1929-1930 жылдардың өзінде «Алаш» қозғалысының 44 мүшесі жауапқа тартылды - Светлана Смағұлова

«Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қоры ұйымдастырған жиында Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиевтің атап өткеніндей, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні биыл Алашорда үкіметінің 100 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Азаттықты аңсап, еркін ел құруды көздеген қаншама қайраткер солақай саясаттың құрбаны болып кетті. Ендігі міндет - олардың халқы үшін жасаған еңбегін ұмытпай, ел жадында мәңгі қалдыру. Елбасының «Алаш» қозғалысы - мемлекетшілдіктің бастауы деуі тегіннен-тегін емес. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылғанындай, туған елінің келешегі үшін қанын да, жанын да аямаған арыстарымызды қастерлей отырып, солардың ісін жалғастырып, тұтастай ұлтқа қайтадан рухани жаңғыру қажет-ақ.
Конференцияны жүргізген тарих ғылымдарының кандидаты, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы Мұрат Қалменов Алаштың 100 жылдығын ел өміріндегі аса маңызды оқиға ретінде атап өту жас ұрпақты отансүйгіштікке, мемлекетшілдікке тәрбиелеудің бір жолы екендігін жеткізді. Осыған орай ғалымдар зерттеулерінің жарыққа шығып, тың деректердің жария етілуі ерекше маңызды.
Алматыдан арнайы келген Светлана Смағұлованың мәлім еткеніндей, Кеңес өкіметі орнағаннан кейін "Алаш" партиясы мен "Алашорда" үкіметінің мүшелеріне Бүкілодақтық Орталық Атқару комитетінің 1919 жылғы 4 сәуірдегі және 1920 жылғы 15 көкектегі қаулыларымен кешірім жарияланып, оның белді мүшелері үкімет қызметіне тартылған еді. Алайда 1922 жылдан бастап алашордашыларды үкімет пен партия тарапынан қудалау саясаты орын алды. Бұл туралы академик Манаш Қозыбаев: "Совет өкіметі сөзінде тұрмады, дәйексіздік көрсетті, екіжүзділік жасады. Кешірім тек қағаз жүзінде болды. Азамат соғысы біте сала көп кешікпей алаш азаматтарын қуғын-сүргінге салу басталды", - деп жаза отырып, бұл алашшыларды қуғындаудың алды екендігін көрсетсе, ал академик Кеңес Нұрпейіс кеңес өкіметі әр қырынан танылған, білімді де талантты Алашорда қайраткерлерін азамат соғысы жеңіске жеткеннен кейін тарих сахнасынан кетіруге тырысып, алдау мен арбау әдісін де, қару жұмсап күштеу жолын да қолданғанын айта отырып, бұлай істеудің басты саясаты оларды Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінен аластату болды деген тұжырым жасаған еді.
Революцияның алғашқы жылдарында партия мен кеңес өкіметі социалистік құрылыстың маңызды мәселелерін жүзеге асыру барысында әртекті интеллигенция ("Алаш" қозғалысының) өкілдеріне сүйенуге мәжбүр болып, ал елде кеңестік билік нық орныға бастаған кезде РК(б)П-ның Х съезіндегі ұлт мәселесінің шешіміне орай кеңес өкіметіне қарсы әрекет етер деген желеумен үкіметке зиянды қайраткерлерден құтылуды жөн деп санап, оларды "ұлтшылдар" мен "жікшілдер" атандырып, қуғындай бастады.
1922 жылдың өзінде үкімет пен партия ұлтшылдармен күрес жүргізуде қандай топтар мен жіктердің барлығын анықтау жөнінде нұсқаулар берді. Бұл нұсқауларды орындау ісін Мемлекеттік Саяси басқарманың қызметкерлері қолға алып, құпия түрде елдегі зиянкес топтар жөнінде мәліметтер жинауға тырысты.
