаруын шығарып аспанға атқан кезде жан-жаққа тым-тырыақай қаша жөнеледі. Осы сәтті пайдаланып олар астына от жағылған қазанға жақындаған кезде оның әр жерінен қалқып шыққан адамның қолын, аяғын көреді. Ал бұдар ары қарай жүрген кезде қаңырап тұрған киіз үйлерді көреді. Олардың маңдайшасынан Голощекин көшесі, Ерназаров көшесі, Голюдев көшесі деген жазуларды оқиды. 1928 жылы басталған аштық 1931-33 жылдары шарықтау шегіне жетіп, аштық құрбандарының саны 2,5 миллион адамды құрайды. Бұл туралы сол кезде Иосиф Сталинге жазылған Тұрар Рысқұлов пен Ораз Исаевтың хаттарында жан-жақты жазылған.
- Большевиктік билік жүйесінің бұл саясатының ащы шындығын зерттеушілер қоғамға қаншалықты ашып айтып жүр? 2,5 миллион халықты аштықтан қырып, жүздеген мың адамды қуғын-сүргінге ұшыратқан большевиктердің геноцидтік саясатына қандай баға берілді?
- Біз осы мәселеге мән бермей келе жатырмыз. Қазақтың басындағы үлкен қасірет аштықтан басталған, кәмпелескелеу мен күштеп ұжымдастырудан кейін. Сондықтан жыл сайын атап өтілетін мамырдың 31-ін аштық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп жазу керек. Бұл бағытта депутат Алдан Смайылдың ұсынысына толық қосылам. Тіпті оған екі күнді арнап, жариялауға да болады. Онда ешқандай ағаттық жоқ. Бізге кім қой дейді. Тәуелсіз елміз. 1997 жылы Президент қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш ашты. Енді аштықтан қырылған 2,5 миллион адамның рухына тағзым жасап, бұл қасіретті бүгінгі ұрпақ та білу үшін ресми түрде жеке ескерткіш қойып, онда қанща адам қырылғанын тасқа қашап жазып қоюымыз керек. Сонда осы екі тарихи оқиға да есте қалады. Қазір біз қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы айтамыз да көбіне-көп аштық құрбандары ескерусіз қалуда. Бұл ұмыт боп бара жатыр. Билік орындары оны науқаншылыққа айналдыруда. Оған заң шығарушы биліктегі халық қалауларының де кінәсі бар. Олар бәрін мұқият қарап шығып, тарихи сананы жаңғырту үшін оны үнемі айтып, атап өту керектігі туралы Елбасының атына арнайы құжат ұсынуы керек еді. Бір сөзбен айтқанда заң шығарушылар бастама көтеріп, атқару орындарын оны жүзеге асыруға жұмылдыру қажет. Бізде шенеуніктер көбіне-көп жоғарыдан нұсқау күтіп отыра береді, өз бетінше әрекет жасауға құлықсыздау.
- Сіздің ойыңызша аштық пен қуғын-сүргін құрбандарын мәңгілік есте қалдыру үшін жасалатын бүгінгі күннің кезек күттірмейтін басты шаралары қандай?
- Бірінші, оған геноцид деген баға беру керек. Екінші, 1933-1938 жылдардағы Қазақ өлкелік партия комитетінің 1-ші хатшысы Л.И. Мирзоянның қызметіне өз бағасын беру қажет. Үшінші, Ұлы отан соғысынан кейінгі зобалаңға да саяси баға әлі де болса берілген жоқ.
Өткенге көз жіберсеңіз Кенес үкіметі құрылғаннан кейінгі 1920-жылдан 1941 жылғы Ұлы отан соғысы басталғанға дейінгі кезеңде қазақ ұлты басынан не кешірмеді. Осыдан 2-3 жыл бұрын Алашорданың 90 жылдық мерейтойы болды. Оны жұртқа әйгілеп көрсететін бірде-бір үлкен шара болған жоқ. Қазақ мемлекетін құрамыз деп тырысқан Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхановтың соңына ерген алаш қайраткерлеріне де лайықты баға берген жоқпыз. Голощекин билік басында тұрған кезде 1925-33 жылдары 2,5 миллион қазақ аштықтан қырылды. Ал большевиктерден қашып шекарада оққа ұшқандар мен жат жерде зорлық-зомбылыққа ұшырағандардың қасіреті әлі де болса тарихтағы өз орнын ала алмай келе жатыр.
