11:58, 15 Мамыр 2009 | GMT +5
1998 жылға қарағанда 2008 жылдың соңында орташа айлық төлем 6 еседен астам жоғарылады
АСТАНА. Мамырдың 15-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 1998 жылға қарағанда 2008 жылдың соңында орташа айлық төлем 6 еседен астам көрсеткішке жоғарылады.
Бұл туралы бүгін Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының кезектен тыс ХІІ съезінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қарқынды экономикалық өсім халықтың әл-ауқатының жоғарылауына ұштастырылғанын жеткізген Үкімет басшысы, «орташа айлық төлем жалпы экономика бойынша 2008 жылдың соңында 61 мың теңгені құрады. Егер, естеріңізде болса, 1998 жылы бұл көрсеткіш 9770 теңге болатын. Яғни, өсім 6 еседен асты», деді.
Сондай-ақ Үкімет басшысы 2007 жылы Дүниежүзілік банк Қазақстанды орташа табыс деңгейі бар ел ретінде бағалағанын атап өтті. Бала туу деңгейі елімізде жоғарылағанына тоқталған Премьер-Министр 2008 жылдың соңында халық саны 16 миллионнан асқанын, 2000 жылға қарағанда халық саны 1,5 миллионнан астам адамға өскенін айтып өтті.