Қырғыз (Қазақ) облыстық Мемлекеттік Саяси басқарманың қызметкерлері Бабиков, Шишков және Якубовскийлер 1922 жылы қыркүйекте Қазақ Өлкелік комитетіне "алашордашыл" және "ұлтшыл" қазақ топтары туралы мәлімдеме жасап, республикада үш ағым немесе топтың барлығын айтып, оның біріншісіне алашордашылардың тобын жатқызды. Топты Әлихан Бөкейханов басқаратындығы, оның орталығы Семей губерниясында екендігі, бұл топқа Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасов, Міржақып Дулатов, Жақып Ақбаев, Ахметжан Қозыбағаров және т.б. мүше болып, коммунистік партия қатарын әлсіретуге күш салып, осы бағытты жүзеге асыруда халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, "Алаш" бағдарламасын қолданып отырғандығы айтылды. Ал екінші топқа бұрынғы Алашордаға мүше болған, қазір коммунистік партия қатарына кіріп алған А.Байтұрсынов бастаған зиялылар, атап айтқанда Қазақ ОАК-нің мүшелері А.Кенжин, С.Сәдуақасов, М.Әуезов, Қырғыз азық-түлік бюросының төрағасы Нахимжан, ХКК-нің төрағасы М.Мырзағалиев, Жоғарғы трибунал төрағасы С.Арғыншиев енгізілді. Олар Ә.Бөкейханов тобының басшылығымен "отаршылдарға" қарсы жүйелі күрес жүргізді, коммунист атын жамылып, партия қатарына іріткі салды, осы істе мерзімді басылымды кеңінен пайдаланды делінді. Құжатта көрсетілген үшінші топ интернационалдық қазақ қызметкерлерінен құралды. Бұл топты Қырғыз ОАК-нің төрағасы С.Мендешев басқарып, оның құрамында Қырғыз облыстық комитетінің хатшысы А.Асылбеков, Ішкі Істер Халық комиссариатының төрағасы Ә.Әйтиев, Азық-түлік халық комисариатының төрағасы М.Саматов, Әлеуметтік қамсыздандыру халық комиссариатының төрағасы Ә.Жангелдин, ҚОАК-нің мүшесі Н.Нұрмақов болды. Одан әрі әр топтың мүшелеріне жеке-жеке тоқталып, олардың немен айналысып жатқандығы айтылды. Сөйтіп, Қазақстанда большевиктер үкіметіне қарсы әрекет еткен топтар әйгіленді.
Алашордашыларды қудалаудың негізі мерзімді басылымдарда сынаудан да көрінді. 1922 жылы "Қызыл Қазақстан" журналына М.Атаниязовтың "Алаш" партиясының өткен жолын, жүргізген қызметін талдаған "Алаш партиясының тарихи сыны" атты мақаласы жарық көрді. Автор "Алаш" партиясының құрылуы мен партияның тұңғыш съезі, онда қаралған өзекті мәселелер туралы жаза келе, алашордашылар өз саясатында жаңылыс басты деп тұжырымдады. Бұл мақаланың мақсаты халыққа "Алаш" партиясы мен Алашорда үкіметінің адасқандығын көрсету еді.
1922 жылдың 2 желтоқсанында өткен РК(б)П Комитетінің өкілдері мен Торғай уезі атқару комитетінің төтенше мәжілісінде бұрынғы алашордашыларды жауапты қызметтерден аластату мәселесі қарастырылды. Осындай шешімдерден кейін баспасөздерде бұрынғы алашордашылардың кеңес саясатына аса қауіптілігін дәлелдей көрсеткен мақалалардың жариялануына жол ашылды. Онда Қазақстанда болып жатқан қиыншылықтардың шығу себебіне "алашордашы ұлтшылдар" кінәлі деген де пікірлер айтылды.
1925 жылы Қазақ Өлкелік партия комитетіне хатшысы болып келген Ф.И.Голощекин "шылдық, шілдік" зобалаңын одан әрі жандандыра түсті. Қазақ зиялыларын жік-жікке бөліп, олардың өзара бір-бірімен күрес жүргізуіне жағдай жасап, "жікшілдік" пен "ұлтшылдыққа" қарсы айыптау ашық түрде сипат алды. Әсіресе, осы екі ұранмен айыптау 1925-1933 жылдары қатты ушықты. Ф.Голощекиннің "ауылды кеңестендіру" ұраны С.Сәдуақасов, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов сынды ұлт зиялыларының наразылығын тудырды. Аталмыш қайраткерлер алашордашылардың бағытына қолдау жасап, кеңестік ұлт саясатын бұрмалауға тырысқан "ұлтшылдар" деп айыпталды. 20-шы жылдардың соңына қарай республикадағы саяси жағдай шектен тыс ушығып, зорлық-зомбылыққа жол ашылды. 1927-1929 жылдар аралығында қазақ зиялыларының арасында өзіндік пікірі бар азаматтардың барлығы да "ұлтшыл" деген айыппен қызметтен қуылды. "Еңбекші қазақ" газеті оқырмандарға "ұлтшылдық" сарынымен күресуде сын, өзін-өзі сынау аса қажеттігін насихаттап, оның мақсаты қазақ зиялыларының шығармаларының сапасын арттырып, ұлтшылдарға соққы беру деп түсіндірді. Нәтижесінде мерзімді басылымдарда бір-бірін әшкерелеген материалдар үзіліссіз басылды.