- Саяси қуғын-сүргінге белгілі бір деңгейде Левон Мирзоянның да қатысы бар емес пе?
- Бұл кісі партияның солдаты болды. Ол Кремльден келген нұсқауларды мүлтіксіз орындауға міндетті болды. Оған Мәскеуден Сталин мен Ежовтың қолы қойылған бәленше адамды атуға үкім шығарылсын және ол жедел орындалсын деген нұсқау кеп отырған. Солардың бірінде мәселен Оңтүстік Қазақстан облысынан 250 адам 10-15 жылға жазаға кесіліп, 125 адамды атуға үкім шығарылсын және ол дереу орындалсын делінген. Қазақтың кейбір зиялыларымен жақсы қарым-қатынаста болған Мирзоян оларға өз әлінше арашашы болып отырған. Сондықтан, 1937 жылдың басында Сталин Қазақстанның НКВД-ына өзінің Станислав Реденс деген бажасын жібереді. Оған дейін Молдованың НКВД-сын басқарып жүрген оған - Қазақстанда Мирзоян "халық жауларын" қорғайды екен. Сен өзің барып мән-жаймен толық танысшы, дейді. Осыдан кейін-ақ, қызыл қырғын басталып кетеді. Реденс тізім жасап: «Мирзоян жолдас, мына облыстық комитет пен атқару комитеттері, Халық хомиссарлары комитеті басшыларын, МТС пен колхоз-совхоз директорларын партиядан шығару керек. Сіздер бюрода оларды қалай партиядан шығарсаңыз, солай тұтқындаймыз», дейді. "Оңтүстік Қазақстан обкомының 1-ші хатшысын революциялық күрестен білем, партияға шын берілген азамат. Сіздердің оны тұтқындауларыңызға рұқсат бере алмаймын", деген сияқты сөздері архив құжаттарында сақталып қалған. Алайда кейін ол өзі де солардың кебін құшты. 1938 жылы Алматыға 1-ші мамыр шеруінен кейін Сталиннің қолы қойылған мынадай жедел хат келді: "Жолдас Мирзоянға! Үш күннің ішінде барлық істі 2-ші хатшы Николай Скворцовқа тапсырып, Саяси бюроның қарамағына Мәскеуге келіңіз" деген. Н. Скворцовты мұнда 1 ай бұрын әдейі жіберген еді. Ол Қазақстан партия ұйымының жұмысын тексеру үшін өзімен бірге 40 адамды ертіп келген болатын. Мирзоянның Лидия Тевосян деген әйелі сол кезде Алматыда партия кадрларын дайындайтын марксизм-ленинизм институтының директоры боп жұмыс істеген еді. Нұсқау бойынша ол әйелі мен екі баласын алып, арнайы вагонмен Мәскеуден 80 шақырым жердегі Коломна деген стансыға келген кезде НКВД қызметкерлері оларды бір-бірінен ажыратып бөлек машиналарға отырғызады. Содан кейін бұл отбасы мүшелері бір-бірін қайтып көре алмайды. Мирзоянды Мәскеудің ортасындағы Лефортово деген патшалық Ресейден қалған түрменің камерасына апарып қамайды. Онда оны 7 ай тергеп-тексеріп, ұрып-соғып қабырғаларын сындырады. Бір сұрақ-жауапқа Берия, Молотов, Кагановичтер қатысады. Кавказда революцияны бірге жасаған Берияға сонда Мирзоян: "Сталин жолдасқа жеткізіңіз мен партия мен халықтың алдында еш кінәсізбін", дейді. Сонда Берияның: "Оңбаған. Сталин жолдас халық жауы екеніңді мойындап оған қол қоюың үшін оң қолыңды ғана қалдыруға рұқсат етті", деп аяғымен теуіп жібереді. Оны Мирзоянмен бір камерада жатып, бұл азаптан аман қалған Шрейдер деген кісі өз естелігінде жазып қалдырған. Мирзоян хатшы боп тұрғанда Қазақстан милициясын басқарған оны да орталықтағылар Мәскеуге шақырып алып: «сендер Қазақстанды Кенес одағынан бөліп алып Жапонияға қоспақ екенсіңдер», деп кінә тағады. Ал Мирзоянды «сен қазақтың алашордашыл ұлтшылдарымен бірігіп кетіпсің, оларды қорғайды екенсің», деп 7 ай өлімші қып ұрып-соғып 1939 жылдың басында атып тастайды. Мен кейін оның бәрін архивтен тауып алып, кітап қып басып шығардым. Оның қазақша-орысша шықан бірінші томы осыдан 2 жыл бұрын жарық көрді. Биыл күзге қарай енді 2-ші томын шығармақпыз. Оған демеуші болып отырған Қазақстандағы армян диаспорасының басшылары.
