1945 ж. 23 сәуірі: Кеңес әскерлері Берлиннің бірқатар бөлігін басып алды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- 23 сәуір күні Берлинде кескілескен көше ұрыстары жүрді. Кеңес әскерлері немістердің табан тірескен қарсылықтарына қарамастан, Берлиннің бірқатар өндіріс орындары мен көше қиылыстарын басып алды.
None
None

Нақты айтар болсақ, 1-ші Белорус майданының 3-ші екпінді армиясы Берлиннің шығыс және солтүстік бөлігінде қиян-кескі ұрыстар жүргізуде. 2-ші гвардиялық танк армиясы Берлиндегі ұрыстардан алынып, қаланың оңтүстік-батыс маңына бағытталды. Мұнда армия Берлин-Шпандауэр-Шиффартс су арнасына шықты. Берлинге шығыс жақтан шабуылдап келе жатқан 5-ші екпінді армия қаланы басып өтетін Шпрее өзеніне жетіп, одан өте бастады. 1-ші гвардиялық танк армиясы мен 8-ші гвардиялық армиясы да Берлинді оңтүстігінен құрсаулай отырып, Шпрее өзеніне жетіп, одан өтуге әрекет жасауда. 33-ші армия Одер-Шпрее су арнасына шықты. Бұл күні немістердің Штейнер армиялар тобы солтүстіктен Берлинге қарай кеңес әскерлеріне қарсы шабуылға көшкенімен, кейін шегінуге мәжбүр болды. Берлинде неміс қолбасшылығы өз әскерлерінің қарсылығын күшейту үшін қатаң шаралар қабылдады. Мысалы, неміс артиллериялық бөлімшелеріне кейін шегініп жатқан өз жаяу әскерлерін жарқыншақты снарядтармен ату бұйырылды. Ал 1-ші Украин майданының 4-ші танк армиясы Потсдам бағытында шабуылдай отырып, Берлинді оңтүстік-батыс жағынан қоршауға ала бастады. Солтүстіктен дәл осы бағытта келе жатқан 1-ші Белорус майданының 47-ші армиясына дейін 25 шақырым ғана қалды. Демек, Берлинді толығымен қоршауға алуға санаулы уақыт қалды деген сөз. Бұл күні осы майданның 3-ші гвардиялық танк армиясы Берлиннің оңтүстігіндегі Тельтов-каналынан өтуге мұқият дайындалды. Майданның 28-ші армиясы да осы каналға келіп тоқтады. Бұл армия бір мезетте немістердің франкфурт-губен тобын солтүстік-батыстан қамалауға көшті. 3-ші гвардиялық армия қайта топтастырылып, немістердің франкфурт-губен тобын қоршауға ала бастады. Бұл күні ресми мәліметтер бойынша Кеңес әскерлері жалпы Берлин және Дрезден бағытында бірнеше ондаған шақырым алға жылжып, бірқатар қалалар мен елді-мекендерді басып алды. Бұл туралы «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылдың 25 сәуіріндегі (сәрсенбі) №81-ші санында жарияланған Кеңес ақпарат бюросының мәліметінде нақты көрсетілген. «1-ші Белорус майданының әскерлері Одер өзенінің батыс жағындағы плацдармнан шабуылға көшіп, артиллерия мен авиацияның қолдауы арқасында немістердің қат-қабат мықты бекіністерін бұзып өтіп, 60-100 шақырым алға жылжыды. Сөйтіп, ОДЕРДЕГІ ФРАНКФУРТ, ВАНДЛИЦ, ОРАНИЕНБУРГ, БИРКЕНВЕРДЕР, ГЕННИГСДОРФ, ПАНКОВ, ФРИДРИХСФЕЛЬДЕ, КАРЛСХОРСТ, КЁПЕНИК қалалары мен қалашықтарын басып алып, Берлинге басып кірді. 22-ші сәуірдегі ұрыстар барысында майдан әскерлері 4000 -нан аса неміс солдаты мен офицерін қолға түсіріп, 85 - дала зеңбірегін, 3100 - автомашина, 67 - паравоз, 1800 - темір жол вагоны және соғыс мүлкі қойылған 30 қойманы олжалады. Ал 1-ші Украин майданының әскерлері де шабуылға шығып, артиллерия мен авиацияның қолдауы арқасында немістердің күшті нығайтылған қат-қабат мықты бекіністерін бұзып өтіп, 80 шақырымнан 160 шақырымға дейін алға жылжыды. Сөйтіп, КОТБУС, ЛЮББЕН, ЦОССЕН, БЕЛИЦ, ЛУКЕНВАЛЬДЕ, ТРОЙЕНБРИЦЕН, ЦАНА, МАРИЕНФЕЛЬДЕ, ТРЕББИН, РАНГСДОРФ, ДИДЕРСДОРФ, ТЕЛЬТОВ қалалаларын басып алып, Берлинге оңтүстік жақтан басып кірді. Бір мезетите ДРЕЗДЕН бағытында майдан әскерлері ұрыс жүргізе отырып, ЭССЕН, КИРХХАЙН, ФАЛЬКЕНБЕРГ, МЮЛЬБЕРГ, ПУЛЬСНИЦ қалаларын басып алып, ДРЕЗДЕННІҢ солтүстік-батысынан Эльба өзеніне шықты. 22-ші сәуір күні майдан әскерлері 7000-нан аса неміс солдаты мен офицерін қолға түсіріп, 200 танк, 105 дала зеңбірегін және 3000 автокөлікті олжалады. 4-ші УКРАИН майданының әскерлері шабуылдай отырып, Чехословакия жерінде ОПАВА қаласын басып алды. Ал 2-ші УКРАИН майданының әскерлері Чехословакия жерінде ГОДОНИН қаласының оңтүстік батысында МИКУЛОВ қаласын және ЛЕДНИЦЕ, ПУЛГАРИ, ПАВЛОВ, ПЕРНА, ПРАТЛСБРУН, ДОЛЬНЫЕ ДУНАЕВИЦЕ, ДОБРОЕ ПОЛЕ елді-мекендерін жаудан азат етті» - делінген мәліметте. Жалпы, 22-ші сәуір күнгі ұрыстарда барлық майданда 165 жау танкісі мен өздігінен жүретін зеңбірегі талқандалды және жойылды. Ал әуе ұрыстарында зениттік артилерияның күшімен 61 жау ұшағы атып түсірілген.

Соңғы жаңалықтар