1929 жылы Қазақ өлкелік комитеті мен БК(б)П Өлкелік Бақылау комиссиясының мүшелерінен арнайы тексеру комиссиясы құрылып, К.Тоқтабаев, Ғ.Тоғжанов, А.Кенжин, Ә.Байділдин және тағы басқа азаматтардың қызмет барыстары тексерілді. Осы жылдың 13 маусымында өткен мәжілісте Кәрім Тоқтабаевтың 1917 жылдары Торғайдағы Алашорда бөлімінің белді мүшесі болып, Ә.Бөкейханов, М.Дулатовтармен тығыз байланысқаны, 20-шы жылдары "сәдуақасовшылар" жігінде болғандығы айтылды. Ал Аспандияр Кенжин 1918-1919 жылдары кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтеріліс ұйымдастырған Алашорданың Торғай бөліміндегі Әскери кеңестің белді мүшесі болды делінді. Әбдірахман Байділдинге алашордашыл "Бірлік" жастар ұйымында болып, Колчак армиясына белсенді көмектесті, Ә.Бөкейхановпен бірге адъютант есебінде Уфа мен Самарада болған демократиялық мәжілістерге Алашорда отрядтары үшін қару-жарақ пен әскери киім-кешек алу үшін қатысты, 1919 жылы Сібірдегі Колчак үкіметі әскері 3-ші армиясының барлау штабының қызметкері болды, 1924 жылға дейін Алашорда қайраткерлерімен байланысын үзген жоқ, ал 1925 жылдан "садуақасовшылдық" топқа белсенді қатысты деген айыптар тағылды. Тексеру комиссиясының шешімімен аталмыш зиялылар партия қатарынан шығарылды.
1929 жылдың жаз айының ортасына дейін комиссияның тексеруіне К.Арғынғазин, Ә.Бөкейханов, Қ.Ғалиев, Т.Жаманмұрынов М.Жолдыбаев, Қаратілеуов, Әлібеков, А.Мусин, Т.Рысқұлов, М.Саматов, А.Сейітов, А.Сейдалин, А.Кенжин, К.Тоқтабаев, Өтемісов, Өмірғазин, Х. Ф.Фазылбаев және тағы басқалар ілікті. Аталмыш азаматтардың көпшілігі үкімет орындарының жауапты қызметінде істейтін. Бұлардың барлығы бай, төре, билердің тұқымынан, Алашорда үкіметінің құрамында болған, кейбіреулері кеңес өкіметіне қарсы шығып, большевиктерді қыруға қатынасқан делінді. Мәселен, Молдағали Жолдыбаевқа 1920 жылы Жымпитыда кеңес өкіметіне қарсы шығып, 70-тей коммунистер мен комсомолдардың өліміне кінәлі болды деген негізсіз айып тағылды. Ә.Бөкейханов - ханның тұқымы, отбасы тәркілеуге түскен делінді. М.Саматовқа байланысты жастардың "Бірлік" одағының мүшесі, төрағасы болып Алашорда үкіметінің идеясын насихаттады, Ақмоладан Алашорданың құрылтай жиналысына кандидат болып сайланды, чехтар мен Колчак үкіметі тұсында Омбыдағы губерниялық земство басқармасының төрағасы болды, кейінірек Семей губерниясына қашты деген сөздер таңылды. Осы тексерістерден кейін аталған азаматтардың барлығынан ОГПУ қызметкерлері жауап алып, өтініштерде айтылған фактілер тексерілді. Олардың көпшіліктері партия қатарынан шығарылып, жауапты жұмыстардан аластатылды.
1931 жылы ұлтшыл бағытта "Сана" журналын шығарды және онда алашордашылардың мақалалаларын жариялады деген желеумен Х.Досмұхамедовке айып тағыла бастады. Х.Досмұхамедовпен бірге М.Әуезов те қуғындалды. Негізінде ол 1922 жылдың өзінде "Алашорданың" шығыс бөлімінің белсенді қайраткері ретінде сынға алынып, партия қатарынан шығарылған болатын. 20-шы жылдың соңында тағы да буржуазияшыл-ұлтшыл байлардың идеологиясын жақтады, кеңес өкіметіне қарсы күрес жүргізді, "Алқа" атты астыртын ұлттық-әдеби үйірменің бағыт-бағдарын жасауға белсене атсалысты, қазақ баспасөзінде байшыл идеологияны насихаттайтын шығармалар жариялады деп айыпталды.
Мұхтар Әуезов 1930 жылы 17 қыркүйекте Ташкент қаласында тұтқындалып, Алматы түрмесіне жеткізілді. Оған 1930 жылдың 15 қазанында ОГПУ ерекше бөлімінің бастығы Белогоновтың бекітуімен Қылмысты істер кодексінің 58-11 және 58-11-баптарымен қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымына қатысты, партия мен үкімет шешімдерін бұрмалады, Орта Азиядағы басмашылар қозғалысына жетекшілік жасады, кеңес өкіметін құлатуға әрекет жасады және т.б. айып тағылды.