- Қазақстан өнер шеберлерінің Мәскеудегі алғашқы декадасын ұйымдастыруға Мирзоянның қатысы болды ма?
- Әрине. 1936 жылы қаңтар-ақпан айларында оның бастамасымен 550 әдебиет пен мәдениет өкілдерінің қатысуымен Мәскеудегі Қазақстанның декадасы өтті. Онда Үлкен театрда концерттер қойылып, 10 күннің ішінде қазақтың кім екенін мәскеуліктер біршама жақын тани түседі. Оған тіпті Сталиннің өзі де қатысып отырған. Декада жабылған соң Мирзоян Калинин мен Сталинге кіріп, Күләш Бәйсейітоваға Кеңес одағының халық артисі, ал өзге өнер шеберлерінің Қазақстанның халық артисі және тағы басқа жоғары түрлі атақ-дәрежелер мен орден-медальдермен марапатталуына себепкер болған. Бұл туралы кейін Қанабек Байсейітов, Сәбит Мұқанов сияқты қайраткерлер өз естеліктерінде жазып қалдырған. Біз қазір осыны ұмытып бара жатырмыз.
Голошекиннің геноцидтік саясаты шарықтау шегіне жеткен кезде Сталин оны 1932 жылы желтоқсанның 4-і күні кері шақырып алып, 18-20 аралығында оның орнына Орал облыстық партия комитетінің 2-ші хатшысы Л. Мирзоянды жібереді. Ол аштықтан әбден есеңгіреген елді қысқа уақыттың ішінде аяғынан тік тұрғызып, өндіріс пен ауыл шаруашылығын ғана емес, қазақтың әдебиеті мен мәдениетін де өркендете түседі. Қазақтың қазіргі жетекші жоғары оқу орындары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, Құрманғазы атындағы консерватория, опера және балет театры сияқты тағы басқа да білім, өнер, мәдениет кешендері бой көтерді. Демек ол қазақ халқының ұлттық рухын жандандыруға бар күш-жігерін жұмсаған адам. Мәселен, Жамбылды ел ішінен алғаш тауып алып, оны одаққа танытуға себепші болған Левон Мирзоян еді. Ол Сәкен Сейфуллинді өзіне шақырып алып: Қазақта Дағыстаның Сүлейман Сталский сияқты есімі бүкіл елге мәшһүр болған ақын бар ма, дейді. Сәкен, бізде халық жырауы Жамбыл бар деген кезде, онда іздеп табыңдар деп тапсырма береді. Сәкен Жамбылды тауып әкелген кезде жасын сұрып, 85 жылдық мерейтойын елге жариялап, бүкіл әлемге танытайық дейді. Ал НКВД басшылары оған "халық жауларының" тізіміне қол қоюға әкелген кезде, олардың кейбіреуін шыр-пыр боп қорғайды. Мәселен, Мұхтар Әуезовтің шығыстың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы жөнінде роман жазу туралы жоспары болған екен, оған тиіспеңдер деп толық мүмкіндік жасайды.
