1949-2010 жылдар аралығында туған Қазақстан азаматтарына 70 000 теңге аударылады — фейк
АСТАНА. KAZINFORM – 1949-2010 жылдар аралығында туған Қазақстан азаматтарына 70 000 теңге аударылатыны туралы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті.

Қаражатты аудару үшін белгісіз адамдар сілтемеге өтуді ұсынады.
— Әлеуметтік көмектің мұндай түрі жоқ екенін хабарлаймыз. Тиісінше, көрсетілген сілтеме алаяқтар үшін азаматтардың жеке деректерін алу тәсілі болуы мүмкін. Алаяқтармен өзара әрекеттесуді болдырмау үшін сілтемеге өтпеуге кеңес береміз, — делінген министрліктің хабарламасында.
Мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары туралы ресми ақпарат тек қана 1414 нөмірінен СМС-хабарламалар арқылы таратылады.
Ведомство азаматтарға тек ресми көздердегі ақпаратты пайдалануын өтінген.
Жалған ақпарат тарату заңмен жазаланатынын еске салған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда 4 және 5 балалы отбасылар көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақыдан айырылуы мүмкін деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлаған еді.