1 млрд теңге үнемделді: Қорғаныс саласындағы цифрландыру жаңа деңгейде
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл елімізде 42 мың азамат әскерге шақырылған. Ал соның тең жартысы күзгі әскерге шақырту маусымында әскери қызметке аттанып жатыр.
Қорғаныс саласының мамандары мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің, шекара қызметінің және Төтенше жағдайлар министрлігін жас кадрлармен толықтырылып болғанын айтады. Қазіргі уақытта қарулы күштерді жас сарбаздармен жасақтау жүріп жатыр. Ал қараша айының соңынан желтоқсан біткенге дейін Ұлттық ұлан жас әскерилермен толықтырылмақ.

Қазір әскерге тіркеу, шақырту жүйесі едәуір өзгерген. Енді 17 жасқа толған азаматтар бұрынғыдай қыруар қағаз арқалап, әскери комиссариаттың табалдырығын тоздырмайды. Себебі, енді қорғаныс саласында «Smart Военкомат» цифрлық жүйесі жұмыс істеп тұр.
— Алдынғы жылдан бастап азаматтарды тіркеуді проактивті түрге ауыстырдық. Яғни қазір азаматтарды әскерге тіркеу жұмыстары автоматты түрде азаматтардың араласуынсыз жүреді. Олар өздері тіркелгені туралы да білмейді. Бірақ e-Gov-қа кіріп, өзінің жеке кабинетінен көре алады. Бұрын мектеп пен колледжде оқитын 17 жасқа толған оқушыларды алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі жинап, әскери комиссариатқа алып келетін. Ол кезде тіркеу тек қаңтар-ақпан айларында жүретін. Ал қазір жыл 12 ай тіркеу тоқтаусыз жүріп тұрады. Мысалы, шілдеде бала 17 жасқа толса, проактивті түрде тіркелген болып есептеледі, — дейді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.

Цифрлық жобаның арқасында сала мамандары мемлекет қаржысын миллиардтап үнемдеген.
— Бұл жүйе мемлекетке 1 миллиардтан астам қаражат үнемдеуге мүмкіндік берді. Ол қалай? Біріншіден біз автобустарды жалға алмаймыз. Жас жігіттерді мұнда алып келмейміз, олар 24 анықтама құжаттарды жинамайды. Соған қарамастан бізге қажетті барлық жұмыс толық орындалып отыр. Біз биыл 9 айдың ішінде 500 мың азаматты проактивті түрде тіркедік. Көктемгі әскерге шақыртуда 350 мың студент келмейді. Күзгі әскерге шақыртуда тағы 350 мың студент келмейді. 120-170 мыңға дейінгі 17 жастағы азаматтар келмейді. Бәрін қосқанда жалпы 1 млннан астам азамат осы жүйе арқылы автоматты түрде тіркеліп, қызметін алып жатыр. Соған сәйкес, қажетсіз әуре-сарсаңға да түспей, уақыттарын үнемдеп отыр, — дейді министрдің орынбасары.

Жаңа жүйе, әскерге жарамайтын азаматтарды автоматты түрде анықтай алады.

— Бұрын әскери комиссариаттар 18-27 жастағы барлық азаматқа әскерге шақырту қағазын беретін. Ал қазір шақыртуды СМС арқылы жібереміз. Бірақ бәріне емес. Мысалы, ЖОО оқып жатқан студенттерге «оқып жатқандықтан әскерден босатыласыз, бірақ академиялық демалыс алып, әскери міндетіңізді өтеуге болады» деген хабарлама жібереміз. Одан бөлек, науқас, мүгедек, үйленген, балалы азаматтар да шақырту алмайды. Яғни біз нақты әскерге баруға жарайтын адамдарға ғана шақырту жібереміз. Бұл біздің және азаматтардың уақытын үнемдеп отыр. Бұрын олар бізге хабарласып, түрлі құжаттарды жинап, әскерге жарамсыз екенін дәлелдейтін. Жүйе арқылы біз әскери қызметшілерімізді артық жұмыстан босатып отырмыз, — дейді маман.

«Smart Военкомат» жүйесі азаматтардың тіркелген әскери комиссариатын да проактивті түрде ауыстырады.
— Егер азамат тұрғылықты мекенжайын ауыстырар болса, бір әскери комиссариаттан шығып, өзге біріне тіркеу де автоматты түрде жүргізіледі. Одан бөлек, әр кадр бөлімшелері әскери комиссариатқа әр ай, әр тоқсан сайын есеп беретін. Бұл есептерді де қазір автоматты түрде өзіміз алып отырамыз. Қазір олар бізге ешқандай артық құжат жібермейді, — дейді Дархан Ахмедиев.

Қорғаныс министрінің орынбасары жаңа жоба жұмыс өнімділігін айтарлықтай арттырғанын жеткізді.
— Қазір автоматты жүйеге көшкеннен кейін бұрын сол жұмыстарды атқарған мамандардың жұмысы жеңілдеді ғой. Содан кейін бірінші мәселе сол қызметшілерді қысқарту болған. Егер ол қаншама уақытын осы жұмыстарға арнайтын болса, қазір ол жұмыстарды алып тастасақ, енді ол азаматтарды қысқартайық, бюджетті үнемдейік деген ұсыныс айтылды. Бірақ әскери комиссариатқа келіп, мамандардың жұмысын бақылағаннан кейін мұндағы жұмыстың сапасы артқанын көріп отырмыз. Яғни, біздің қызметшілеріміз таңертеңнен кешке дейін басын көтере алмайтын. Негізгі жұмыстарына уақыты жетпей, осындай тірліктерге көп уақыт құртатын. Ал қазір жұмыстың сапасы артты деп айтуға болады, — дейді ол.
Бұл жүйе Денсаулық сақтау, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Ішкі істер министрлдігімен интеграцияланған. Оған қоса азаматтың әскерге кеткені туралы хабар банктерге де жіберіледі. Демек несие алған азамат әскерге кеткен соң туысқандарына анықтама қағазын алып, банкке барудың қажеті жоқ. Бұл жұмыстардың бәрі автоматты түрде жүргізіледі. Сондай-ақ ДС министрлігінің базасымен біріктірілген «е-Медосмотр» ақпараттық жүйесі де жұмыс істеп тұр. Сол арқылы әскерге шақыртылған азаматтың денсаулығы туралы барлық ақпаратты бірден алуға болады. Қорғаныс саласының мамандары пилоттық жоба Астана, Шымкент қалалары мен Қарағанды облысының Абай қаласында тексеруден сәтті өткенін айтады.
Айта кетейік, Қорғаныс министрлігі цифрлық жүйелер әскери қызметке шақырудың барлық негізгі кезеңдерін жеңілдеткенін мәлімдеді.