- Жалпы кейінгі кезде зерттеушілер арасында "голошекиндік геноцидке" қазақ зиялыларының да қатысы бар деген пікір айтылып жүр. Олар саяси қуғын-сүргіннің кең ауқымда жүруіне өз үлесін қосты деген көзқарас та бар. Бұл туралы сіздің көзқарасыңыз қандай?
- Қазақ зиялыларының жікке бөлінуі қолдан жасалған және бірнеше кезеңге созылған күрделі процесс болды. Ең алғаш большевиктер Әлихан Бөкейхан бастаған Алашорда қайраткерлерін биліктен ығыстырып шығарды. Одан кейін бұл үрдіс 1925-30 жылдары қайта жалғасты. Үшінші кезеңде бұл 1937-38 жылдары шарықтау шегіне жетті. Қазақ зиялылары компартияның жымысқы саясаты бойынша бір-бірінің үстінен шағым жазып, жиналыстарда, мерзімді басылым беттерінде қаралауға көшті. Бүгінгі ұрпаққа бұл шындықты айтатын уақыт келді. Мәселен Санжар Асфандияров қазақтың ең алғашқы профессор атағын алған ғалымы болды. Ол Мұхамеджан Тынышбаевтан бұрын Ташкентте оқып, Мәскеуде шығыстану институтының директоры боп қызмет жасады. Кейін қазақтың алғашқы жоғары оқу орындарын ашу үдерісінің басында тұрды. Өкінішке қарай, кейін оның үстінен ҚазПИ-дің студенттері «Лениншіл жас» газетіне (қазіргі "Жас Алаш") мақала шығарады. Онда Санжар Асфандияровқа - жапон шпионы, халық жауы деп жала жабылады. Осы тарихи шындықты жастардың білулері керек. Жабулы қазан жабулы күйінде қалмауы керек.
1920 жылдың басында Ленин Сталинді шақырып алып құрылайын деп жатқан Қазақ автономиясын кім басқарады деген мәселе бойынша арнайы мәжіліс өткізеді. Сонда Сталин - қазақтың барлық көрнекті большевиктерін Мәскеуге шақырайық, дейді. Оған Әліби Жангелдин, Сейітқали Меңдешов, Әбдірахман Әйтиев, Әлихан Ермеков сияқты 12 адам қатысады. Сталин оларға өлкені басқаруға лайықты кімдер бар деген сауал тастайды. Осы сәтте 4-5 минут бойы отырғандардың бәрі үнсіз қалады. Сталин қайта-қайта сұрайды. Әлихан Ермековтің естелігіне жүгінсек: қазақтың үш жүзінің өкілдерінен біреуі сайланса қалған екі жүздің өкілдері қырғи-қабақ боп шыға келер еді. Сондықтан да осы жиналыста отырған қазақтың бас көтерер коммунистері үн-түнсіз қалып қойған еді. Олардан қайыр болмаған соң Сталин - олай болса мен өзімінің көмекшім Станислав Пестковскийді жіберем деп шешім қабылдап, оның қасына қазақ большевигі Әбдірахман Әйтиевті қосып жібереді. Олар 1920 жылы қаңтар-ақпан айларында Орынборға келіп, Әбдірахман ҚазАСР-ін құру туралы декретті жариялайды.
- Кеңес Одағы кезінде "Халықтар түрмесі" болған Қазақстанға өзге республикалардан жер аударылған немесе күштеп көшірілген өзге ұлыс өкілдерінің нақты саны анықталды ма?
