1937-1938 жылдары 600 мың адам өлім жазасына кесілді

АСТАНА. 24 мамыр. ҚазАқпарат - 1921-1940 жылдары «революцияға қарсы және ерекше қауiптi мемлекеттiк қылмыстаыр үшін» 3 миллионнан астам адам сотталды.
None
None

Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жанна Қыдыралина айтты..

«Тағдырлары қиылған жандардың саны аса көп болды. 1921-1940 жылдары «революцияға қарсы және ерекше қауiптi мемлекеттiк қылмыстары үшін» Қазақстанда 3 млн. 80 мың 574 адам сотталды. Соның ішінде 1937-1938 жылдары 1 млн. 344 мың адам лагерлерге қамалды. Олардың 600 мыңы өлім жазасына кесілді», - дейді XX ғасырдың 30-шы жылдарындағы Қазақстанның саяси-әлеуметтік жағдайы: аштық пен қуғын-сүргін тарихы» атты конференцияда соңғы деректерді келтірген Ж. Қыдыралина.

Оның айтуынша, сол жылдары Қазақстан аймағында Гулаг құрылымының ең ірі лагерлері орналасқан. Алжир, Степлаг, Карлаг сынды лагерлерге бүкіл Кеңес Одағынан 5 миллионнан астам адам айдалды. Лагерьге қамалысымен адам өзінің атынан, тегінен, тіпті азаматтық мамандығынан айырылатын. Оларды тек арқасында, қолында болған лагерлік жеке номерлерден және қашқындарды ату үшін арналған тізелеріндегі нысана бойынша ғана айыру мүмкін еді.

Мұндай лагерлерде өлім-жітім өте көп болды. Карлаг-тың қабырғасында 1940-1950 жылдардың өзінде 10 мың сотталушы көз жұмды. 1943 жылы ай сайын 1000 адам тар қапаста жан тапсырып жатты.

Жалпы Қазақстан жерінде Гулаг жүйесінің 93 лагері болған. 1920-1950 жылдары КСРО-ның тоталитарлық режимінен құрбан болған кеңес адамдарының дені «революцияға қарсы қылмыстары үшін» сотталған. Бұл қылмыс үшін 6 ай бас бостандығынан айырудан бастап, өлім жазасына кесуге дейінгі жазалар қолданылды. Сонымен қатар туыстары мен жақындарының кінәсі үшін де жауапкершілікке тарту шаралары енгізілді. Әлемде барлық замандар мен халықтарлардың бірде-бір саяси формациясы осыған ұқсас нәубетті бастан кешіп көрмеген.

2012 жыл - 1932-1933 жылғы аштық құрбандарының 80 жылдығы және 1937 жылғы жаппай қуғын-сүргін құрбандарының 75 жылдығы жылы деп белгіленді. Осы күні олардың туған-туыстары тоталитарлық жүйенің құрбандарын еске алуда. Жалпы есеп бойынша Қазақстан, Беларус, Украина, Ресей елдерінде аштық пен аурудан 7 миллионға жуық адам қырылған. Сол жылдары Қазақстан өзінің 1,5 млн.-нан астам халқын жоғалтты. 600 мың қазақ туған жерлерін тастап, өзге елдерге бас сауғалап көшуге мәжбүр болды.

Соңғы жаңалықтар