Осылайша, маңдайалды қазақ зиялыларына, алаш өкілдеріне құрып кету қаупі төнді. Ату жазасына бұйырылғалы тұрған азаматтар "жаңылдым" деп үкіметтен кешірім сұрауға мәжбүр болды. 1932 жылдың 4 мамырында БК(б)П Қазақ Өлкелік комитетіннің хатшысы Ф.Голощекин мен ҚАКСР ХКК-нің төрағасы О.Исаевқа жазған өтінішінде М.Әуезов те өзінің бар кінәсін мойындап, "ниетімнен қайттым" деп ашық мәлімдеме жасады. Бұл мәлімдеме Қазақ Өлкелік комитетінің органы болған "Социалды Қазақстан" мен "Казахстанская правда" газеттерінің 10 маусымындағы санына жарияланды. Алайда 1933 жылдың 11 қыркүйегінде аса құпия түрде ҚАКСР БМСБ орындарының Қазақ Өлкелік комитетіне берген мәлімдемеде Алашорда көсемдерінің бірі М.Әуезов газеттер арқылы өзінің қателіктерін мойындағанмен, әлі де контрреволюциялық қызметін жалғастырып, драматургия саласында жазылған шығармаларында бұрынғы өмірді, яғни бай-болыстардың заманының идеологиясын насихаттап отырғандығы айтылды. Дегенмен ол осы «мойындауының» арқасында ғана аман қалды. Егер Мұхтар Әуезов тірі қалмағанда, «Абай жолындай» ұлы туындының жазылмайтыны анық еді. Ал кешірім сұраудан бас тартқан Жүсіпбек Аймауытов пен Халел Ғаббасов 1931 жылы атылып кетті. Халел Ғаббасовқа осындай екі рет ұсыныс жасалған. Бірақ ол «халқымның алдында ақпын, жалған айтып, ертең қарабет болғым келмейді, одан да өлгенім артық» деп, мұны қабылдамай тастаған. Міржақып Дулатов он жылға сотталып, кейін белгісіз жағдайда қаза тапты.
1936 жылдан бастап бұрынғы "Алаш" партиясы мен "Алашорда" үкіметінің қатарында болған үкімет пен партия қайраткерлерін, жазушыларды айыптау одан әрі өрши түсті. Өлкелік партия комитеттерінің мәжілістерінде алашордашылардың қателіктері әшкереленіп, олардың үкімет ісіне қарсы астыртын әрекеттері үшін жаза қолдану мәселесі көтеріле бастады. "Ұлтшылдыққа" қарсы күресу барысында үкімет тарапынан арнайы тапсырмалар беріліп, "ұлтшылдарды" әшкерелеуге барлық кеңес азаматтарын белсене кірісуге, яғни сын мен өзара сынды күшейтуді талап еткен және шақырған бұйрықтар, шешімдер, үндеулер бірінен кейін бірі жариялана бастады. Өзара сын ақыр-аяғы 1937-1938 жылғы алапат қуғын-сүргінге алып келді. Мұндай айыптауға ұлт зиялылары ғана емес, елдегі малшылар мен қарапайым адамдарға дейін ілікті.
«1937-1938 жылдары қазақ зиялыларының басына төнген қауіпке ешкім де қарсы тұра алмады. Сол жылдары алашшыл Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедов, С.Асфендияров, Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері С.Қожанов, Т.Рысқұлов, Ұ.Құлымбетов, О.Жандосов, Ж.Сұлтанов, А.Кенжин және басқалар қуғын-сүргін құрбаны болды. Ұлт жолында қызмет еткен зиялылар қатары күрт сиреп, бұл елдің мәдениет, әдебиет, ғылым, білім салаларының ақсауына алып келді. Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметі әлі де зерттеуді қажет етеді. Мысалы, Батыс Алашорданың ірге көтеруіне сүбелі үлесін қосқан Сақыпкерей Арғыншиев Ақпан төңкерісіне дейін Бақытжан Қаратаевпен бірге демократиялық кадет партиясын құруға атсалысты. Беркінғали Атшыбаев, Бақтығали Бисенов сынды Алашорданың белді мүшелері туралы осыны айтуға болады. Алашорда үкіметінің қаражатын көтерген байлар да, рухани қолдаған дінбасылар да аз болған жоқ. Міне, осылардың бәрінің есімдерін, ел үшін еткен еңбегін айқындай түсу бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін қажет», деді С.Смағұлова.
Конференцияда тарих ғылымдарының докторы, академик Тұяқбай Рысбеков Алашорда тарихын толыққанды зерттеу керектігін айтып, осы үкімет құрамында ұлттық әскери жасақтар құру шараларына тоқталды. Сондай-ақ жиында Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері Ләззат Нұркеева, батысқазақстандық тарихшы-ғалымдар Бақтылы Боранбаева, Альфия Байболсынова, Есқайрат Хайдаров, Саялбек Ғиззатов және басқалар баяндама жасап, өз ой-толғамдарын ортаға салды.