- Қазір елдің бәрі Қазақстан көп ұлтты мемлекет деп атап жүр. Шындығында Қазақстанда бір ғана ұлт - қазақ бар, ал қалғаны түрлі диаспоралардың өкілдері. Мысалы 1937 жылы Қиыр Шығыстан 650 мың кәріс Алматы, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарына күштеп әкелінді. 1941 жылы тамыздың 26-сында Берия Сталинге хат жазады: "Поволжьедегі кеңестік немістер фашистер жағына өтіп жатыр. Оларды жедел депортациялауға рұқсат етіңіз", деп. Соның нәтижесінде 650 мыңдай кеңес немістері Қазақстанға көшірілді. Содан кейін майданда соғысып жүрген ұлты неміс жауынгерлерді кері шақырып алып, ауыр қара жұмысқа салады. Соған қарамай тегін өзгертіп Ұлы отан соғысы кезінде майданда ерлік көрсеткен немістердің арасынан 8 Кеңес одағының батыры шықты. Ал Украина мен Беларус жерінен 1941-42 жылдары жау әскері жақындаған кезде тағы 1,5 миллион халық Қазақстанға көшіріліп әкелінді. Сондай-ақ 1943 жылдың басынан 1944 жылға дейін Қап тауындағы шешен, ингуш, қарашай мен балқарлар, содан кейін Грузияның солтүстігінен түрік месхеттері, Қырым татарлары, қалмақтар мен күрдтерден 1 миллион 225 мың адам Қазақстанға әкелінді. Жалпы күштеп жер аударылғандарың тарихы туралы мен "Депортация" деген кітабымда жан-жақты қарастырдым.
- Сіздің ойыңызша, 1917 жылдан басталған большевиктер жасаған қуғын-сүргінге бүгінгі ұрпақтың беретін бағасы қандай болмақ?
- 1997 жылы саяси-қуғын сүргін құрбандарын еске алу күні жарияланды. Тіпті оған тұтас бір жылды арнадық. Одан еш үлгі-өнеге алған жоқпыз. енді осы олқылықыт түзету үшін Қазан төңкерісі, Азамат соғысы, кәмпескелеу мен күштеп ұжымдастыру, ашаршылық, жаппай репрессия, Ұлы отан соғысы және одан кейінгі барлық кезеңге қадап-қадап баға беріліп, арнайы ескерткіштер тұрғызып, кітаптар шығарып халықтың бойына оны сіңіре берсек бәрі қалпына келер еді. Оны өз деңгейінде жүзеге асыруға заң шығарушылар да, атқарушы биліктің шенеуніктер де өз үлесін қосса құба-құп. Қазақ халқының тарихында "Ақтабан шұбырынды - алқакөл сұлама" деген нәубет 1929-1933 жылдары қайтадан қайталанып, қазақ халқының жартысынван астамын жалмап кеткен аштық жылдарын біз естен шығармауымыз керек. Сондықтан да мамырдың 31-ін саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ғана емес, сондай-ақ аштық зобалаңын да еске алу күні деп атап өтуіміз қажет. Осы жөнінде Елбасының арнайы қаулысы қажет-ақ.
- Тарихтағы осындай ақтаңдақ беттерді біреулер саяси күресте өздеріне ұпай жинау үшін құрал ретінде пайдаланып кетуі мүмкін бе?
- Тарихтың қиын қыстау кезеңдерін пайданып, ұлттық сана-сезімді қоздырып, өздеріне ұпай жинауға әрекеттенушілер бар. Бірақ қоғамдық бірлестіктердің саны көп болғанмен сапасы жоқ. Басын біріктіре алса, олар үлкен саяси күш болар еді. Бірақ бұл жоғары деңгейге жете алмай келеді. Оның жарқын мысалын Балтық жағалауы елдерінен байқауға болады.
- Дерексіз тарих болмайды. Алайда олармен жұмыс істейтін мамандардың хал-жағдайы қалай?
- Тарихтағы ақтаңдақ беттер көп болғанымен, біз қазір оларға аса мән бермей келе жатырмыз. Оған бір себеп тарихшылардың мұрағатпен жұмыс істеуіне қаражаты жоқ. Көп мәселе осыған байланысты. Сондықтан да көп зерттеушілер ғылыми тақырыптарға ден қоя бермейді. Оларға мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсетілсе құба-құп болар еді. Сонда Қазақстан тарихының ақтаңдақ беттері жан-жақты зерттеліп, халықтың игілігіне айналар еді.
- Әңгімеңізге рахмет.