1945 ж. 29 сәуірі: Кеңес әскерлері Рейхстагқа тіке шабуылды бастады

Мұның алдында жауынгерлеріміз Шпрее өзеніндегі Мольтке көпірін және Рейхстагқа қатар орналасқан ішкі істер миинистрлігінің ғимаратын басып алған болатын. Бұл туралы «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылдың 1-ші мамырындағы (сейсенбі) №85-ші санында басылған Кеңес ақпарат бюросының мәліметінде айтылған.
Дегенмен алғашқы шабуылдар сәтсіз аяқталды. Өйткені Рейхстагты 5 мың адамдық гарнизон қорғады. Олардың көпшілігі СС әскерлері болатын. Оның үстіне ғимараттың айналасындағы ішіне су толтырылған танкке қарсы терең ор шабуыл жасауды қиындатты. Бірақ соған қарамастан әскерлеріміз толассыз шабуылдаумен болды.
Сонымен қатар, бұл күні 1-ші Белорус майданының әскерлері Берлиннің солтүстік жағындағы бірқатар елді-мекендерді алды.
«1-ші БЕЛОРУС майданының әскерлері БЕРЛИНДЕ қиян-кескі көше ұрыстарын жүргізе отырып, МОАБИТ ауданын, Ангальт вокзалын және қаланың орталық бөлігіндегі 177 кварталын алды. Сонымен қатар, 14 зауытты басып алып, ондағы 12 мың әскери тұтқынды босатты. Майдан әскерлері БЕРЛИННІҢ солтүстігінде ИОХИМСТАЛЬ, ГРОСС-ДЕЛЛЬН, ГРОСС-ШЕНЕБЕК, КЛАНДОРФ, МАРИЕНВЕРДЕР, ВЕЗЕНДОРФ, ЛИБЕНТАЛЬ, ХАММЕР, ЛИБЕНВАЛЬДЕ ірі елді-мекендерін басып алды», - делінген мәліметте.
2-ші БЕЛОРУС майданының әскерлері Германияның солтүстігінде ұрыстар жүргізе отырып, 29 сәуірде АНКЛАМ, ФРИДЛАНД, НОЙБРАНДЕНБУРГ және ЛИХЕН қалаларын басып алып, МЕКЛЕНБУРГ провинциясына енді. Сондай-ақ, ЮКЕРМЮНДЕ, МЕНКЕБУДЕ, РОЗЕНХАГЕН, ДУХЕРОВ, ПУТЦАР, ШЕНБЕК, ВОЛЬДЕГК, КЕЛЬПИН, БУРГ-ШТАРГАРД, ГРАМЕЛОВ, ГАНДЕНИТЦ, ХАММЕЛЬШПРИНГ ірі елді-мекендерін алды.
28-ші сәуірдегі ұрыстарда майдан әскерлері 2000-ға жуық неміс солдаты мен офицерін тұтқындап, 106 дала зеңбірегін олжалады.
1-ші УКРАИН майданының әскерлері де БЕРЛИННІҢ оңтүстік-батыс жағында көше ұрыстарын жүргізуде.
«1-ші УКРАИН майданының әскерлері ВИЛЬМЕРСДОРФ ауданының оңтүстік бөлігін және қаланың айналма темір жол желісіндегі ГОГЕНЦОЛЛЕРНДАММ және ХАЛЕНЗЕЕ теміржол стансаларын басып алды. Майдан әскерлері осы күні бұл ауданнан 5000-нан астам неміс солдаты мен офицерін тұтқындады», - делінген мәліметте.
БЕРЛИННІҢ оңтүстік шығысында ВЕНДИШ-БУХГОЛЬЦ елді-мекенінің тұсында 1-ші БЕЛОРУС және 1-ші УКРАИН майданының әскерлері қоршауға түскен неміс әскерлерін толығымен талқандады. 28-шщі және 29-ші сәуірде болған ұрыстарда бұл ауданда біздің әскерлер 40 000 астам неміс солдаты мен офицерін тұтқындады.
Чехословакия жерінде 2-ші УКРАИН майданының әскерлері ұрыс жүргізе отырып, БОРШИЦЕ, ОСВЬЕТЫМАНЫ, ВРЖЕСОВИЦЕ, НЕХВАЛИН, ЛОВЧИЦЕ, ЖДЯНИЦЕ, БУЧОВИЦЕ, ОРЛОВИЦЕ, МОРАВСКИ ПРУСЫ, ДРНОВИЦЕ ірі елді-мекендерін алды.
Майданның басқа учаскелерінде елеулі өзгерістер болған жоқ.